5 қараша
Гүлнәр Бажкенова, журналист (Алматы қ.)
Сот Гүлнәр Бажкенованы бұрынғы министр туралы материалды теріске шығаруға міндеттеді
5 қарашада Алматының Бостандық аудандық соты бұрынғы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Баженковаға қарсы арызын ішінара қанағаттандырды.
Сот талқылауына Баженованың 2025 жылғы 7 қазанда Facebook пен Instagram желілерінде жариялаған материалы себеп болған. Онда талап қоюшының тағы бір бұрынғы шенеунік – Сыртқы істер министрлігінің экс-басшысы Мұрат Нұртілеумен туыстық байланысы бар екені айтылған. Бұған дейін, 2026 жылғы 30 маусымда осы жазбаға байланысты Гүлнәр Баженова ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабы (Жала жабу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 778 500 теңге айыппұл салынған.
Бейсембаев әкімшілік құқық бұзушылық туралы сот қаулысының заңды күшіне енгеніне сүйене отырып, даулы мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді және ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді деп тануды талап еткен. Жауапкерді Facebook, Instagram және Telegram желілеріндегі материалды өшіруге, сол аккаунттарда сот белгілеген теріске шығаруды жариялап, оны кемінде 30 күнтізбелік күн бойы ашық қолжетімділікте ұстауға міндеттеуді сұраған. Бұдан бөлек, 20 млн теңге моральдық зиян, 202 162,50 теңге мемлекеттік баж салығын және заң көмегіне жұмсалған 1 млн теңгені өндіріп беруді сұраған.
Гүлнәр Баженова талапты мойындамады. Оның айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша шығарылған қаулы моральдық зиянның мөлшерін және 20 млн теңге өтемақы сомасының негізділігін анықтамайды, ал талапта көрсетілген салдар дәлелденбеген. Журналист талап арызды қанағаттандырудан бас тартуды немесе өтемақының мөлшерін ақылға қонымды деңгейде белгілеуді, сондай-ақ теріске шығару мәтінін сот анықтаған мән-жайлармен шектеуді сұраған.
Гүлнәр Баженова заң көмегіне жұмсалған шығынның нақты төленгені мен мөлшерінің негізділігі расталмайынша, оны өндіріп алуға қарсылық білдірген.
Сот Бейсембаевтың арызын ішінара қанағаттандырды. Бейсембаев пен Мұрат Нұртілеу арасында туыстық немесе жекжаттық байланыс бар екені, сондай-ақ талап қоюшының қызметте жоғарылауы осындай қатынастарға байланысты болғаны туралы мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді деп танылды.
Сот Баженованы шешім заңды күшіне енген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде әлеуметтік желілердегі қолжетімді материалды өшіруге, даулы мәліметтерді сот бекіткен мәтінмен теріске шығаруға және талап қоюшыға 500 мың теңге моральдық зиян төлеуге міндеттеді. Бейсембаевтың қалған талаптары қанағаттандырылмады.
«Азаттық Азия» адвокат Эльдар Мұсаевтан журналистің сот шешіміне қатысты пікірін сұраған. Адвокаттың айтуынша, Баженова әкімшілік соттың шешіміне негізделген талап арызбен келіспейді. Ол бастапқыда сұралған өтемақы сомасын ескерсек, азаматтық соттың шешімін салыстырмалы түрде әділ деп бағалаған.
12 қараша
Александра Алёхова, журналист (Алматы қ.)
Апелляциялық алқа Александра Алёховаға тағайындалған жазаны жеңілдетіп, журналистік қызметпен айналысуға салынған тыйымды алып тастады
12 қарашада Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы дербес деректерді заңсыз тарату ісі бойынша сотталған журналист Александра Алёховаға қатысты үкімді өзгертті. Сот бас бостандығынан айыру мерзімін үш жылдан екі жылға қысқартып, кәсіби қызметпен айналысуға салынған тыйымды алып тастады. Жазаны орындауды 2031 жылға дейін кейінге қалдыру туралы шешім өзгеріссіз қалды.
