Тағы да БАҚ туралы заңнаманы реформалау туралы
Медиа ұйымдар мен БАҚ басшылары Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасына, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне үндеу жолдады. Онда:
«БҰҰ Бас Ассамблеясының №59 (I) қарарына сәйкес, барлық басқа да бостандықтардың өлшемі болып табылатын негізгі құқық – сөз бостандығының шегін реттейтін ұлттық заңнаманы реформалау перспективасы туралы дабыл қағамыз.
2017 жылы Ақпарат министрі Дәурен Абаев 2018 жылы «БАҚ туралы» жаңа заң жобасы бойынша жұмыс басталатынын айтқан болатын. 2021 жылдың мамырында Ақпарат министрі Аида Балаева БАҚ өкілдеріне «Бұқаралық коммуникациялар туралы мүлдем жаңа заң жобасы дайындалып жатыр» деп мәлімдеді.
Алайда, сол айда Ақпарат вице-министрі Кемелбек Ойшыбаевтың ресми хатында «бұл жаңа заң бола ма, әлде қолданыстағы заңнамаға жеке түзетулер енгізіле ме» деген мәселені үкімет әлі де шешетінін айтты. 2021 жылдың 8 қарашасында еліміздің азаматтық секторы ұйымдастырған «БАҚ туралы заң қандай болуы керек?» республикалық конференциясы барысында мемлекеттік орган өкілдері тарапынан жаңа заң немесе қолданыстағы заңға өзгертулер мен толықтырулар әзірленуде ме нақтыайтылмады.
1999 жылдан бастап қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының заңы ескірді және ауыстырылуы тиіс деп санаймыз. Қазіргі уақытта оған 167 түзету енгізілді. Басым бөлігі мемлекеттік органдардың есепке алу және бақылау функцияларын күшейтуге және кеңейтуге бағытталған. Онда мемлекеттің сөз бостандығы құқығын қамтамасыз ету жөніндегі нақты міндеттемелері, азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19-бабына және ҚР Конституциясының 39-бабына сәйкес осы құқықты шектеудің нақты шарттары, осы шектеулерді бұзғаны үшін жауапкершілік нормалары, сөз бостандығы құқығын негізсіз шектегені үшін жауапкершілік және цифрлық дәуірде ескерілуі қажет көптеген міндеттемелер жоқ.
Ашық деректерге сүйенсек, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеп жатқан заңнамалық өзгерістердің нақты мақсаты – министрліктің өзінің бақылау-есептік функцияларын кеңейту, интернет кеңістігін қоғамдық пайдалануды шектеу, онлайн-ресурстарға, телехабар тарату және әлеуметтік желілерге құқықтық шектеулер қою. Бұл мақсаттарды конституциялық деп санауға болмайды.
Сонымен қатар, БАҚ-тың 85 пайызы заңды түрде жекеменшік болғанымен, шын мәнінде контенттің негізгі тұтынушысы мемлекет болып табылады. Жалпы жарнама нарығы шамамен 50 миллиард теңгені құраса, бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тапсырыс екі есе көп – шамамен 100 миллиард теңге. Бұл Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік қолдаудың ең жоғары көлемі ғана емес, бұл саланы монополияға қарсы реттеуді енгізудің маңызды себебі болып табылады. Сонымен қатар, біз мемлекеттік тапсырыстың тиімділігі туралы нақты деректерді жиі біле бермейміз, бірақ сауалнама деректеріне қарағанда, халықтың мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы хабардарлығы төмен деңгейде, ал ақпарат көздерінің арасында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер өсіп келеді, бұл мемлекеттік ақпараттық тапсырыс тиімділігінің төмендігін көрсетеді.
Еліміздегі БАҚ өкілдерінің медиа нарығындағы бәсекелестікті теңестіру, оның тиімділігін арттыру және тұтастай алғанда елдегі сөз бостандығы атмосферасын қалыптастыру бойынша өз тұжырымдамалық және нақты ұсыныстары бар, олар болашақ заң жобасында көрініс табуы тиіс. Дегенмен, азаматтық қоғамның сөз бостандығының кепілдіктері мен шектеулері туралы жаңа заң жобасын жария және алқалы түрде әзірлеуге қол жеткізуге деген барлық талпыныстары министрліктің белгісіз болашақта жасаймыз деген көмескі уәдесімен орындалмай келеді. Мұндай ұстаным президенттің тыңдаушы мемлекет құру саясатына қайшы келеді. Оның міндетті құрамдас бөлігі билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог болып табылады.
БАҚ туралы заңнаманы реформалау тұжырымдамаларын әзірлеуден бастап, оның жариялылығы мен алқалылығын қамтамасыз ету мақсатында БАҚ қызметін және жалпы сөз бостандығын реттейтін жаңа заң жобасы бойынша жұмысты ерекше бақылауға алуыңызды сұраймыз».
Үндеуге «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калеева, Qalam аймақтық медиа-платформаның үйлестірушісі Қарлығаш Еженова, «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ директоры Диана Окремова, Vlast.kz сайтының бас директоры Вячеслав Абрамов, «Тілші» қоғамдық қорының директоры Асқар Ақтілеуов, MediaNet халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Жалилов, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев қол қойған.