Ауыл мұғалімінің екі ісі
Араcына екі күн салып Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында Миялы ауылының тұрғыны Айгүл Мұқсановаға қатысты азаматтық және қылмыстық процестер аяқталды.
Екі жағдайда да сот талқылауына себеп болған айыпталушы, айыптаушы, тіпті судья да бірдей адамдар болды.
Дау-дамайға А. Мұқсанованың Facebook-те мектеп асханасындағы тағам сапасын сынап, азық-түлік жеткізушінің атын атамай жазба (пост) жазуы себеп болды. Оның жазбасы қазанның 19-ы күні фотосуретке түсірілген.
Азық-түлік жеткізуші жеке кәсіпкер Меруерт Нұрмағамбетова жазбадан өзінің ар-намысы мен абыройын және іскерлік беделін кемсітуді көріп, кең таралған мәліметтерді шындыққа сай емес деп тануды, теріске шығаруды, А Мұқсановадан 2768900 теңге моральдық шығын өндіріп алуды талап етті. Айгүл талап қоюшы ұсынған бітімгершілік келісімге қол қоюдан бас тартқан кезде кәсіпкер мұғалімді әлеуметтік желіні пайдалана отырып жала жапты деп айыптады (ҚР ҚК 130-бабының 2-бөлігі, айыппұл салу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы).
Желтоқсанның 25-і күні судья А. Досмағамбетова азаматтық іс бойынша шешім шығарды. Талап арызды ішінара қанағаттандырып А.Мұқсанованы ақпаратты теріске шығарып кешірім сұрау, талапкер Н.Нұрмағамбетованың моральдық шығын өтемақысына 30 мың теңге төлеуге міндеттеді. Соңғысынан 24627 теңге мемлекеттік баж өндірілуі тиіс.
Желтоқсанның 27-сі күні судья А. Досмағамбетова сол жанжал бойынша үкім шығарды: Айгүл Мұқсанова қылмыс құрамының жоқтығынан ақталды.
«Әділ сөз» қорының түсініктемесі:
Азаматтық іс жүргізу кодексінің ережелері бойынша азаматтық істі қарайтын судья қылмыстық істі қарау аяқталғанға дейін оны қарауды тоқтата тұруға тиіс болатын. Сот мұны жасамады, алайда екі істі бір судья қараған болса да, ол қылмыстық істі қараудың басталғанын біле алмады.
Азаматтық кодексте азаматтық-құқықтық жауапкершілік ретінде кешірім көзделмеген. Сот заңды қатаң сақтауға міндетті және азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің жаңа түрлерін ойлап табуға құқылы емес. Азаматтық кодекстің 143-бабында және «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда шындыққа сәйкес келмейтін және біреудің ар-намысына, қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратқаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің екі түрі белгіленген: теріске шығаруды жариялау немесе тегін жауапты жариялау.
Мемлекеттік баж сот шешімімен өндіріліп алынғандықтан, талап-арыз төленген мемлекеттік бажсыз қарауға қабылданды деген қорытынды жасауға болады, бірақ заң кері қарастырылған: талап-арыз мемлекеттік бажды төлеу туралы түбіртекпен бірге қабылдануы тиіс. Заңмен сот талапкерге мемлекеттік баж салығын кейінірек төлеу мүмкіндігін беруге құқылы жағдайлар белгіленген, бірақ мұндай жағдайда сот талапкерге мемлекеттік баж салығын төлеуді кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығаруға міндетті. Жоғарғы Соттың сайтында іс материалдарын қарап, біз мұндай сот ұйғарымын таппадық.