Астана әкімдігі БАҚ туралы заң жобасына қарсы митинг өткізуден бас тартты
Күні кеше ведомствоаралық комиссия «Масс-медиа туралы» заң жобасын мақұлдап, парламентке жіберді. Онда жұмыс тобының мүшелері қарсы болған тармақтар түсініксіз күйі қалды. Бұл туралы журналистер мен құқық қорғаушылар баспасөз мәслихатында мәлімдеп, Президентке үндеу жолдап, (үндеуге мына жерде қол қоюға болады) митингке шығуға өтініш берген еді.
Астана әкімдігі митинг өткізуден бас тартты.
Әкімдіктің хабарламасында: «Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы хабарламада көрсетілген мерзімде бейбiт жиындарды өткiзетін арнайы орында бұрын түскен өтiнiштер бойынша келiсiм жасады. Осыған байланысты, бұл өтінішті қанағаттандыру мүмкін еместігін хабарлайды», - делінген.
Әкімдік бейбіт жиынды ұйымдастыру мен өткізудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікті еске салып, шешіммен келіспеген жағдайда жоғарғы органға немесе сотқа жүгінуді ұсынды.
Бір қызығы, ешбір әкімдік митингі өткізуге рұқсат етілген жерде қандай шара қашанға жоспарланғаны туралы ақпаратты ашық жарияламайды.