Апелляциялық сот Лұқпан Ахмедьяровты қамауда қалдырды
Кеше кешке Орал облыстық сотының судьясы Гүлнәр Миниус журналист Лұқпан Ахемдяровтың апелляциялық шағымын қарады. Журналист 15 тәулік бойы әкімшілік қамауда болады.
Естеріңізге сала кетейік, 12 сәуірде Оралдағы әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сот Ахмедьяровты рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп тапты. Журналист бұл айыптаумен келіспейтінін және ешқандай митинг ұйымдастырмағанын айтқан. Алдында алаң бос болмағандықтан Ахмедьяровқа бейбіт митинг өткізуге рұқсат берілмеген еді. Ол
Мәншүк Мәметова алаңына сол күні шараның өтіп жатқанына көз жеткізу үшін барған. Алаңда Ахмедьяров ұйымдастырушының рұқсатымен қысқаша сөз сөйлеген.
Апелляциялық сот отырысында Лұқпанның сөз сөйлеуіне рұқсат берген шараны ұйымдастырушы «Ғасыр» қоғамдық ұйымының жетекшісі Болатбек Сахиев пен Ахмедьяровқа бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермеген ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Көшеков те сұралды. Журналистің адвокаты Мереке Ғабдуалиевтің талап етуімен сот Ахмедьяровтың рұқсат етілмеген митингіге қатыспағанын, оны ұйымдастырмағанын растайтын видеожазбаны көрді.
Алайда, судья адвокат пен оның қорғалушысының келтірген уәждерін қаперге алмады. Ал сот тағайындаған жазаны негізді деп тауып, шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.