Еске салайық, қылмыстық іс «Кенжехан» базары туралы мақалаға байланысты қозғалған. Онда журналист Елена Садвакасованың бұрын сотталғаны туралы жазған.
3 тамызда Алмалы аудандық соты Алёхованы ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, жазаны бес жылға кейінге қалдыра отырып, үш жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Сондай-ақ оған үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салған.
Бұған дейін «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Алёховаға тағайындалған жазаны тым қатал деп мәлімдеген. Қор Садвакасованың сотталғаны туралы мәліметтер бұған дейін танымал Telegram-арнада жарияланғанына қарамастан, оның авторы қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын, ал деректердің бастапқыда сыртқа шығуына жол берген құқық қорғау органының қызметкеріне тәртіптік жаза қолданылғанын айтқан.
Үкімге екі тарап та апелляциялық шағым түсірген. Алматы прокуратурасы жазаны жеңілдетуді сұраса, Алёхованың қорғаушылары оның кінәсіз екенін алға тартқан.
Александра Алёхова үкімге кассациялық тәртіппен шағымданатынын мәлімдеді.
Дереккөз: «Әділ сөз»
13 қараша
Вадим Борейко, журналист (Алматы қ.)
Сот журналист Вадим Борейконы құрылыс компаниясына 43 млн теңге төлеуге міндеттеді
13 қарашада Алматының Бостандық аудандық соты «Etude-Ybyrai» ЖШС құрылыс компаниясының журналист, «Гиперборей» YouTube-арнасының авторы әрі жүргізушісі Вадим Борейкоға қарсы іскерлік беделін қорғау туралы арызын ішінара қанағаттандырды. Сот журналисті компанияға 43 млн теңге залал төлеуге, құрылыс компаниясының ар-намысына нұқсан келтіретін материалдарды өшіруге және таратылған мәліметтерді теріске шығаруға міндеттеді. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, сот талқылауына Борейконың YouTube-арнасы мен Instagram парақшасында 2025 жылғы қарашадан 2026 жылғы наурызға дейін жарияланған Premier тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты дау туралы материалдар себеп болды. Өз ұстанымдарын тұрғындар, бұрынғы депутаттар, мемлекеттік органдар мен құрылыс компаниясының өкілдері білдірген. Құрылыс кезіндегі заңбұзушылықтар туралы мәселені Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев та көтерген. Материалдарда әртүрлі тараптардың өкілдері сөйлегеніне қарамастан, арыз тек журналистің үстінен берілген.
Құрылыс компаниясы материалдар әлеуметтік шиеленіс туғызып, құрылыстың тоқтауына, пәтер сатылымының төмендеуіне және мүліктік шығындарға әкелді деп мәлімдеген. Бастапқыда талап қоюшы материалдарды өшіруді және журналистен 71,75 млн теңге өндіріп беруді сұраған.
Істі қарау 2026 жылғы мамырда басталған. Психологиялық-филологиялық және сот-экономикалық сараптамалар тағайындалуына байланысты сот процесі уақытша тоқтатылған. Сараптаманың қорытындысы алынғаннан кейін істі қарау 20 қазанда қайта жалғасты.
Бұған дейін Вадим Борейконың мүддесін қорғайтын заңгер Фархад Цай сот-экономикалық сараптама талап қоюшының шамамен 43,25 млн теңге шығынын, сондай-ақ күзет қызметіне жұмсалған 300 мың теңгені құжат жүзінде растағанын хабарлаған. Оның айтуынша, шығындардың расталуы олардың автоматты түрде залал болып есептелетінін білдірмейді.
13 қарашада сот отырысынан кейін Цай сот журналистен сараптама қорытындысында екі заңды тұлға арасындағы шарттық айыппұл ретінде көрсетілген соманы өндіріп алды деп есептейтінін мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл сома залал ретінде көрсетілмеген.
