Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасына ҮНДЕУ

9 қазан 2025

Құрметті Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура өкілдері! 

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры журналист Олег Гусевке қатысты қозғалған қылмыстық іске  алаңдаушылық білдіреді. Бұл қылмыстық іс Қазақстандағы сөз бостандығы мен қоғамдық маңызы бар ақпаратқа қолжетімділікке елеулі қауіп төндіреді. 

Алматы қаласының полициясы мен прокуратурасы Олег Гусевке Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 147-бабының 5-бөлігі  (БАҚ-та жеке немесе отбасылық құпияны құрайтын жеке деректерді заңсыз тарату, нәтижесінде тұлғаның құқығы мен заңды мүддесіне елеулі зиян келтіру) бойынша ауыр қылмыс жасады деген айып тағып отыр. Осы қылмыс бойынша санкция тек 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. 

Журналист сот алдында Жоғарғы Соттың ресми сайтында ашық  жарияланған үкім мен қаулыда көрсетілген, тұлғаның қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы мәліметтерді таратқаны үшін жауап бермек. 

Бұған дейін «Әділ сөз» қоры осы іске қатысты жан-жақты құқықтық талдау жариялап, журналистің әрекеттері қолданыстағы заңнама мен халықаралық стандарттарға, соның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық Пактінің 14-бабына толық сәйкес екенін айтқан болатын. 

Қылмыстық-процестік кодекстің 29-бабының 3-бөлігіне сәйкес, сот үкімі мен іс бойынша шығарылған қаулылар барлық жағдайда ашық түрде жарияланады, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 21-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік істер бойынша іс жүргізу ашық өтеді. Бұл дегеніміз — тұлға туралы мәліметтер (аты-жөні), жасаған құқық бұзушылығы (ҚК немесе ӘҚБтК бабы), сондай-ақ тағайындалған жаза (айыппұл мөлшері, қамау мерзімі немесе бас бостандығынан айыру мерзімі және т.б.) қоғамға ашық түрде жариялануға тиіс дегенді білдіреді. 

Сот актілерінің жариялылығы да Қазақстан Республикасы 2005 жылғы 28 қарашадағы №91 Заңымен ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық Пактінің 14-бабының 1-тармағында бекітілген. 

Сәйкесінше, сот үкімі мен қаулыны жарияланғаннан кейін олар ашық дереккөздерде жарияланады және жеке, отбасылық немесе өзге де құпия болып саналмайды. «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» Заңның 7-бабының 4-тармағына сәйкес, заң негізінде ортақ қолжетімді көздерде жарияланған мұндай деректерді тарату үшін деректер субъектісінің келісімі талап етілмейді. 

Осылайша, тұлғаның қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы жария түрде айтылған ақпарат жеке немесе отбасылық құпия болып табылмайды. 

Қазіргі уақытта Олег Гусевке қатысты қылмыстық іс Алматы қаласының Алатау аудандық сотына беріліп, алғашқы сот отырысы 9 қазанға тағайындалды. Іс сот талқылауы сатысына өткенін ескере отырып, жалғыз заңды әрі әділ шешім – қылмыс құрамының болмауына байланысты істі тоқтату. 

Журналисті ашық дереккөздердегі ақпаратты пайдаланғаны үшін жауапқа тарту әрекеті ұлттық заңнамаға да, құқық үстемдігі қағидаттарына да қайшы келеді. 

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Әділ сөз» қоры Жоғарғы Соттан: 

- Олег Гусевті қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды. 

- Сот шешімдерінің ашықтығына және журналистердің жалпыға қолжетімді ақпаратты тарату құқығына кепілдік беретін стандарттарды қатаң сақтауды қамтамасыз етуді. 

- Ресми ашық көздерден алынған ақпаратты пайдалану қылмыстық жауапкершілікке негіз бола алмайтынын растауды сұраймыз. 

Біз Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасын Олег Гусевке тағылған айыпты қайтарып алуға шақырамыз. 

Аталған іс құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыруда шешуші мәнге ие. Осы іс бойынша әділ әрі заңды шешім қабылдануы – Қазақстанда сөз бостандығы мен ашықтық қағидатын қорғауға бағытталған маңызды қадам болмақ. 

Өз сұрағыңызды қойыңыз