Сейітқазы Матаевтың бас бостандығынан айыру жазасын – шектеу жазасымен айырбастауды сұраған өтінішін сот қанағаттандырмады
КазТАГ-тың хабарлауынша:
Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаев пен ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаевтың заң бойынша колониядан шығуына болады, алайда соттар оған жол бермеу үшін бәрін істеп жатыр, деп санайды адвокаттар.
«С. Матаевтың бас бостандығынан айыру жазасын – бостандығын шектеу жазасына айырбастауды сұраған өтінішін Қапшағай соты қанағаттандырмай тастады. Алматы облыстық соты да ол шешімді қолдады. Ақпарат және коммуникация министрлігі қарсы болмаса да, Қапшағай соты, содан кейін Алматы облыстық соты оған амнистияны қолдануға қарсы болды. Бұл жерде біреулердің заң нормаларын өзінше бұрмалағаны көрініп-ақ тұр», - деді адвокат Мадина Бакиева.
Оның үстіне С. Матаевтың бас бостандығын айыру жазасын –шектеу жазасына айырбастауға басқа да негіздер жеткілікті болғанын айтты қорғаушысы.
«Қылмыстық кодекс С. Матаевқа жазасын шартты түрде мезімінен бұрын аяқтауға мүмкіндік беріп отыр. Оған қажет мерзімнің бәрін ол өтеп қойды. Және оның денсаулығы да бізді алаңдатып отыр – ол қазір санитарлық аймақта, яғни ауруханада жатыр. Сондай-ақ, түзету мекемесі де оған оң мінездеме беріп отыр. Бірақ, соның бәріне қарамастан, соттар «ол әлі келтірген залалдың орнын толтырған жоқ» деп орасан зор соманы – 500 млн теңгені атап отыр. Алайда қылмыстық заңнама – жазаны айырбастау үшін залалдың орнын толтырудан басқа да жолдарды қарастырған» - деп атап көрсетті М. Бакиева.
Екінші адвокат Андрей Петров, өз кезегінде, соттар залалдың орнын толтыруды талап ете отырып, Матаевтарға соны істеуге мүмкіндік бермей отырғанын айтты.
«Осылайша, тұйық шеңбер пайда болды: соттар залалдың орнын толтыруды талап етіп отыр, ал Сейітқазы мен Әсет Матаевтардың бар мүлкі тұтқынға алынған, тіпті айып тағылған 10 жылдың ішінде және одан бұрын сатып алған мүліктеріне де тыйым салынған. Қазір бәрі сот орындаушыларының қолында.Матаевтардың екеуінің де жұбайы бар. Заң бойынша олардың әйелдері бірге жиған мүліктің жартысын иеленуге құқықты. Соған қарамастан, сот орындаушылары мүлікті бөлейін деп отырған жоқ, сондықтан ол мүлік пайдасыз жүк күйінде тұр. Біз сотқа жазаны өзгертудің басқа да жолдары бар екенін түсіндіруге тырыстық, айта берді, түзету мекемесінің өзі сондай өтініш жасады, бірақ соттарды ондай уәждер қызықтырмайды», - деді ол.
А.Петровтың пікірінше, соттарға сырттан қысым жасалып жатыр.
«Сот жүйесіне де, құқық қорғау органдарына да, біздерге, адвокаттарға және біздің клиенттерімізге де сырттан орасан зор қысым жасалды. Біз өтініш түсірген, талап-арыз жазған судьяларға да қысым көрсетілуде. Соның нәтижесінде біздің және Матаевтардың, олардың әйелдерінің, «Ұлттық баспасөз клубы» ЖШС-ның өтініш-арыздарын қанағаттандырмай келеді. Осының бәрінен әлі күнге дейін судьяларға біреулер қысым жасап отырғаны жақсы сезіледі», - деді адвокат.
М. Бакиева да онымен келісті.
«Кейбір судьялар өздерінің заңды шешім қабылдай алмай отырғанын бізге ашық айтты. Заң бойынша ешкім ештеңе істегісі келмейді. Біреулерге Матаевтардың мүлкін тәркілеп және оларды бас бостандықтарынан айыру аз көрініп, енді олар Матаевтарды түрмеде мейлінше ұзақ ұстауға мүдделі болып отыр», - деді ол қапалана.
Бұдан тыс, М. Бакиева колонияда да С. Матаевқа қысым жасалып қана қоймай, одан БАҚ-тармен жақсы қарым-қатынас орнатуды сұрайтын көрінеді.