Құрылтай түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады: «Әділ сөз» БАҚ пен блогерлерге тәуекел барын ескертеді

18 қарашада Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері жөніндегі түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобаларында онлайн-платформаларға заңға қайшы контент таратқаны және оны жою туралы нұсқауды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастыру, олардың өкілдіктерін Қазақстанда тіркеу және БАҚ-қа қойылатын жаңа талаптар қарастырылған. «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры бұл өзгерістердің пікір білдіру бостандығына қаупін ескертеді.
Еске салайық, түзетулерде мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын белгілеу және азаматтардың фотосуреттерін пайдалану ережесін нақтылау да қарастырылған. Әзірге бұл нормалар күшіне енген жоқ: заң жобалары тек бірінші оқылымда мақұлданды және одан әрі қарау барысында өзгертілуі мүмкін.
«Әділ сөз» қорының бағалауынша, түзетулерде жекелеген оң өзгерістер болғанымен, заң жобасын әзірлеушілердің жалпы ұстанымы ақпараттық кеңістікке мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.
Қор: «Түзетулерде жекелеген оң және бейтарап нормалар бар. Алайда жалпы сөз бостандығын қорғауға емес, мемлекет тарапынан бақылауды күшейтуге бағытталған» деп атап көрсетеді.
Бес мың жазылушы – міндетті тіркелу
Ең көп дау тудырған ұсыныстардың бірі – жазылушылар саны бес мыңнан асатын онлайн-платформаларды қолданушылар мен модераторлардың мемлекеттік тізілімін құру. Мұндай аккаунттардың иелері аты-жөні мен ЖСН-ін қоса алғанда, жеке деректерін ұсынуға міндетті болады. Қор бұл іс жүзінде ықпалды блогерлер мен жария қауымдастық әкімшілерінің анонимділіктен бас тартуын білдіреді, дейді.
«Әділ сөз» қорының заңгері Сергей Уткин: «Жазылушылар саны 5 мыңнан асатын онлайн-платформалардың қолданушылары мен модераторларын (блогерлерді) міндетті тіркеу енгізіліп отыр. Заң мәтінінен бұл талап тек Қазақстан азаматтарына ғана қатысты ма, әлде шетелдіктерге де қолданыла ма – түсініксіз. Ал Қазақстан азаматы шетелде тұрып, сол жерде шет тілінде 5 мың жазылушысы бар блог жүргізсе, ол тіркелуге міндетті ме? Егер бұл талап шетелдіктерге де қатысты болса, онда жазылушыларының саны 5 мыңнан асатын әлемдегі барлық блогер Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелуі керек болып шықпай ма? Контенттің таралу аумағына қарай оларды ажырату мүмкін емес. Өйткені Қазақстан азаматтары кез келген шетелдік блогерге жазыла алады. Қазір ЖИ көмегімен шет тіліндегі мәтінді автоматты түрде аудару мүмкіндігі бар. Бұл талаптың іріктеп қолданылатыны анық», – дейді.
Қазіргі таңда масс-медиа туралы заңнама бүркеншік атпен материал жариялауға мүмкіндік береді. Тәуелсіз журналистер, белсенділер және қоғамдық-саяси арналардың авторлары үшін анонимділік кейде қауіпсіздіктің қажетті шарты болып саналады.
Сонымен бірге заң жобасында бірқатар маңызды сұрақтарға жауап берілмеген. Мысалы, шетелде тұрып блог жүргізетін Қазақстан азаматтары тіркелуге міндетті ме? Шетелдік жазылушылар есепке алына ма? Материалдары Қазақстан аудиториясына қолжетімді шетелдік авторларға да бұл талап қолданыла ма?
Жиналған дербес деректердің қауіпсіздігі өз алдына алаңдаушылық туғызады
Танымал аккаунт иелерінің аты-жөні мен ЖСН-і жинақталған дерекқор кибершабуыл нысанасына айналуы мүмкін. Мұндай ақпараттың таралып кетуі анонимді авторлардың жеке басының әшкереленуіне, оларға қысым көрсетіліп, қудалануына әкелуі ықтимал.
Киберқауіпсіздік маманы Александр Сыромятников: «Ықпалды авторлардың аты-жөні мен ЖСН-і жинақталған дерекқор қаскөйлер үшін құнды нысана. Егер деректер таралып кетсе, қауіпсіздігі үшін анонимді жұмыс істейтін журналистердің жеке басы әшкереленеді. Бұл доксингке және қудалауға тікелей жол ашады. Заңда кем дегенде мына мәселелер нақты көрсетілуі керек: деректер қандай көлемде жиналады, олар қайда және қалай сақталады (шифрлау), кімдердің қол жеткізуге құқығы бар және бұл қолжетімділік арнайы журналда қалай тіркеледі, деректер таралып кетсе кім жауап береді және авторға қандай мерзімде хабарланады», – дейді.
