Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Facebook «Әділ сөз» қорының ресми парақшасын қалпына келтірді

Жүктеу 30 қазан 2026

Facebook авторлық құқықтың бұзылуы туралы шағымнан кейін бұғатталған қор парақшасын қалпына келтірді.

30 қазанда Facebook «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының үш күн бұрын авторлық құқықтың бұзылуы мүмкін деген шағым негізінде бұғатталған ресми парақшасын қалпына келтірді. Қор платформаның шешіміне қарсылық білдіріп, халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан көмек сұраған болатын.

Еске салайық, 27 қазанда Facebook қордың 6 қазанда жариялаған Құрылтай регламенті туралы материалын өшірді. Онда Ulysmedia.kz редакциясына журналист Әсем Ғұмарованың Құрылтайдағы брифингте күн тәртібінен тыс сұрақтар қойғаны үшін ескерту жасалғаны баяндалған. Материалда қор заңгері Сергей Уткин жағдайға қатысты құқықтық талдау жасаған.

Материалдың өшірілуіне және парақшаның бұғатталуына авторлық құқықтың бұзылуы мүмкін деген шағым негіз болғаны анықталды. Алайда шағымданушы туралы мәлімет оның шынымен бар екеніне қордың күмәнін туғызды.

Авторлық құқық иесінің аты-жөні ретінде «Nihao Kaonima» көрсетілген. Бұл тіркестің алғашқы сөзі «сәлем» дегенді білдірсе, екінші сөзі қытай тіліндегі дөрекі балағат сөзге ұқсас. Шағымданушы авторлық құқыққа қатысы бар екенін растайтын сайт немесе басқа ресурсты көрсетпеген. Қордың мәліметінше, ол пайдаланған электрондық пошта адресі 26 қазанда сағат 09:23 UTC-де, яғни парақша бұғатталардан бір күн бұрын ғана ашылған.

«Әділ сөз» қоры Meta компаниясына шағымданушы туралы мәліметтің шынайылығын және оның авторлық құқық иесі ретіндегі өкілеттігін тексеруді сұрап өтініш жолдады. Сонымен қатар халықаралық Access Now және «Шекарасыз тілшілер» (RSF) ұйымдарынан көмек сұрады.

30 қазанда қордың Facebook-тегі ресми парақшасы қайта қолжетімді болды.

Өз сұрағыңызды қойыңыз