Тоқаев 2026 жылғы «Баспасөз бостандығының жыртқыштары» тізіміне енді

«Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық ұйымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты 2026 жылғы 33 тұлға енген «Баспасөз бостандығының жыртқыштары» тізіміне енгізді. RSF материалдында ол БАҚ пен журналистерге қысым көрсету үшін заңнама мен сот тетіктерін пайдаланғаны үшін «Құқық» санаты бойынша тізімге енгені айтылған.
Тізім 2 қарашада Журналистерге қарсы қылмыстар үшін жазасыздықты тоқтатудың халықаралық күнінде жарияланды. RSF бағалауынша, тізімге енген тұлғалар баспасөз бостандығын шектеудің түрлі тәсілдерін қолданады. Олардың қатарында қылмыстық қудалау, физикалық және экономикалық қысым, цифрлық шабуылдар және журналистердің беделін түсіру әрекеттері бар.
«Құқық» санатында Тоқаевпен бірге Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Ресейдің Роскомнадзор мекемесі және RSF БАҚ-қа қарсы құқықтық тетіктерді теріс пайдаланды деген өзге де тұлғалардың есімдері мен ұйымдардың аттары аталған.
Ұйым Тоқаевқа арналған профильде Қазақстанда тәуелсіз журналистерге қатысты қылмыстық істер санының артқанын, әсіресе көрінеу жалған ақпарат тарату айыбы бойынша қудалаудың күшейгенін атап көрсетеді. RSF мысал ретінде «ҚазТАГ» агенттігінің басшылары Әсет Матаев пен Әмір Қасеновке қатысты сот үкімін келтіреді. Сот оларға бес жыл бойы журналистикамен айналысуға тыйым салған.
RSF басқа да проблемалардың қатарында конституциялық референдумды жариялау кезінде журналистер жұмысына қойылған шектеулерді, сайлауды тәуелсіз жариялауға кедергілерді, шетелдік тілшілерді аккредиттеу тәртібіне қойылған шектеуді және журналист әрі блогер Айдос Садықовтың Киевте өлтірілуіне қатысты тергеу нәтижесінің жоқтығын атап көрсетеді.
Ұйымның назар аударуынша, қылмыстық қудалау, әкімшілік қысым және журналистерге төнген қауіп салдарынан өзін-өзі цензуралау қалыптасқан.
Жалпы, RSF тізіміне 33 тұлға мен ұйым енген. Олар: саясат, қауіпсіздік, құқық, экономика және қоғам санаты бойынша жіктелген. Тізімде АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей президенті Владимир Путин, сондай-ақ Alphabet және Meta корпорациялары бар.
«Баспасөз бостандығының жыртқыштары» тізімі – RSF-тің жыл сайынғы Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексін толықтыратын жеке бастамасы. 2026 жылғы индексте Қазақстан 180 елдің ішінде 149-орынға жайғасып, бір жылда сегіз сатыға төмендеген.