«Әділ сөз» қоры да заңда қандай деректер жиналатыны, оларға кімдердің қол жеткізе алатыны, деректердің қалай қорғалатыны және таралып кеткен жағдайда кім жауап беретіні нақты көрсетілуі керек, деп есептейді.
Әлеуметтік желілердегі қандай контентті жою керегін кім шешеді?
Түзетулердің тағы бір маңызды бөлігі сот шешімінсіз әлеуметтік желілердегі «заңға қайшы контентті» жоюға қатысты.
Атап айтқанда, заң жобасында деструктивті контент ұғымы жоқ. Ал заңға қайшы контентке не жататыны бұған дейін «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңның 14-бабында айқындалған.
Заңгер Сергей Уткин «Қандай контенттің заңға қайшы екенін министрлік шешетін болады. Ал оны бағалау өлшемі тым субъективті және саяси себептерге негізделуі мүмкін. Ал Қазақстандағы онлайн-платформалар өкілдіктерінен сот шешімінсіз мұндай контентті дереу жоюды талап ету атқарушы билік органдарына өздеріне ұнамайтын аккаунттарды бұғаттауға ықпал ету тетігін береді», – дейді.
Заңгер: «Осыдан 10–12 жыл бұрын БАҚ-тағы мақаланы тоқтату тек сот арқылы мүмкін болатын. Кейін мемлекет «Байланыс туралы» заңға 41-1-бапты енгізу арқылы құқық қорғау органдары мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне заң талаптарын бұзатын интернеттегі кез келген дерлік контентті бұғаттауға мүмкіндік беретін жағдайларды қарастырды. Бұл ретте контенттің «заңсыз» екенін сот емес, атқарушы билік органдарының өзі анықтайтын болды», – деп түсіндіреді.
«Әділ сөз» ұйымы: «Алайда әлеуметтік желілердің дамуына байланысты мемлекет техникалық қиындыққа тап болды: кез келген сайтты санаулы сағат ішінде бұғаттауға болады, ал әлеуметтік желідегі жеке аккаунтты бұғаттау мүмкін емес. Бір ғана жағымсыз аккаунт үшін тұтас әлеуметтік желіні бұғаттау мемлекетке пайдасынан гөрі көп қиындық тудыруы мүмкін. Мұндай жағдай кейінгі жылдар бойы сақталып келді. Сондықтан Қазақстанда тәуелсіз авторлар үшін сөз бостандығының салыстырмалы түрде сақталған кеңістігі дәл осы әлеуметтік желілерде қалыптасты», – дейді.
Сергей Уткин: «Әлеуметтік желілерге мемлекеттік бақылау біртіндеп күшейіп келеді. Алғашында «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңда балаларға қатысты кибербуллинг жағдайларына ғана нұсқауды дереу орындау талабы қарастырылған. Енді заң жобасы онлайн-платформа иелеріне кез келген заңға қайшы контентке қатысты талапты дереу орындау міндетін енгізуді көздейді. Сонымен қатар заң жобасында мұндай нұсқауды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», – деп түсіндіреді.
Осылайша, заң жобасы қабылданған жағдайда әлеуметтік желілердегі тәуелсіз авторлардың мүмкіндіктері едәуір шектелуі мүмкін. Заңгердің ескертуінше, атқарушы билік органдары кез келген контенттің заңға қайшы екенін өз қалауынша анықтап, онлайн-платформа иелерінен оны сот шешімінсіз дереу жоюды талап ете алады.
Бағалаудағы субъективтілікті азайту үшін қор қоғамдық маңызы бар аналитикалық, саяси, сатиралық және басқа да осыған ұқсас контентті тек сот шешімімен жою мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.
«Әділ сөз» қоры негізсіз бұғаттауға жол бермейтін құқықтық және техникалық кепілдіктерді де заңда бекітуді ұсынады. Ең алдымен, шектеулер бүкіл сайтқа немесе платформаға емес, нақты заңға қайшы жазбаға қатысты қолданылуы керек. Пайдаланушыға қолжетімділікті кім, қашан және қандай негізде шектегені көрсетілген түсінікті хабарлама жіберілуі тиіс.
