Марат Әсіпов сотта жеңіліп қалса да, ақпаратты беруге қол жеткізді
19 шілдеде Павлодар қаласы сотының судьясы Қайырбек Кәрімов Ratel.kz сайтының бас редакторы Марат Әсіповтің Павлодар облысы ауыл шаруашылық басқармасының жетекшісі Ораз Дүзденбаев пен облыс әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Байтеновті сотқа берген талап-арызы бойынша сот шешімінің қарарлық бөлімін оқыды.
Әсіпов – басқараманың лауазымды тұлғалары қоғамдық маңызы бар ақпаратты бермеуін заңсыз деп тауып және олардан: 2012-2016 жылдары ауыл шаруашылық субсидияларын алғандардың тізімін, сондай-ақ потенциалды көмекқаржы алушылардың өтініштерін қарайтын комиссия мүшелерінің тізімін беруді талап еткен болатын (қараңыз: http://www.adilsoz.kz/news/show/id/2375 ).
Сот журналистің талабын қанағаттандырған жоқ. Оның себебі жұма күні, яғни 21 шілдеде белгілі болады, алайда ол себеп іс жүргізуге қатысты болатын шығар.
Дегенмен, журналистің талабы бойынша өтіп жатқан сот процесінің соңғы отырысында қызық бетбұрыс болды. Істің мәнісі мынада: жауапкерлердің өкілдері екі ай бойы төмендегі үш аргументке сүйеніп, Әсіповтің азаматтық талабын қарамауды сұрап келген болатын:
1) әкімдікке ақпарат беру туралы өтініш БАҚ басшысынан түсті, яғни заңды тұлғадан, ал талапты Әсіпов беріп отыр, бірақ ол жеке тұлға. Ал жеке тұлғадан бюджеттік субсидияларға қатысты өтініш түспегендіктен, Әсіповтің де құқықтары мен мүдделері бұзылған жоқ;
2) жауапкерлердің өкілдері: «сіз сұрап отырған ақпарат өте ауқымды және ол көптеген бағыттар бойынша бюджеттік субсидиялар алатын ондаған мың адамға қатысты, кем дегенде», - деп мәлімдеді;
3) әкімдік: субсидиялар алған фермерлер «бұл ақпарат коммерциялық құпия болуы мүмкін, ал оны басқа біреуге беру – бизнеске зиянын тигізуі ықтимал» деп біздің үстімізден арыздар беруі де ғажап емес, деген уәж келтірген болатын.
Міне бүгін, екі жақтың пікірсайысы басталар алдында жауапкерлердің өкілдері: Марат Әсіповтің бюджеттік субсидиялар алған ондаған мың адамға қатысты сұрап отырған ақпараты – қолжетімді ашық дереккөзіне салынып отыр, яғни ауылшаруашылық басқармасының сайтында жарияланды деп мәлімдеме жасады.
Онда шенеуніктердің соншама ай бойы коммерциялық мүдделерге сілтеме жасап, ақпаратты неге бермей келгені және субсидиялар туралы ақпаратты жариялауға шаруалар қарсы болып, олардан сондай мағынадағы хаттар түсті-мыс деп, сол хаттарды неге іс материалдарына қостырып келгені де түсініксіз? Бұдан тыс, олар: «субсидия алушылар туралы электронды нұсқада мәліметтер жоқ болғандықтан, оларды ұзақ уақыт қолмен мұқият өңдеу керек» деп шағымданған болатын. Олай болса, жауапкерлер журналистер мен сотты алдап келген бе?