Қорғау тарапы сот теріске шығаруға міндеттеген кейбір сөздер психологиялық- филологиялық сараптаманың қорытындысына енбегеніне назар аударды. Цайдың айтуынша, сарапшы ар-намысқа нұқсан келтіретін бес-алтыға жуық сөз тіркесін анықтаған, ал сот теріске шығарылуға тиіс деп бұдан басқа да сөздерді таныған.
Заңгер сот шешімімен танысқаннан кейін қорғау тарапы апелляциялық шағым түсіретінін хабарлады.
13 қарашада «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы (RSF) Вадим Борейкоға қарсы талап бойынша сот шешімін айыптап, оны негізсіз деп атап, күшін жоюды талап етті. Ұйым өндірілген соманың көлеміне – 90 мың еуроға жуық төлемге және құрылыс салушымен болған дау туралы материалдарды өшіру міндетіне назар аударды.
RSF журналистің интернетте қудалауға ұшырап жатқанын мәлімдеді.
Дереккөздер: «Әділ сөз», «Власть»
9–12 қараша
Санжар Боқаев, Ұлан Нүсіпқожа, Мадияр Қалменов (Алматы қ.)
Сотта Санжар Бокаевтың гранит тақталар мен ағаштарды кесу эпизодтары қаралды
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында белсенді Санжар Боқаевқа, видеограф Ұлан Нүсіпқожаға және қоғам белсендісі Мадияр Қалменовке қатысты істі қарау жалғасты.
9 қарашада Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту алаңынан гранит тақталарды ұрлау эпизоды бойынша жәбірленуші деп танылған «Павлодар өзен порты» ЖШС өкілі жауап берді.
Тергеу нұсқасы бойынша, Боқаев видеограф Ұлан Нүсіпқожамен бірге тақталарды ұрлауды ұйымдастырып, кейін оны «әшкерелеу» мақсатында видеоға түсірген. ЖШС өкілі тақталар қайтарылғандықтан, материалдық шығын талап етпейтінін мәлімдеді. Алайда оның пікірінше, видео компанияның беделіне нұқсан келтірген. Ол соттан компанияға қандай да бір экономикалық залал келтірілгенін анықтауды сұрады. «Осыдан кейін бұл залалды қосымша өтеу туралы шағым беріледі», – деді.
Сол күні Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының өкілі де жауап берді. Мемлекеттік орган моральдық зиянды өтеу туралы талап қойған. Оның пікірінше, гранит тақталарды ұрлау туралы видео әкімдіктің имиджіне және басқарманың беделіне нұқсан келтірген.
Боқаев гранит тақталар мен Бауым тоғайына қатысты іс материалдарымен танысуға төрт күн уақыт беруден бас тартқан соң судьяға алтыншы рет қарсылық білдірді. Алайда оның өтініші қанағаттандырылмады.
10 қарашадағы сот отырысында Боқаевтың бұрынғы видеографы Ұлан Нүсіпқожа гранит тақталарды ұрлау эпизоды бойынша кінәсін мойындайтын жауаптар беріп, видеороликтің қалай түсірілгені туралы өз нұсқасын баяндады. Ол гранит тақталарды ұрлауға қатысты айыптаумен келісетінін, бірақ өзін «тапсырыс беруші, ұйымдастырушы және орындаушы» деп санамайтынын мәлімдеді.
10–12 қараша аралығында сот Бауым тоғайындағы ағаштарды кесу туралы видеороликтің түсірілуіне қатысты куәлерді тыңдады. Нүсіпқожаның айтуынша, ролик алдын ала сценарий бойынша түсірілген: кадрлар әр уақытта жазылған, ал ағаштардың кесіліп жатқаны туралы анонимді хабарлама оқиғаның сценарийіне кірген.
12 қарашада мемлекеттік айыптаушы Нұрсұлтан Разаны, Ақылбек Хамрақұловты және Артықбаевты сотқа мәжбүрлеп жеткізу туралы өтінішхат берді. Іс материалдары бойынша, олар ағаштарды кескен. Сот өтінішхатты қанағаттандырды.