Киберқауіпсіздік маманы Александр Сыромятников: «Бұғаттың ашық тізілімі қажет. Әзірге бұғатталғанын көбіне тәуелсіз техникалық өлшеулер арқылы ғана растауға болады. Материал өшірілген немесе шешімнің күші жойылған бойда қолжетімділік автоматты түрде жедел қалпына келтірілуі керек. Кешіктірілгені үшін біреу жауап беруі тиіс. Ақырында, бір ғана жазба үшін Telegram немесе YouTube сияқты тұтас платформаларды, сондай-ақ VPN сервистері мен шифрлау технологияларын бұғаттауға болмайды. 2019 жылы Қазақстанда пайдаланушылардың интернет-трафигін шифрдан шығаруға мүмкіндік беретін «қауіпсіздік сертификатын» енгізуге әрекет жасалған болатын. Мұндай шараларға тікелей тыйым салынуы керек», – деп есептейді. «Әділ сөз» қоры да бұғаттаудың ашық тізілімін құруды және заңбұзушылық немесе тиісті шешімнің күші жойылғаннан кейін қолжетімділікті жедел қалпына келтіруді ұсынады. Қордың бағалауынша, жекелеген жазбаларға байланысты тұтас платформаларға, VPN сервистеріне және шифрлау технологияларына қолжетімділікті шектейтін шараларға да жол берілмеуі керек.
Интернеттегі балағат сөздер: сатира мен тікелей дәйексөздерге қауіп төнуі мүмкін бе?
Заң жобасында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілікті реттейтін 434-бабына өзгерістер енгізу көзделген. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, әдепсіз сөздер қолдануға қатысты нормалар БАҚ-тағы және онлайн-платформалардағы жазбаларға да қолданылады. Қор заңгерінің пікірінше, бұл норма артық.
Сергей Уткин: «Ашық қолжетімді жазбалар іс жүзінде әлдеқашан қоғамдық орындармен теңестірілді. Сондықтан бұған дейін интернетте балағат сөз қолданғандардың барлығы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. ӘҚБтК-нің 434-бабына толықтыру енгізу ештеңені өзгертпейді. Керісінше, осы бап өзгертілгенге дейін интернетте балағат сөз қолданғаны үшін жауапқа тартылғандардың барлығы заңсыз жазаланған болып шыға ма деген сұрақ туындайды. Өмірде балағат сөздердің немесе тіркестердің бәрі бірдей бұзақылық болып саналмайды. Кей жағдайда оларды қолдану орынды әрі қоғам тарапынан айыпталмайды. Мысалы, белгілі бір шығармаларда, стендап әртістерінің өнер көрсетуі кезінде немесе сұқбат берушінің тұлғасы мен жағдайды ескере отырып өткізілген еркін сұхбаттар»– дейді.
Қор заңгері қолданыстағы нормада жауапкершілік жекелеген сөздерді қолданғаны үшін ғана емес, айналадағыларды құрметтемеуді білдіретін, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер үшін көзделгеніне де назар аударады. «Әділ сөз» қорының бағалауынша, норманың жаңа редакциясы осы мән-жайларды ескермей-ақ жаза қолдануға жол ашуы мүмкін. Бұл журналистика үшін ерекше маңызды. Өйткені тікелей дәйексөздерде, сұхбаттарда, сатиралық материалдарда және нақты оқиғаларды бейнелейтін шығармаларда әдепсіз сөздер кездесуі мүмкін. Редакция әңгімелесушінің сөзін сол күйінде жеткізсе айналадағыларға қатысты өз көзқарасын білдірді дегенді білдірмейді.
Сондықтан «Әділ сөз» қоры жекелеген сөзді ғана емес, жазбаның мәтінін және заңда көзделген құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын бағалау қажет, дейді.
Журналистік зерттеу және шенеуніктің фотосуреттері
Түзетулер ашық қолжетімді жерде жарияланған адамдардың бейнелерін пайдалануды да қамтиды. Адамға өзінің келісімінсіз фотосуреттерін пайдалануға тыйым салу құқығын беру, сондай-ақ жария қызмет пен жеке өмірді ажырату ұсынылады.
Алайда қордың пікірінше, ұсынылып отырған реттеу қоғамдық мүддені жеткілікті дәрежеде ескермейді. Мысалы, егер шенеуніктің мүлкі, шығындары немесе бюджет қаражатын пайдалануы туралы сөз болса, оның жеке өміріне қатысты мәліметтер қоғамдық маңызға ие болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда шектен тыс шектеулер журналистік зерттеу жүргізуді қиындатуы ықтимал.
Фотосуретті пайдалануға тыйым салу тәртібі де түсініксіз. Мұндай тыйым қалай рәсімделуі керек және редакция материал жарияланған сәтте тыйым күшінде ме қалай тексереді?
