Ақпараттың негізгі көзі немесе кім нені түсінбеді?
Павлодар облысының ақпараттық және қоғамдық даму басқармасының (бұрынғы ішкі саясат басқармасы) басшылығы өңірдегі республикалық БАҚ-ның жергілікті тілшілеріне барлық өткір сұрақтармен тиісті ведомстволарға емес өздерімен байланыс орнатуды ұсынды.
Шенеуніктердің бұл бастамасы павлодарлық журналистердің наразылығын тудырды. «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Салауат Игіліков 29 қаңтарда Facebook-тегі парақшасында: «Бірнеше әріптестерге бүгіннен бастап өткір тақырыптар бойынша барлық сұрақтарды қатаң түрде ішкі саясатқа жолдау керек деп айтылды. Келді, осылай аталады. Осындай әрекет тек облыс әкімшілігінің кабинеттерінен ғана шығатынын түсіндік. Тергеу изоляторында отырған бұрынғы әкім Бақауовпен де мұндай жағдай болған жоқ. Павлодарда ешкім ешқашан журналистердің аузын жабуға батылы бармаған. Міне, жаңа леп», деп жазды.
Цензураның бұл түрі ұжымдық журналистік чаттарда және Фейсбукте белсенді талқылануда. Көпшілігі оны аймақтағы басшылықтың жақында өзгеруімен байланыстырады. 16 қаңтарда ҰҚК қызметкерлері облыс әкімі Болат Бақауовты тұтқындап, кейін уақытша ұстау изоляторына қамаған еді. Ол сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп күдіктелген. 21 қаңтарда президенттің жарлығымен Әбіләкір Сқақов облыс әкімі болып тағайындалды.
Ал, ақпараттық және қоғамдық даму басқармасының бастығы Бауыржан Қапенов телефон арқылы берген түсініктемесінде павлодарлық журналистер олардың бастамасын түсінбеген дейді. Шенеуніктің айтуынша, ведомство бұқаралық ақпарат құралдарына короновирустың таралуы туралы ақпарат қажет болған кезде ғана байланыс орнатуды ұсынған.
Журналистер қателесіп ақпарат алу үшін денсаулық сақтау басқармасына хабарласады, ал өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті (оған мемсанэпидқадағалау қызметі жатады) жауап береді. Басқарма журналистерден әлеуметтік, экономикалық немесе саяси мәселелерді олармен келісуді өтінген жоқ, дейді.