Францияда орналасқан «Орталық Азиядағы адам құқықтары» қауымдастығы Санжар Боқаевты қорғау жөнінде петиция жариялады. «Азаттық Азияның» хабарлауынша, бірнеше күн ішінде оған екі мыңнан астам адам қол қойған.
Петиция авторлары Қазақстан билігін белсендіге қатысты соттың әділ өтуін қамтамасыз етуге, қылмыстық қудалауды бейбіт қоғамдық қызметі мен пікір білдіргені үшін жазалау құралы ретінде пайдалануға жол бермеуге шақырды.
Дереккөздер: «Власть» (9 қараша, 10 қараша), Almaty.TV, TopPress.
6 қараша
Лунара Мақсұтова, белсенді (Атырау қ.)
Атырауда белсенді Лунара Мақсұтова полиция басқармасының бұрынғы басшысына қатысты іс туралы жазбасы үшін айыппұл арқалады
22 қазанда Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты Лунара Мақсұтованы жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танып, 129 750 теңге айыппұл салды. Іс ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 5-бөлігі бойынша қаралды.
Оған 1 қазанда Instagram желісінде жариялаған «Семь месяцев под стражей. А где объективные доказательства?» атты жазбасы негіз болды. Жазба Атырау полиция басқармасының бұрынғы бастығы Бақытбек Исаевқа қатысты қылмыстық іс туралы. Белсенді туыстары мен қорғау тарапының ақпаратына сүйене отырып, айыптаудың негізділігіне, іс бойынша дәлелдерге және оған қатысы бар адамдардың біріне қысым жасалуы мүмкін екеніне қатысты сұрақтар көтерген.
6 қазанда учаскелік полиция инспекторы толтырған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, Мақсұтова қылмыстық іске қатысушы болмасада Б.Исаевқа қатысты қылмыстық істің заңсыз тіркелгені, оған негізсіз айып тағылғаны, жеті айдан астам уақыт қамауда отырғаны, істің формалды түрде тергелгені және полиция қызметкерлерінің әрекеті заң талаптарына сәйкес келмейтіні туралы мәліметтер жариялаған. Бұл әрекеттер ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 5-бөлігі бойынша жалған ақпарат пен құқыққа қайшы контентті орналастыру және тарату деп сараланған.
Сот отырысында Мақсұтова кінәсін мойындамады. Ол полиция қызметкерлерінің әрекеті заң талаптарына сәйкес келмейтіні туралы мәліметтер жариялағанын, алайда жалған ақпарат таратпағанын түсіндірді. Өзін инфлюенсер (блогер) деп санамайтынын айтып, соттан мүгедектігі бар баласы бар екенін ескеруді сұрады.
Сот Мақсұтованың уәждеріне күмәнмен қарап, өзін қорғау мақсатында айтылған дәлелдер деп бағалады. Соттың пікірінше, бұл уәждер сот талқылауы барысында расталмаған және зерттелген дәлелдермен теріске шығарылған. Қаулыда сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға, фотосуреттерге, бейнежазбаларға, рапортқа және істің басқа да материалдарына сілтеме жасаған.
Сот Мақсұтованың жалған ақпаратты инфлюенсер (блогер) ретінде жариялағанын да атап өтті.
Мақсұтованың айтуынша, сот талқылауы кезінде оған нақты қандай мәліметтер жалған деп танылғаны және олардың шындыққа сәйкес келмейтінін қандай дәлелдер растайтыны түсіндірілмеген. Ол өз ұстанымын толық баяндап, қорғау уәждерін ұсынуға мүмкіндік берілмегенін айтты.
Қабылданған шешіммен келіспесе де, қандай мәліметтердің жалған деп танылғанын түсінбегеніне қарамастан, Лунара Мақсұтова белгіленген айыппұлды төледі. Оның айтуынша, сот қаулысына шағымдануға уақыты да, мүмкіндігі де болмаған.
2 қарашада сот қаулысы заңды күшіне енді.
Мақсұтова Б. Исаевқа қатысты сот процесін әрі қарай да жариялап, оның барысы туралы қоғамды хабардар ететінін мәлімдеді.
