Алматыда XVII Орталық Азия InternetCA-2026 интернет-форумы өтті

Алматыда MediaNet халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырған «Орталық Азиядағы интернет саласын дамыту: InternetCA-2026» XVII Орталық Азия интернет-форумы өтті.
Конференцияға «Әділ сөз» қорының президенті Назира Дәрімбет қатысты. Ол ақпаратқа қол жеткізуге қатысты заңбұзушылықтар, пікір білдіргені үшін сотқа тарту және журналистер аккаунттарын бұғаттау жағдайлары көбейгенін айтты.
Форумға Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері, журналистер мен цифрлық құқықтар жөніндегі сарапшылар жиналды. Қатысушылар интернетті реттеу, онлайн-платформаларға қойылатын жаңа талаптар, БАҚ-қа қойылатын шектеулер, цифрлық қысым және жасанды интеллектінің дамуына байланысты қауіптерді талқылады.
Заңбұзушылықтар саны артып келеді
Медианы реттеудегі заңнамалық және әкімшілік үрдістерге арналған панельдік сессияда «Әділ сөз» қорының президенті Назира Дәрімбет журналистердің кәсіби қызметіне қойылып жатқан жаңа шектеулерге назар аударды.
Ол: «Аккредиттеу және ішкі регламенттер арқылы қандай да бір институционалдық сүзгі қалыптастыру үрдісі жүріп жатыр», – деді.
БАҚ құқығын қорғау ұйымының басшысы қосымша шектеулер тек заңдарда ғана емес, заңға тәуелді актілер мен мемлекеттік органдардың ішкі ережелерінде де пайда болғанын атап өтті.
Қор ұсынған статистика 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда заңбұзушылықтар санының артқанын көрсетеді:
- 57 жағдай – ақпаратқа қол жеткізу және оны тарату құқығының бұзылуы. 2024 жылы мұндай 37 жағдай тіркелген. Өсім – 54%-ға жуық.
- 24 сот және сотқа дейінгі іс – пікір білдіруге байланысты. 2024 жылы мұндай 13 іс болған.
- 13 бұғаттау жағдайы – ресурстар мен аккаунттарды бұғаттау, контентке қол жеткізуді шектеу. 2024 жылы мұндай бір жағдай тіркелген. Көрсеткіш 13 есе өскен.
Бұдан бөлек, 2026 жылдың шілдесінен бастап қор журналистердің, БАҚ пен медиа заңгерлерінің аккаунттарына жасалған 40 шабуыл дерегін есепке алған. Ал қыркүйек-қазан айларында тіркелген тағы 25 жағдай ақпарат беруден бас тарту және журналистік сауалдарға жауап беру мерзімін бұзуға қатысты.
Қор басшысы журналистерді аккредиттеу мәселесіне, ресми іс-шараның күн тәртібінен тыс сұрақ қойғаны үшін редакцияларға ескерту жасалуына және кәсіби қызметпен айналысу құқығын шектейтін сот шешімдеріне де тоқталды.
Интернетті кім және қалай реттеуі керек?
Форумның негізгі тақырыптарының бірі - интернет-трафикті басқарудың жаңа ережесі және Құрылтай 18 қарашада бірінші оқылымда мақұлдаған онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері жөніндегі түзетулер болды.
Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және талдау орталығының директоры Михаил Комиссаров телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқарудың жаңа ережесі интернет-ресурстарды бұғаттаудың құқықтық негіздерін өзгертпейтінін түсіндірді. Оның айтуынша, әңгіме ең алдымен қолданыстағы жүйенің техникалық мүмкіндіктерін кеңейту туралы болып отыр.
Комиссаров 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне ұсынылып отырған шектеулерді де қолдап, кәмелетке толмағандарды қорғау жөніндегі халықаралық тәжірибеге сүйенді.
Алайда құқық қорғау ұйымдарының өкілдері мұндай бастамалардың екінші жағына назар аударды.
Access Now ұйымының өкілі Анастасия Жирмонт пайдаланушылардың жасын міндетті түрде тексеру интернеттегі анонимділіктен іс жүзінде бас тартуға әкелуі мүмкін, деді. Жасты растау үшін платформалар жеке басын куәландыратын құжатты, цифрлық сәйкестендіргішті немесе биометриялық деректі талап етуі мүмкін.
Оның бағалауынша, мұндай шаралар жеке деректің таралып кету, өзге адамдардың құжатын пайдалану және VPN арқылы шектеуді айналып өту тәуекелін арттыруы мүмкін. Әсіресе кәмелетке толмағандардың биометриялық деректерін жинау мәселесі алаңдатады. Жазылушылар саны 5 мыңнан асатын блогерлер Қазақстанда тіркеу рәсімінен өтуге міндеттелетіні туралы жаңа түзетулерге байланысты да осындай тәуекелдер туындауы мүмкін.
Сарапшы тыйым салу шараларымен ғана шектелмей, цифрлық сауаттылыққа, жеке деректерді қорғауға және платформалардың өз жауапкершілігіне көбірек көңіл бөлуге шақырды.
Жаңа түзетулер: пайдаланушыларды қорғау ма, әлде БАҚ-қа қосымша шектеу ме?
Журналистердің жұмысына тікелей әсер ететін заңнамалық бастамалар да сұрақ туғызды.
Media Qoldau және Құқықтық медиа орталығының өкілі, медиа заңгер Гүлмира Біржанова масс-медиа туралы заңнамаға ұсынылып отырған өзгерістерді сынға алды.
