Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

«Уральская неделя» редакциясына полиция келді

29 қазан 2026

Лұқпан Ахмедьяровтың Instagram аккаунты бұғатталды.

Батыс Қазақстан облысында шығатын «Уральская неделя» басылымының редакциясына таңертең полиция қызметкерлері келді. Бұл туралы газеттің бас редакторы Тамара Еслямова хабарлады. Оның айтуынша, редакцияның шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жариялағаны жөнінде полицияға шағым түскен. Кімнің шағымданғаны және әңгіме қай материал туралы екені әзірге белгісіз.

Осыдан сәл бұрын журналист Лұқпан Ахмедьяров Instagram аккаунтының бұғатталғанын және оның жойылу қаупі барын хабарлады. Бұл оның Facebook-тегі парақшасын қалпына келтіргеннен кейін көп ұзамай болды.

Еске салайық, соңғы бір жылда Ахмедьяровтың және оның «Просто журналистика» жобасының әлеуметтік желілердегі аккаунттары мен YouTube арнасы бірнеше рет бұғатталды. Ал журналистің өзіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы — «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Тамыз айының басында Астана әуежайында журналистің Қазақстаннан ұшуына рұқсат берілмеді. Кейін елорда полиция басқармасының Лұқпан Ахмедьяровқа елден шығуға тыйым салғаны белгілі болды. Бұған журналистің Украинадағы «Хочу жить» жобасы жариялаған қазақстанстандық жалдамалылардың тізімін жариялауына байланысты полицияға түскен арыз себеп болған.

Өзін Андрей Котов деп таныстырған адам Қазақстанның Бас прокуроры мен Ішкі істер министріне жүгінген. Оның айтуынша, 2025 жылғы сәуірде украиналық жоба оны Ресей жағында соғысқан қазақстандықтардың тізіміне енгізген. Алайда Котовтың сөзінше, ол Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істеген және әскери қимылдарға қатыспаған. Ол жазба беделіне нұқсан келтіргенін айтып, Ахмедьяровты осы тізімді таратқаны үшін жауапқа тартуды талап еткен. «Азаттықтың» хабарлауынша, Қазақстанның тағы бір тұрғыны — Руслан Мухаметов те осындай талап қойған. Ахмедьяров «Хочу жить» жобасының тізімін Қазақстан билігінің назарын ел азаматтарын соғысқа қатысуға тарту мәселесіне аудару мақсатында ғана жариялағанын түсіндірді.

Кейін Астана прокуратурасы журналист Лұқпан Ахмедьяровқа Қазақстаннан шығуға салынған тыйымды заңсыз деп таныды.

 

Өз сұрағыңызды қойыңыз