9 қараша
Олеся Вертинская, «Дорожный контроль» (Атырау қ.)
Олеся Вертинскаяның үйқамақ мерзімі 3 желтоқсанға дейін ұзартылды
Блогер әрі белсенді Олеся Вертинская әлі де үйқамақта отыр. Бұлтартпау шарасының мерзімі 2026 жылғы 3 желтоқсанға дейін ұзартылды. Бұл туралы «Әділ сөз» қорының тілшісіне Вертинскаяның ұлы Альберт Вертинский хабарлады.
Оның айтуынша, анасына ұялы телефон мен басқа да электрондық байланыс құралдарын пайдалануға, қаулыда көзделген жағдайларды қоспағанда, тұрғылықты жерінен шығуға тыйым салынған. Бұған балаларын мектепке апару және шұғыл медициналық көмекке жүгіну жатады. Вертинскаяға бөгде адамдармен сөйлесуге тыйым салынған. Тек жақын туыстарымен ғана араласа алады.
Альберт Вертинскийдің хабарлауынша, қойылған шектеу анасына журналистік және қоғамдық қызметпен айналысуға, әлеуметтік желілерде өз атынан үндеу, мәлімдеме мен басқа да материалдар жариялауға мүмкіндік бермейді.
Еске салайық, 2026 жылғы 3 қыркүйекте Вертинскаяны полиция ұстаған болатын. Тергеу соты оған екі ай мерзімге, яғни 2026 жылғы 3 қарашаға дейін үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің 2 және 5-тармақтары («Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Ұлының айтуынша, тергеу қазан айында аяқталған. Бұл туралы отбасына адвокат, прокуратура мен полиция өкілдері хабарлаған. Алайда қылмыстық іс әлі сотқа жіберілмеген. Отбасы сот процесінің басталуын күтіп отыр.
Қылмыстық тергеуге 2026 жылғы 22 сәуірде Атыраудағы құрылыс дүкенінің аумағында болған жанжал себеп болған. Сол күні Вертинская Hyundai Custin автокөлігін жүргізіп келе жатқан кезде күзетшісімен сөзге келген.
Тергеу нұсқасы бойынша, көлік күзетшіге қарай екі рет қозғалған. Соның салдарынан ер адам дене жарақатын алған. Медициналық сараптама келтірілген зиянды денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян деп бағалаған. Кейін бұл қорытындыны қайта жасалған комиссиялық сараптама да растаған.
Вертинская көлікті қасақана соққанын жоққа шығарған. Ол болған оқиғаны арандатушылық деп бағалаған.
10 қараша
Лұқпан Ахмедьяров, «Просто журналистика» (Астана қ.)
Лұқпан Ахмедьяров өзі қорғануға құқығы бар куәгер ретінде қатысатын екі қылмыстық іс туралы хабарлады
Журналист Лұқпан Ахмедьяров «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының тілшісіне өзіне қатысты сотқа дейінгі екі тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Алайда оған іс қай сатыда екені және қандай тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқаны белгісіз.
Ахмедьяровтың айтуынша, алғашқы қылмыстық істі Астана қаласының Полиция департаменті 2025 жылғы сәуірде ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша қозғаған. Іс украиналық «Хочу жить» жобасы Ресей жағында соғысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін жариялағаны туралы материалға байланысты қозғалған.
Журналистің хабарлауынша, екінші тергеу 2026 жылғы шілденің соңы – тамыздың басында басталған. Алайда оның қай бап бойынша қозғалғанын және сотқа дейінгі тергеп-тексеруге не себеп болғанын білмейді.
Ахмедьяровтың өзіне белгілісі екі іс бойынша да ол қорғануға құқығы бар куәгер мәртебесіне ие. Оны да, адвокатын да тергеуге шақырмаған және тергеудің мән-жайымен таныстырмаған.
Журналист полицияның Қазақстаннан шығуға салған тыйымының осы екі қылмыстық істің қайсысы аясында енгізілгенін түсіндірмегенін айтты. Оған берілген жалғыз жауап – шектеудің алынып тасталғаны және енді шекарадан өте алатыны туралы хабарлама.
