Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Астанада журналистке шабуыл жасаған кәсіпкерге айыппұл салынды

19 қараша 2026

Астанада журналистің қолынан микрофонды жұлып алып, телеоператорды қолына тас алып қуған кәсіпкерге 86 500 теңге айыппұл салынды. Микрофонын қайтарып алуға тырысқан операторда дәл осындай айыппұл арқалады. Бұл туралы «Жетінші арна» хабарлады.

Оқиға 2026 жылғы 12 қарашада «Жетінші арна» тілшілері елордадағы наубайханалардың бірінде санитарлық талаптардың сақталмауы мүмкін екені туралы сюжет дайындау кезінде болған. Бұған дейін әлеуметтік желілерде өндірістік бөлмеден түсірілген кадрлар жарияланып, онда нан өнімдерін әзірлеу кезіндегі санитарлық жағдайға қатысты сұрақтар туындаған.

Түсірілім кезінде кәсіпкер журналистпен жанжалдасқан. Сот анықтағандай, ол телеарна тілшісінің қолынан микрофонын жұлып алып, қолына тас алып операторды қуған. Телеарна сюжетінде оператордың микрофонды қайтарып алуға тырысқаны, ал жанжал барысында әйелдің жерге жығылғаны айтылған. Редакция кәсіпкер көлікпен оператордың тура жанында қауіпті маневр жасағанын хабарлады.

13 қарашада Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәсіпкерге қатысты істі қарады.

Сот оны ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 20 АЕК яғни 86 500 теңге айыппұл салды.

Сот отырысында кәсіпкер кінәсін мойындады. Сот жаза тағайындау кезінде оның бұған дейін жауапқа тартылмағанын, болған жағдайға өкінетінін және отбасылық жағдайын ескерген. Журналист пен оператор оқиғаның мән-жайын растады және кәсіпкерге қатысты наразылықтары жоқ екенін мәлімдеген.

«Жетінші арнаның» хабарлауынша, телеоператор да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Микрофонды қайтарып алуға тырысқан оның әрекеті басқа адамның тыныштығын бұзу деп сараланған. Оғанда 86 500 теңге айыппұл салынды.

Осылайша, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кінәлі деп танылған кәсіпкер мен түсірілім кезінде микрофонын қайтарып алуға тырысқан операторға бірдей мөлшерде әкімшілік айыппұл салынды.

Өз сұрағыңызды қойыңыз