Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Rights Tracker 2026: Қазақстан саяси және азаматтық бостандық бойынша 10-нан 3,3 балл алды

30 қазан 2026

Адам құқықтарын өлшеу жөніндегі халықаралық бастама – Human Rights Measurement Initiative (HRMI) Қазақстан азаматтарының негізгі саяси және азаматтық бостандықтарды қаншалықты пайдалана алатынын бағалады.

Rights Tracker 2026 есебі 2025 жылды қамтыды. Қазақстан «Құқықтар мен мүмкіндіктерді кеңейту» санаты бойынша 10 балдан 3,3 алды. HRMI-дің дәстүрлі бағалау шкаласы бойынша бұл – «өте нашар» көрсеткіш. Мұндай баға үкіметі осы құқықтарды таңдамалы топтағы басқа мемлекеттердің көпшілігіне қарағанда анағұрлым өрескел бұзатын елдерге беріледі.

HRMI бағалауы елдегі жағдайды бақылап жүрген сарапшылар, құқық қорғаушылар, журналистер мен заңгерлер қатысқан сауалнамаға негізделген. HRMI қорытындысы бойынша, Қазақстанда көптеген адам сөз, бейбіт жиын және бірлесу бостандықтарын, демократиялық құқықтарды, дін және наным-сенім бостандығын пайдалана алмайды. Зерттеуге алынған басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанның көрсеткіші орташа деңгейден төмен. Елдегі бейбіт жиындар мен бірлесу бостандығы да «өте нашар» деп бағаланып, 10 балдың 2,9-ын алды.

Пікір білдіру және сөз бостандығы – 10 балдан 3,7-і («нашар») болды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары тәуелсіз журналистерге қысым жасалатынын, интернеттегі пікір білдіру еркіндігі шектелетінін және билікті сынаушылар қудаланатынын хабарлайды. Freedom House ұйымы Freedom in the World 2026 баяндамасында Қазақстандағы ірі бұқаралық ақпарат құралдары мемлекетке немесе билікке жақын кәсіпкерлерге тиесілі, ал сөз және бейбіт жиын бостандықтарын пайдаланғаны үшін жазаға тартылу қаупі бар екенін атап өткен.

«Мемлекетті басқаруға қатысу» санаты бойынша Қазақстанның көрсеткіші сәл жоғары – 10-нан 3,9-балл («нашар»). Саяси бәсекелестік жағдайы, оппозицияға жасалатын кедергілер және мемлекеттік шешімдерге ықпал ету мүмкіндігінің шектеулілігі алаңдаушылық туғызады. Freedom House бағалауынша, Қазақстандағы парламенттік және президенттік сайлау еркін де, әділ де емес. Ел «еркін емес» санатына жатқызылып, 100 балдың 23-ін, ал саяси құқықтар бойынша 40 балдың 5-ін алған.

Дін және наным-сенім бостандығы – 10 балдың 4,3-і («нашар»). Бұл төрт санаттың ішіндегі ең жоғары көрсеткіш болғанымен, ол да мүмкін болатын ең жоғары бағаның жартысынан төмен. АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы (USCIRF) 2026 жылғы жылдық есебінде діни сенім бостандығының жүйелі түрде бұзылуына байланысты тағы да Қазақстанды ерекше бақылауды қажет ететін елдердің арнайы тізіміне енгізуді ұсынды. USCIRF мұндай ұсынысты 2013 жылдан бері жасап келеді.

HRMI деректеріне сәйкес, құқықтарының бұзылу қаупіне көбірек ұшырайтындар журналистер, құқық қорғаушылар, бейбіт наразылық акцияларына қатысушылар, саяси оппозиция өкілдері, кәсіподақ белсенділері және діни азшылықтар.

Есеппен толығырақ сілтеме арқылы танысуға болады.

Өз сұрағыңызды қойыңыз