Бұған дейін Астана прокуратурасы тергеушінің Ахмедьяровқа Қазақстаннан шығуға тыйым салу туралы қаулысын заңсыз деп таныған. Журналист өзі күдікті емес, өзін қорғануға құқығы бар куәгер болғандықтан, оған мұндай шектеу қолданылмауы керек еді, деп мәлімдеген.
Лұқпан Ахмедьяров Астана қаласының Полиция департаментіне қарсы сотқа арыз берді. Журналист Қазақстаннан шығуға заңсыз тыйым салынуына байланысты келтірілген шығынды өндіруді талап етіп отыр. Алдын ала сот отырысы 16 қарашаға белгіленген.
11 қараша
Nege.kz (Астана қ.)
Кәсіпкердің катерде қаза табуы туралы мақалаға байланысты Nege.kz редакциясына сотқа дейінгі наразылық түсті
6 қарашада Nege.kz «Судья, катер және 20 млн теңге: Павлодар облысында қаза тапқан кәсіпкердің анасы әділ тергеу жүргізуді талап етеді» атты мақала жариялады. Онда кәсіпкер Икрам Нұрмашовтың катермен серуендеу кезінде қаза тапқаны туралы айтылған.
Басылым «Жас Алаш» мақаласына сілтеме жасай отырып, марқұмның анасының тергеу қорытындысына күмән келтірген сөздерін және оқиға кезінде катерде болған судья Марат Мұсабаев тарапының ұстанымын келтірген. Нұрмашовтың анасы апат кезінде катерді дәл Мұсабаев басқарғанын айтады. Ал адвокат бұл айыптауларды негізсіз деп санайды.
Мақала жарияланғаннан кейін редакцияға судья Марат Мұсабаевтың мүддесін қорғайтын адвокат Рена Керимовадан наразылық хат түсті.
Наразылық хатта «Мақалада Мұсабаев М.К. адвокатының түсініктемесі келтірілгеніне қарамастан, материалдың мазмұны мен тақырыбында негізінен марқұмның туыстарының шынайылығы анықталмаған айыптауларына басымдық берілген», – делінген.
Адвокаттың пікірінше, мақалада оның сенім білдірушісінің кәсіпкердің өліміне қатысы бар екені және марқұмның анасына 20 млн теңге ұсынғаны туралы расталмаған мәліметтер бар. Наразылық хатта Керимова Нұрмашовтың қазасына қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын, ал Мұсабаевтың өзінен 100 млн теңге бопсалау туралы арызы бойынша жеке тергеу жүргізіліп жатқанын атап көрсеткен.
Керимова наразылық хатты алған сәттен бастап үш күннен кешіктірмей Nege.kz Telegram-арнасында жарияланған материалды, сондай-ақ редакцияға тиесілі басқа ақпараттық ресурстарда орналастырылған оның көшірмелерін (бар болса) алып тастауды талап еткен.
Талап орындалмаған жағдайда адвокат ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы талап арызбен сотқа, сондай-ақ «кінәлі тұлғаларды заңда көзделген жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін» құқық қорғау органдарына жүгінетінін ескерткен.
NEGE редакциясы наразылық хатты заңгермен бірге зерделеп, материалды алып тастауды талап етуге құқықтық негіз бар-жоғын анықтап жатқанын хабарлады.
Дереккөз: NEGE.
13 қараша
Лаура Маликова, эколог (Астана қ.)
Эколог Лаура Маликова екі әкімшілік іс бойынша 20 тәулікке қамауға алынды
3 қарашада Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты Практикалық экологтар қауымдастығының басшысы Лаура Маликоваға ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы 7-бөлігі (бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу) бойынша 10 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Сот Маликова Instagram-дағы жазбаларының бірінде бейбіт митингіге қатысу құқығын түсіндірумен ғана шектелмей, «нақты қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты белгісіз адамдар тобына митингке шығуға үндеу жасағанын» алға тартты. Бұл туралы «Власть» басылымы хабарлады.