Ол атап айтқанда, мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын міндетті түрде таңбалау және азаматтардың бейнесін олардың келісімінсіз пайдалануға қатысты жаңа нормаларға қарсы шықты.
Біржанованың пікірінше, қолданыстағы бейнелерді пайдалану ережесі журналистік жұмыстың ерекшелігін ескеріп қойған. Қосымша шектеулер қоғам үшін маңызды материалды жариялауды қиындатуы мүмкін.
Ол сондай-ақ жаңа түзетулер негізінен редакцияларға міндеттер мен шектеулер жүктейтінін, бірақ олардың кәсіби қызметін қорғауға қосымша кепілдіктер қарастырмайтынын атап өтті.
Аккаунттарды бұғаттау: журналистер көмекті неге өздері іздеуге мәжбүр?
Назира Дәрімбет Мәдениет және ақпарат министрлігінің шетелдік онлайн-платформалармен өзара іс-қимылы мәселесін көтерді.
Ол келтірген ведомство деректеріне сәйкес, әлеуметтік платформалар министрлік ескерту жолдаған материалдардың 70%-ына дейін өшіреді. Оның бағалауынша, платформалармен өзара іс-қимылдың қолданыстағы тетіктері «негізінен ақпаратты өшіру үшін пайдаланылады», ал журналистерді негізсіз бұғаттаудан қорғауға жеткілікті дәрежеде қолданылмайды.
Пікірталас барысында Дәрімбет ведомство өкілінен: «министрлік бұғатталған журналистердің аккаунттарын қалпына келтіруді сұрап, платформаларға өтініш жасады ма?» деп сұрады. Министрлік өкілі нақты жауап бермей, платформалармен негізгі өзара іс-қимыл заңсыз контентке шағым жолдауға мүмкіндік беретін арнайы жүйелер арқылы жүзеге асатынын түсіндірді.
Форумның жеке панельдік сессиясы Орталық Азиядағы журналист әйелдер мен белсенділерге қатысты цифрлық қысым мәселесіне арналды.
Dinarion YouTube-арнасының авторы, журналист Динара Егеубаева төрт жылдан бері жалғасып келе жатқан цифрлық шабуылдар туралы айтты.
Оның сөзінше, белгісіз адамдар оның атынан жалған аккаунттар ашып, жалған хабарламалар таратады, әлеуметтік желілердегі парақшаларына жаппай шағым түсіреді. Журналистің беделін түсіру үшін жасанды интеллектіні пайдаланады.
Егеубаева оның атынан адамдарға қоңырау шалған жағдайлар болғанын айтты. Бұл ретте журналистің дауысын ЖИ көмегімен қолдан жасаған. Қоңырау шалушылар ақша жинау туралы айтып немесе ер адамдарға ақылы кездесулер ұсынған.
Журналист YouTube-арнасының ережесін бұзғаны туралы шағымдар арқылы оны өшіруге жасалған әрекеттерге де тап болған. Егеубаеваның айтуынша, шағым түсіргендердің бірі онымен байланысып, арнаны өшіру тапсырмасын алғанын мойындаған. Әр шағым үшін оған 350 доллар төленген.
Журналист бұл мәліметтерді осындай шабуылдарды зерттеп жүрген әріптестеріне берген.
Егеубаева шабуылдардың басым бөлігі сексуалдық сипатта екенін атап өтті. Интернетте оның бет-бейнесі бейнеленген, болжам бойынша ЖИ көмегімен жасалған суреттер таратылады.
Мұндай әрекеттер журналистік ресурстарды бұғаттаумен ғана шектелмей, адамның беделін түсіруге, қорқытуға және аудиторияның сеніміне нұқсан келтіруге бағытталған.
Орталық Азия журналистері қандай мәселелерге тап болып отыр?
Форумға қатысушылар цифрлық қауіп пен сөз бостандығына қойылатын шектеулер бүкіл өңірге тән екеніне тоқталды.
Тәжікстандық гендерлік медиа сарапшы Нисо Расулова өзінің жеке өмірі туралы жалған ақпарат таратқан пікір авторларымен екі жылға созылған сот процесі туралы айтты. Нәтижесінде ол сотта жеңіске жеткен.
Қырғызстанның Kaktus.media басылымының өкілі Дина Маслова авторлық құқықты бұзды деген жаппай шағымнан кейін редакция аккаунттарының бұғатталу тәжірибесімен бөлісті. Басылымның Instagram желісіндегі орыс тіліндегі парақшасы үш апта, ал қырғыз тіліндегі парақшасы екі ай бойы қолжетімсіз болған.
Өзбекстандық медиа заңгер Ильхом Хамидов адамның бейнесін пайдалануды реттейтін заң жобасы бір жылдан астам уақыттан бері Сенаттың қарауында жатыр, деді. Ол сондай-ақ адам құқықтарына қатысты шешімдер қабылдауда тек жасанды интеллектіні пайдалануға қойылған заңнамалық шектеулерге назар аударды.
Бұл мысалдар өңір журналистерінің құқықтық шектеулермен қатар цифрлық шабуылдарға да тап болатынын көрсетеді. Олардың салдары кәсіби қызметке ғана емес, жеке қауіпсіздікке де әсер етеді.
«Әділ сөз» қоры үшін журналистердің кәсіби қызметіне нақты кепілдіктер беру, соның ішінде оларды негізсіз бұғаттаудан, сот арқылы қудалаудан және ақпаратқа қол жеткізу құқығын шектеуден қорғау мәселесі негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.
