Редакция аккаунттарына қойылатын қосымша талаптар
Келесі тағы бір ұсыныс БАҚ редакциясын есепке қою кезінде оның онлайн-платформалардағы аккаунттарын міндетті түрде көрсетуді көздейді («Масс-медиа туралы» заңның 22-бап, жаңа 10-тармағы). «Әділ сөз» қоры бұл норманы артық әрі екіұшты түсіндіруге жол береді, деп санайды.
Мысалы, редакция БАҚ ретінде тіркелгеннен кейін TikTok-та аккаунт ашуы мүмкін. Егер жаңа аккаунт тіркеу мәліметтерінде көрсетілмесе, редакция ол жерде материалдарын заңды түрде жариялай ала ма деген сұрақ туындайды. Сондай-ақ редакция материалдарын жеке парақшаларында жариялайтын журналистерге де бұл шектеулердің қатысы бар-жоғы түсініксіз. Заңгер Сергей Уткин: «БАҚ-ты есепке қою кезінде осы БАҚ пайдаланатын онлайн-платформалардағы аккаунттарды міндетті түрде көрсету талабы енгізіледі. Мұндай аккаунттар өзгерген жағдайда БАҚ-ты қайта есепке қою көзделмеген. Онда жоғарыда аталған норманың не қажеті бар? БАҚ иелерін қоса алғанда, кез келген адам журналистік материалдарды өз аккаунттарында жариялай алады ғой (әрине, авторлық құқықты сақтай отырып). Қосымша рұқсаттың не қажеті бар? Аталған норманы БАҚ-ты есепке қою туралы куәлікте көрсетілмеген аккаунттарда БАҚ өз материалдарын тарата алмайды деп түсіндіруге болады. Жарайды, онда материалдарды журналистер жеке аккаунттарында жариялай ма, әлде оған да тыйым салына ма? Қысқасы, бұл норма артық. БАҚ-ты есепке қою туралы куәлікте көрсетілген онлайн-платформадағы аккаунтты БАҚ-қа теңестіріп, сондай-ақ БАҚ материалы онлайн-платформа аккаунттарында (оны кім жариялағанына қарамастан) орналастырылса, оған да БАҚ үшін ғана көзделген бір жылдық талап қою мерзімі қолданылатынын белгілеу әлдеқайда пайдалы болар еді», – дейді.
Қор қосымша тіркеу талаптарының орнына журналистік материалдардың қай платформада жарияланғанына қарамастан, оларға бірдей құқықтық қорғау қамтамасыз етілуін ұсынады. Атап айтқанда, тіркелген БАҚ үшін көзделген бір жылдық талап қою мерзімін олардың әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарына да қолдануды ұсынады.
Қор қандай түзетулерді қолдайды?
Ұсынылып отырған өзгерістердің барлығы бірдей қарсылық тудырмайды. Қор жазбаларға қатысты шағымдарды сотқа дейін реттеудің міндетті тәртібін тек БАҚ-қа ғана емес, онлайн-платформаларға да қолдануды қолдайды. Мұндай норма авторлар мен шағымданушыға сотқа жүгінгенге дейін дауды өзара реттеуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын арнайы белгілеу идеясын да оң бағалайды. Қордың пікірінше, ведомствоның ұстанымы мен журналистің немесе сарапшының пікірін ажырату аудитория үшін пайдалы.
Алайда белгілеу тәртібі түсінікті болуы керек. Атап айтқанда, журналистік материалда ресми жауаптың жекелеген үзінділері дәйексөз ретінде келтірілгенде немесе оған талдау жасалғанда арнайы белгі қою қажет пе, соны нақтылау керек.
«Әділ сөз» түзетулерді әзірлеуге қатысу туралы ұсынысына жауап алмады
Қор қазан айында Құрылтайға заң жобасы бойынша жұмыс тобының құрамына өз өкілін енгізу туралы ұсыныспен хат жолдаған. Алайда өтінішке әлі күнге дейін жауап жоқ.
Ұйымның пікірінше, сөз бостандығына тікелей қатысты заңнаманы әзірлеуге тәуелсіз сарапшылардың, журналистер мен құқық қорғаушылардың қатысуы маңызды. Қордың бағалауынша, заң жобасының жекелеген нормалары Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкестігі тұрғысынан қосымша құқықтық сараптамадан өтуі қажет.
«Әділ сөз» қоры азаматтарды заңға қайшы контенттен қорғау - сын мен журналистік зерттеулерді шектеу құралына айналмауы тиіс, дейді.


