Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Amicus curiae: компания өз ұсынысынан дәйексөз келтіргені үшін БАҚ-ты жауапқа тарта ала ма?

10 қазан 2025

«Sunkar Eavision International» ЖШС «Сыбайлас жемқорлықты тергеу бюросы қоры»  (СЖТБҚ) басылымының басшылығын компанияның өзі мемлекеттік органдарға ұсынған және көпшілікке қолжетімді ақпаратты жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпақшы. Медиа жобаның негізін қалаушыны жалған ақпарат таратты деп айыптайды. Істің қисынсыздығына қарамастан, бұл іс медиа үшін қауіпті болып отыр. 

СЖТБҚ негізін қалаушы Кирилл Павловтың кейсі 

Полицияға «Sunkar Eavision International LLP» ЖШС-нен ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы (Жалған ақпарат тарату) бойынша «Сыбайлас жемқорлықты тергеу бюросы қоры» (СЖТБҚ) бас редакторын, кейін жобаның негізін қалаушыны әкімшілік жауапкершілікке тартуды талап ететін арыз түсті. Арыз жазуға мақала себеп болған, онда аталған ЖШС бастапқыда ауыл шаруашылығы үшін  біреуі 7,1 млн теңге тұратын  80 дрон жеткізуді ұсынғаны, алайда нәтижесінде біреуі 8 млн теңге бағасымен мемлекеттік келісімшарт жасасқаны хабарланады. 

Арызданушы дронның 7,1 млн теңге бағасы туралы мәлімет дұрыс емес деп мәлімдейді. Ал бұл санды журналист мемлекеттік сатып алудың ресми порталында орналастырылған Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының м.а. хатының сканерінен сөзбе-сөз алды. 

Жағдайды құқықтық талдау 

«Масс-медиа туралы» Заңның 68-бабының 1) тармақшасына сәйкес бұқаралық ақпарат құралы, сол сияқты оның бас редакторы, журналист егер, ресми хабарламаларда қамтылған шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін жауап бермейді. 

БАҚ химиялық өңдеулерді жүргізу үшін дрондардың бағасы туралы ақпаратты Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының м.а. С.Қаныбековтың 10.12.2024 жылғы №18-18/1602-вн хатының сканеріне сәйкес жариялады, ол «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу» порталында № 070440005532/240218/00 келісім бөлімінде орналастырылған. 

«Масс-медиа туралы» Заңның 1-бабының 34) тармақшасына сәйкес мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алу порталында орналастырған барлық ақпарат ресми хабарға жатады. 

Тиісінше, Бас редактор да, БАҚ меншік иесі де шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін әкімшілік және басқа да жауапкершілік алмайды, өйткені аталған мәлімет мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми хабарламада қамтылған. 

Егер мемлекеттік сатып алу порталында орналастырылған ақпарат шын мәнінде шындыққа сәйкес келмесе ақпаратты пайдаланған БАҚ пен журналист жауапты емес.  Оны жариялау үшін ресми ақпаратты БАҚ-қа ұсынған мемлекеттік органдар (лауазымды адамдар) жауапты болуы мүмкін. 

 Уәкілетті органдар Бас редактор мен БАҚ-тың іс-әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты осы әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс жүргізуді тоқтатып, сондай-ақ «Sunkar Eavision International LLP» ЖШС-нің журналистің дербес деректерін алуының заңдылығына тексеру жүргізуі тиіс. 

«Әділ сөз» қорының ұсынысы  

«Әділ сөз» қоры ресми ақпарат көздерінен ақпарат тарату кезінде БАҚ-ты қорғау кепілдігін күшейту қажет деп санайды. Жалған ақпаратпен күрес деген атпен сөз бостандығын тұншықтыруға жол бермеу үшін Бас прокуратураның осы жағдайға назар аударуын талап етеді. 

Өз сұрағыңызды қойыңыз