Маликова тағылған айыппен келіспеді. Оның түсіндіруінше, жазбада митинг өтетін нақты күн, орын және уақыт көрсетілмеген. 2 қарашада жарияланған видеода ол мемлекеттік әлеуметтік саясаттағы реформалар мен экологиялық проблемалар туралы айтып, Маңғыстау және Атырау тұрғындарын банктердегі депозиттерін алып, митингілерге шығуға шақырған.
Ол видеода «Сіздердің бұған құқықтарыңыз бар, біздің де құқығымыз бар. Бәріміздің бұған құқығымыз бар. Мен де әкімдікке хабарлама беріп, табысы мен мүліктік жағдайына қарай адамдарды осылай әлеуметтік санаттарға бөлуге қарсы шығатынымызды мәлімдеймін», – деген.
10 қарашада апелляциялық сот Маликованың әкімшілік қамау туралы қаулыға қатысты шағымын қанағаттандырмады.
Бұдан бөлек, 12 қарашада оған ұсақ бұзақылық жасады деген іс бойынша бес тәулікке қамау жазасы тағайындалды. Бұған Instagram-да жарияланған, онда «биліктегі дебилдер» деген сөз тіркесін қолданған видеосы себеп болған. Полиция оның «көпшілік алдында айналасындағыларды құрметтемейтінін білдіретін қорлайтын сөздер айтқанын» мәлімдеген.
Адвокат Досқараев қорғауындағы адамның әрекеті ұсақ бұзақылық туралы бапқа жатпайды деп санайды. Бұл бап қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, азаматтарға тиісу және осыған ұқсас әрекеттерді қамтиды.
13 қарашада прокуратураның өтініші бойынша апелляциялық сатыдағы сот осы іс бойынша қамау мерзімін бес тәуліктен 10 тәулікке дейін ұзартты.
Дереккөз: Власть, сот қаулылары
11 қараша
Әсет Матаев, Әмір Қасенов, «ҚазТАГ» ХАА (Алматы қ.)
Жанна Қапарова (Астана қ.)
Валихан Рамазанов (Алматы қ.)
«ҚазТАГ» ісі бойынша сотталғандардың адвокаты апелляциялық соттың қорытындысымен келіспей, кассациялық шағым түсіретінін мәлімдеді
11 қарашада «ҚазТАГ» ақпарат агенттігі Жанна Қапарова мен Әсет Матаевтың мүддесін қорғаған адвокат Айдана Нұркеевамен сұқбат жариялады. Онда ол агенттік қызметкерлері мен ақпарат көзіне қатысты қылмыстық іс бойынша қорғау тарапының ұстанымын баяндады.
31 шілдеде Алматы қаласының Алмалы аудандық соты «ҚазТАГ» ХАА бас директоры Әсет Матаевқа, ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновке және ақпарат көзі Жанна Қапароваға қатысты үкім шығарды.
Әсет Матаев ҚР ҚК-нің 254-бабы (міндетіне адал қарамау) және 293-бабының 2-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны журналистік қызметпен айналысу құқығынан үш жылға айырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Рақымшылықты ескере отырып, негізгі жазаның мерзімі 1 жыл 3 айға қысқартылды.
Әмір Қасенов ҚР ҚК-нің 274-бабы 3-бөлігі (бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотталып, 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі 1 жыл 3 айға қысқартылды. Оған 5 жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Жанна Қапарова ҚР ҚК-нің 274-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Рақымшылыққа байланысты ол негізгі жазадан босатылды, алайда журналистік қызметпен айналысуға салынған бес жылдық тыйым күшінде қалды.
Валихан Рамазанов ҚР ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігі бойынша үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.
Қылмыстық іс «Фридом Финанс» АҚ мен оның акционері Тимур Турловтың қызметі туралы «ҚазТАГ» мақалаларына, сондай-ақ 2025 жылғы 10 сәуірде Жанна Қапарованың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатына байланысты қозғалған.
