Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Астанада полиция Vlast.kz тілшісін ұстады

1 мамыр 2023

Бүгін Астанада Vlast.kz тілшісі Бейімбет Молдағали митинг өтті деген жерде ұсталды, деп хабарлады басылым редакциясы. Полицияға қызметтік куәлігін көрсеткенімен журналист Сарыарқа АПБ-ағ жеткізілді. Бейімбетке орын алған оқиғаны редакцияға хабарлауға тыйым салып, телефонын тартып алмақ болған. Полиция бөлімінде журналисті суретке түсіріп, саусақ ізін алған. Жарты сағаттан кейін ұсталу себебін түсіндірместен журналисті босатты.

«Әділ сөз» пікірі:

«БАҚ туралы» Заңның 20-бабына сәйкес журналист бейбіт жиналыстарға, сондай-ақ қоғамдық, топтық және жеке мүдделерін білдірудің өзге де нысандарына журналистің жеке куәлігін, айыру белгісін көрсеткен кезде қатысуға, аудиовизуалды жабдықты пайдалана отырып жазып алуға құқылы. Демек, журналист болжамды митинг болған жерде заңды түрде болған.
ӘҚБтК-нің 787-бабына сәйкес, әкімшілік қамауға алу – құқық бұзушылықтың алдын алу немесе іс жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында жеке тұлғаның жеке бас бостандығын қысқа мерзімді шектеу. ӘҚБтК-нің 788-бабына сәйкес әкімшілік қамауға алу туралы хаттама жасалады. Ұстау туралы хаттаманың көшірмесі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ұсталған адамға тапсырылады. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн ұсталған адамның өтiнiшi бойынша оның тұрған жерi туралы оның туыстарына, жұмыс немесе оқу орны бойынша әкiмшiлiкке дереу хабарланады.
Ұсталған адамға оның осы Кодексте көзделген құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi, бұл туралы әкiмшiлiк қамауға алу туралы хаттамаға тиiстi жазба жасалады. Ұсталған адамға оның құқықтары мен міндеттерін түсіндірмеу әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді елеулі түрде бұзу болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. 
ӘҚБтК-нің 795-бабына сәйкес құқық бұзушылық жасау құралы немесе заты болып табылатын заттарды алу екі куәгердің қатысуымен не оның барысы мен нәтижелерін белгілейтін техникалық құралдарды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Заттарды алып қою туралы хаттама жасалады, оның көшірмесі өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адамға беріледі. Осы шараны осы Кодексте көзделмеген мақсаттарда қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады. 
«Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстаудың тәртібі мен шарттары туралы» Заңының 33-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деп күдіктілер мен айыпталушылар ғана қамауға алу және қадағалау орындарында Міндетті саусақ ізі мен суретке түсіруден өтеді.
Демек, журналистің әкімшілік қамауға алынуы, журналистің телефонын тартып алу әрекеті, сондай-ақ оның саусақ іздерін мәжбүрлеп алып, суретке түсіру полицияның заңсыз әрекеті болды.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің бұл әрекеттерінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158-бабының 2-бөлігінде (Қызмет бабын пайдалана отырып, журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар.

 

Тегтер:
Өз сұрағыңызды қойыңыз