Медиа-съезд делегаттары Жоғарғы сот төрағасынан Матаевтарды түрмеден босатуды сұрады
«Қазақстанның белгілі журналисі, Қазақстан Журналистер одағының тұрақты төрағасы Сейітқазы Матаев бір жарым жылдан бері қамау мен абақтыда отыр. Бірақ біз бұл қылмыстық іске және тергеудің нәтижесі бойынша шығарылған үкімге баға бермей-ақ, Сізден Сейітқазы Бейсенғазыұлы мен Әсет Матаевтардың жазасын: колонияда өтеуден – бостандығын шектеуге айырбастау мәселесін қарауыңызды сұраймыз», - деп жазылған үндеуде.
Үндеудің авторлары: Сейітқазы Матаевтың Қазақстандағы белгілі журналист, қоғам қайраткері екенін және Қазақстан Республикасы Президентінің бұрынғы баспасөз хатшы болғанын, сондай-ақ ол әріптестерінің арасында және қоғамда үлкен беделге ие екенін атап көрсеткен. «Ол және оның ұлы ешкімге зиян келтірмейді, сондай-ақ олар әккі қылмыскер де емес, олай болса, олар қоғамға да қауіп төндірмейді» - делінген.
Бұдан тыс, үндеудің авторлары «Матаевтың ісі» халықаралық резонанс тудырғанын еске салады, ал мұндай «жаңғырық» Қазақстанның беделіне кері әсер етеді, сондықтан заң мен құқық аясында істелінген кез келген гуманизм актісі – шетелдік БАҚ-тар мен құқық қорғау ұйымдарының біздің мемлекетке беріп жатқан теріс бағасы мен айыптарын жұмсартуға септігін тигізеді.
Үндеуде, сондай-ақ, «сот егер жазаны – бостандықты шектеуге айырбастаса, онда Сейітқазы Матаев білікті медициналық көмек ала алар еді, соның ішінде оған қажет хирургиялық шара да жүзеге асар еді» - деп көрсетілген.
«1 қыркүйекте Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев Парламенттің төртінші сессиясын ашқан кезде өзінің бағдарламалық баяндамасында: құқықтық реформа туралы айтқанда, оның басты құрамдас бөлігі ретінде «қылмыстық жазаны ізгілендіру керектігін» бөліп көрсеткен болатын. «Қылмыстарды декриминализациялайтын заң жобасы дайындалады, әсіресе экономика саласында, егер олар үлкен қоғамдық қауіп тудырмаса» - деп атап көрсетті Елбасы», - делінген үндеуде.
Үндеу авторлары: «Қазақстанның құқықтық кеңістіктігін ізгілендіру» процесін – қоғамда үлкен резонанс тудырған және драмаға айналған «Матаевтың ісінен» бастаса, бұл – Президенттің бастаман жүзеге асыруда алғашқы оң қадам және жақсы нышан болар еді дейді.
«Гуманизм – әділ соттың негізін қалайтын принциптердің бірі болып табылады. Егер Матаевқа қатысты гуманизмді қолдансақ, Қазақстанның сот жүйесі осы принципке негізделіп жұмыс істейтінін және сол принципті сақтайтынын біз қазақстандық қоғам мен бүкіл әлемге дәлелдейтін едік. Көне ақиқат: «Адамгершілік дегеніміз, іс жүзінде қолданатын парасат» деп үйретеді бізді», - деп айтылған Үндеуде.