Сынасаң – араздықты қозыдырасың, ашулансаң - шизофрениксің
«Менің анамның психикалық денсаулығы дұрыс», - деді Ардақ Әшімнің қызыАйнұр. Оның айтуынша, интернетте жүрген Ардақ Әшімнің денсаулығы туралы тарихтың үзіндісі – қолдан жасалған жалған көшірме, «онда менің шешемнің дербес деректеріне сәйкес келмейтін көптеген мәліметтер бар» деді. Ардақ Әшім бұдан бұрын ешқашан психикалық аурумен медициналық есепте тұрмаған, оның медициналық карточкасында осы кезге дейін психикалық ауытқулар көрсетілмеген екен.
Еске сала кетейік, Ардақ Әшім «Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық қордың баспасөз хатшысы болып қызмет істеген, ол өзініңфейсбук парақшасында еліміздегі және оңтүстік аймақтағы проблемалар туралы пікірін білдіріп жүрген, атап айтсақ, «жер митингтеріне», «көк шарларды» ұстап шыққандарға қарсы қолданған қудалау шараларына, Оңтүстік Қазақстан педагогтерінің проблемаларына қатысты өз ойын білдіріп келген. «Билікке қарсы түрлі мақалалар жариялағаны үшін» (сот қаулысынан үзінді) оның үстінен ҚР ҚК-ның «Әлеуметтік, ұлттық, тектік, нәсілдік, топтық немесе діни араздықты қоздыру» деген 174-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ОҚО ІІД тергеу басқармасының тергеушісі Б. Сыдықов тергеуді логикалық соңына дейін жеткізбей, А. Әшімді психиатриялық клиникаға жатқызуды сұрап, сотқа өтінішхат жазған. А. Әшімді зорлап емдеу үшін қамқоршы ретінде оның туыстарын емес, ОҚО әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерін белгілеген, ол, өз кезегінде, Ардақты зорлап емдеуге келісімін беретін құжатқа қолын қоя салған.
27 наурызда Шымкент қаласы Абай аудынының тергеу судьясы С.Т. Айнабеков – тергеуші Б. Сыдықовтың өтінішхатын қарап, «қауіпсіздік шарасы ретінде» Ардақ Әшімді мамандырылған медициналық мекемеге жатқызу керек» деген қаулы шығарған. Қаулыда судья ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің «Туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауда ұстауына беру» деп аталатын 511-бабына сілтеме жасайды, ал осы баптың 2-ші және 3-ші тармақтарында:
«2.Егер ауырған адам өзі және айналасындағылар үшін қауіп төндірмесе, ол денсаулық сақтау органдарын хабардар ете отырып, туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының келісімі бойынша олардың қарауда ұстауына берiлуi мүмкiн.
3.Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген адамдар ауырған адамды қарауда ұстауды жүзеге асырудан бас тартқан кезде, не осы Кодекстің 513-бабында көзделген жағдайларда, ауырған адамға қатысты медициналық ұйымға орналастыру түрінде қауіпсіздік шарасы қолданылуы мүмкін», - делінген.
Ардақ Әшімнің қызының айтуынша, туыстарының ешқайсысына Ардақты қамқорлыққа алуға ұсыныс жасалған жоқ. 2018 жылы 31 наурызда блогер тергеушіБахытжан Сыздықовтың шақыруы бойынша келеді, одан кейін ОМОН сарбаздары оны «жедел жәрдем» көлігіне отырғызып, күштеп психиатриялық ауруханаға алып келіп, сол жерге қамап қояды. Ардақты қызына, күйеуіне, әкесіне және басқа да жақындары мен туыстары үш күн бойы көрсетпейді.
16 сәуірде Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюрода өткен баспасөз мәслихатында Ардақ Әшімнің қызы Айнұр және құқыққорғаушы Евгений Жовтис Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті қызметкерлері тарапынан бұл істе жіберген көптеген заң бұзушылықтар туралы айтып берді. Қызының сөзінше, шешесіне беріп жатқан дәрілер оның денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Евгений Жовтис бұл жағдайды совет заманында басқаша ойлайтындарға қолданған жазалау психиатриясымен теңестіретінін айтты. Ол осы істің саяси, құқықтық және медициналық аспектілерін ескеріп, қазіргі қалыптасқан жағдайда шетелден тәуелсіз психиатр маманды шақырып, Ардақ Әшімді сотқа дейін босатуды талап ету керек деді.