Сот үкіміне сәйкес, Қапарова «Фридом Финанс» компаниясына наразылықтары бар адамдарды біріктіріп, шығындарын өтетуді көздеген. Компания басшылығымен кездесу өтпегеннен кейін, соттың тұжырымы бойынша, ол БАҚ арқылы көрінеу жалған ақпарат таратуды ұйғарған. Осы мақсатта Қапарова «ҚазТАГ» агенттігіне жүгініп, компанияға наразылықтары бар басқа адамдардың қатысуымен кездесу ұйымдастырған. Агенттіктің бас редакторы Әмір Қасенов олармен әңгімелескеннен кейін сұқбат өткізу туралы шешім қабылдаған.
2025 жылғы 3 сәуір мен 13 маусым аралығында агенттік ресурстарында 12 материал жарияланып, 10 сәуірде Қапарова мен басқа адамдардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өткен. Сот бұл мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді және компанияға аса ірі мөлшерде залал келтірді деп таныған.
Сот Әсет Матаев, Жанна Қапарова және Әмір Қасеновтен «Фридом Финанс» АҚ пайдасына ортақ тәртіппен 165 435 169 теңге материалдық залал мен өкілдің қызметіне жұмсалған 36 272 830 теңге шығынды өндіру туралы шешім шығарды.
20 қазанда апелляциялық сот алқасы Қасеновтің ақпарат көздері ұсынған мәліметтерге адал сенгені туралы қорғау тарапының уәжін қабылдамады. Сот қаулысында мемлекеттік органдарға сауал материалдар жарияланардан бір сағат бұрын ғана жолданғаны көрсетілген. Сот мұны ақпаратты тексерген болып көріну әрекеті деп бағалаған.
Сондай-ақ сот Матаевтың басшылық міндеттерін тиісінше орындамағанын дәлелденді деп есептеді. Қаулыда оның мақалалардан хабардар болғаны, агенттік арнасына жазылғаны және «Фридом Финанстан» сотқа дейінгі наразылық алғаны көрсетілген. Соған қарамастан, ол материалдарды тоқтату немесе ондағы мәліметтерді тексеру үшін шара қолданбаған.
Бұзақылық эпизоды бойынша сот 2026 жылғы 18 наурызда Алматыдағы «Достық Плаза» сауда орталығының маңында Матаев пен Рамазанов мас күйінде екі ер адаммен жанжалдасып, оларға соққы жасағанын анықтаған. Апелляциялық сот алқасы Матаев пен Рамазановтың алдын ала сөз байласқаны туралы тұжырымды артық деп тауып, үкімнің сипаттау бөлігінен алып тастаған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Апелляциялық сот шешіміне қатысты пікір білдірген адвокат Айдана Нұркеева сот алқасы қорғау тарапының негізгі уәждеріне нақты жауап бермегенін мәлімдеді. Адвокаттың пікірінше, сот Қапарованың нақты қандай сөздерін көрінеу жалған деп танығанын көрсетпеген және оның Қасеновпен алдын ала сөз байласқанына жеткілікті дәлел келтірмеген.
Нұркеева Матаевты басшы ретінде міндетін тиісінше орындамағаны үшін соттауды да негізсіз деп санайды. Матаевқа іс жүзінде бас редактордың жұмысына араласпағаны және компаниядан наразылық хат алғаннан кейін материалдарды тоқтатпағаны үшін айып тағылған. Алайда мұндай араласу цензура енгізуді білдірер еді.
Айдана Нұркеева өндірілген 201 млн теңгеден астам сомамен де келіспейді. Оның пікірінше, материалдық залал тәуелсіз сот-экономикалық сараптамамен расталмаған, сондай-ақ материалдар мен компанияның қаржылық шығындары арасындағы себеп-салдарлық байланыс анықталмаған.
Қорғау тарапы үкім мен апелляциялық сот қаулысына қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сотқа шағым түсіруді жоспарлап отыр.
Дереккөз: «ҚазТАГ».