Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

МЕҰ– министрге: заң бұзушылық үшін кім жауап береді?

29 маусым 2018

29 маусымда мемлекеттік емес үш ұйым (МЕҰ) – «Адам құқығы жөніндегі хартия», Адам құқықтары мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро және Сөз бостандығын қорғайтын халықаралық «Әділ сөз» қоры ҚР Ішкі істер министрі Қ. Н. Қасымовқа құқық қорғау органдары қызметкерлері азаматтар мен журналистердің заңды құқықтары бұзылып жатқанына орай ашық хат жолдады. Атап айтқанда, хатта мына жайлар айтылды:

«Соңғы кезде бейбіт жиналған азаматтардың құқықтары өрескел және дөрекі түрде бұзылып жатыр. Мысалы, биылғы жылдың 10 мамыры мен 23 маусымында бейбіт жиналған азаматтарды жаппай ұстап, полиция бөлімдеріне апарып жатты, мұны халықаралық стандарттар мен біздің елдің халықаралық міндеттемелері тұрғысынан түсіндіру тұрмақ, өзіміздің қолданыстағы ұлттық заңнама тұрғысынан да түсіндіру өте қиын.

Біздің алдын ала жиған деректеріміз бойынша, 23 маусымда Алматы қаласы Медеу аудандық ІІБ-ге 70 адамды, Алмалы ІІБ-ге 30 адамды жеткізген. Ал Астанада полиция 29 адамды қамауға алған. Сол күні, сондай-ақ, қамаулар Атырау, Ақтөбе, Орал, Павлодар т.б. қалаларда орын алған. Оның үстіне полиция қызметкерлері іс жүзінде болмаған митингке «қатысуы мүмкін» деп санаған адамдар мен бақылаушыларды, журналистерді, тіпті кездейсоқ кетіп бара жатқан адамдарды әй-шәйге қарамай, шетінен ұстай берген.

Біз, сондай-ақ мына жайды да ерекше атап өткіміз келеді, мысалы, 23 маусымда қамауға алынғандардың бірде біреуі рұқсат берілмеген «шараға» қатыспаған, себебі оларда не плакаттар, не мегафондар болмаған және олар ұрандатпаған, яғни ол адамдар ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке, басқа азаматтардың денсаулығына, құқықтары мен бостандықтарына ешқандай қауіп төндірмеген.

Бейбіт азаматтарды ешқандай негізсіз, ескертусіз және құқықтарын түсіндірместен, дөрекі физикалық күш қолданып ұстай берген (оның аудио және бейне материалдарын кез келген адам интернеттен көре алады). Ұсталғандардың арасында түрлі жастаған адамдар, мүгедектер, жүкті және балаларымен жүрген әйелдер де болған. Қамауға алынған адамдардың көбісі құқыққорғау органдарының мекемесінде 6-7 сағаттан астам уақыт сусыз, тамақсыз, нашар санитарлық жағдайда ұсталған.

Қамауға алынғандардың көбісінің қалта телефондарын қаулы шығармай, хаттама толтырмай-ақ тартып алған. Саусақтардың таңбасын алу, қырынан және турасынан суретке түсіру сияқты полицияның процессуалды іс-әрекеттері – қылмыстық процессуалдық немесе әкімшілік процессуалдық заңнаманың нормаларына негізделмеген, яғни қорғау қорғау органдары қызметкерлері лауазымды міндеттерін асыра пайдаланған, сондықтан адамдар оны өзінің конституциялық құқықтары мен азаматтық бостандықтарын бұзу деп санап отыр.

Бұдан тыс, журналистердің құқықтары өрескел түрде бұзылып жатқаны туралы біз бұрын да бірнеше рет мәлімдегенбіз, себебі «журналисттер куәлiгiн көрсету арқылы дүлей апаттар болған аудандарда, митингiлер мен демонстрацияларда, сондай-ақ қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен наразылықтарды өзге де бiлдiру нысандарына қатысуға құқығы бар» («Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР заңы, 20-бап). Сол күні өзінің тиісті құжаттарын көрсетіп, кәсіби міндетін атқарып жүрген кезінде Алматыда Адам құқықтары мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюроның журналисі Андрей Свиридов, Астанада Азаттық радиосының тілшісі Мәди Бекмағанбет қамауға алынды. Ал Ақтөбеде «Диапазон» газетінің журналисі Бағдат Асылбекты ұстап, полицияның Елек бөлімшесіне жеткізген соң, оны түсініктеме жазуға мәжбүрлеген.

23 маусымда рұқсат берілмеген, бірақ өтуі мүмкін деген митинг туралы ақпарат таратпау үшін Орал қаласының полция қызметкерлері ҚР Қылмыстық-процессуалды кодекстің 209-бабын өрескел түрде бұза отырып, қитұрқы әрекеттерге барған. Атап айтқанда, «Уральская неделя» газетінің журналистері Нана Иксанова, Мария Мельникова, Лұқпан Ахмедияров, Людмила Калашникова алаңға жақындап қалған кезде, полиция қызметкерлері оларға куәгер ретінде тергеуге шақырылатыны туралы қағызды табыс еткен. Азаттық радиосының тілшісі Санат Уралиевке шақыру қағазын табыс ете салысымен, полицейлер оның ұялы телефонын тартып алып, өзін қолынан жетектеп, «Газель» көлігіне күштеп отырғызған.

Тергеу де митинг болады деген уақытқа сәйкестірілген, алайда ҚР Қылмыстық- процессуалды кодекстің ресми Түсініктемесінде «тергеу тек жұмыс уақытында жүргізілуі тиіс және кейінге қалдыруға болмайтын ерекше жағдайда ғана жұмыс уақытынан тыс мезгілде және мейрам күндері жүргізіледі. Ал «кейінге қалдыруға болмайтын ерекше жағдай» деп тез арада тергеу амалдарын жүргізбесе, қылмыстың ізін жоғалтып алу қауіпі туындаған кезді, қылмыс жасаған адамның қашып кетуі және қылмыстан келген зиянның орнын толтыру мүмкін болмай қалған жағдайды ғана айтады (ҚР Жоғарғы сотының 2006 жылы 20 сәуірдегі №4 «Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысының 15-пункті)». 

Ал «Уральская неделяның» журналистері мен Азаттық радиосының меншікті тілшісі Санат Урналиевті 23 маусымда сенбі күні «аяқ астынан пайда болған себепке» байланысты жауап алғандықтан, полицияның бұл әрекетінің жалғыз мақсаты – рұқсат берілмеген және болмаған митинг туралы ақпарат таратуға кедергі келтіру деп бағалаймыз.

Полицияның азаматтар мен журналистерге қолданған әрекеттері заңға қайшы келіп, азаматтардың абыройына да нұқсан келтіреді және олардың құқықтары мен бостандықтарын өрескел түрде бұзады деп мәлімдейміз, сондай-ақ, полицияның әрекеттері адам құқықтарына қатысты Қазақстан Республикасы ратифициялаған және біздің елдің Конституциясы кепілдік беретін халықаралық шарттарды да бұзып отыр, соның ішінде азаматтардың сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстар өткізу, жеке басқа қол сұқпау бостандығын бұзылып отыр. Біздің ойымызша, бұл әрекеттерге барған полиция қызметкерлері тәртіптік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс».

Ашық хатты ішкі істер министріне «Адам құқы жөніндегі хартияның» атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова табыс етті.

 

 

 

Өз сұрағыңызды қойыңыз