Бүгін журналистерге қарсы қылмыстар үшін жазасыздықпен күрестің халықаралық күні
Бұл күн 2013 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілді. Оның мақсаты - журналистерге қарсы көптеген қылмыстардың жазасыз қалуына қоғамның назарын аудару. ЮНЕСКО мәліметтері бойынша, мұндай 10 жағдайдың 9-ында ешкім жауапкершілікке тартылмаған.
Бақытымызға орай, қазақстандық журналистер өлтірілген де, ұрланған да жоқ. Бірақ елімізде журналистика қауіпсіз мамандық деп мақтана алмаймыз. «Әділ сөз» қоры жыл басынан бері журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтірудің 77, БАҚ қызметкерлерін қамауға алудың 7, журналистерге шабуыл жасаудың 16, аңдудың 2, қорқытудың 30 фактісін тіркеді.
Кінәлілер жауапкершіліктен қашып құтылады, кейде ешбір қисынға сыймайтын жағдайға дейін жетеді. Көкшетауда 716.kz тілшісі Оксана Матасова шабуыл жасаған ер адамға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Полиция журналист өзін таныстырған кезде шабуылдаушы естімеді деп шешті.
Петропавлда журналистер Самат Жақыповқа, Наталья Волковаға және телеоператор Төлеген Имановқа сауда орталығының күзеті жұдырық ала жүгірді. Қолда бар бейнежазбаларға қарамастан, құқық қорғау органдары журналистер кінәлі деп есептеді.
10 маусымда полицияға «Ақ Жайық»газетінің бас редакторы Азамат Майтанов өмірі мен денсаулығына төнген қауіп туралы арыз берді. Ешкім жауапқа тартылған жоқ.
2019 жылдың шілдесінен бастап Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық Халықаралық бюроның кеңсесінде журналистерге шабуыл жасау туралы іс тергелуде. Зардап шеккендер полицияға шабуылдаушылардың суреттері мен видеоларын беріп, тіпті олардың кейбіреулерінің жеке басын анықтағанына қарамастан әлі күнге ештеңе анықталған жоқ.
Қазақстан баспасөз бостандығы индексінде 180-нен 155-ші орынды иеленіп, тіпті Гондурас, Пәкістан және Оңтүстік Судан сияқты елдерден де ұтылып, «қызыл аймаққа»түскені таңқалмайтын жағдай.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің журналистерге қарсы қылмыстар үшін жазасыздықты тоқтатудың халықаралық күніне арналған жолдауында: «Мен мүше мемлекеттер мен халықаралық қауымдастықты бүгін және күн сайын бүкіл әлемдегі журналистермен ынтымақтасуға және журналистер мен БАҚ қызметкерлеріне қарсы қылмыстарды тергеу және қудалау үшін қажетті саяси ерік-жігерді көрсетуге шақырамын.» деп мәлімдеді.
Егер құқық қорғау органдары естімеген болса, онда Қазақстан жақын арада баспасөз бостандығының «қара аймағына» өтіп, Ирак пен Сомалимен бір деңгейге тұруы мүмкін.