Жанболат Мамайдың қамауда отыру мерзімін 10 мамырға дейін созды
31 наурызда Алматының Медеу аудандық сотында Ж. Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаеваның шағымдары қаралды. Тергеушінің Жанболатпен жүргізген тергеу әрекеттері адвокаттың қатысуынсыз өткеніне орай және Ж. Мамайдың әкесіне қоғамдық қорғаушы мәртебесін бермеуіне қатысты жазылған шағымдарды қарау жоспарланған. Отырыс сағат 15.00-ге белгіленген.
Отырыс басталардан 1,5 сағат бұрын адвокатқа оның қорғауындағы адамның бұлтарпау шарасы да қаралатынын хабарлаған.
Сот отырысының басында Жанболат Мамай өзінің ешқандай қылмыс жасамағанын және өзіне қарсы ұйымдастырылған қылмыстық істің саяси астары бар деп тағы да мәлімдеді.
«Ешқандай қылмыс болған жоқ, Әбләзовке менің ешқандай қатысым жоқ. Егер қылмыстық іс бар болса, онда алдымен Әбләзов пен Жәрімбетовтің (Жақсылық Жәрімбетовке М. Әбләзовтің сыбайласы деген күдік тағылып отыр) қылмыстық істерін қарау керек. Содан кейін ғана мені сотқа тартуға болады. Ал қазір қызық жағдай қалыптасып тұр: Жәрімбетов бостандықта жүр, мен болсам тұтқында отырмын», - деді Ж. Мамай.
Осы үш мәселе бойынша сот отырысы жабық режим жағдайында өтті. Ж. Мамайды қолдауға келген ондаған адам – Жанболат оларды терезеден көру үшін сот ғимараты терезесінің алдына тізіліп тұрды. Бұдан тыс 30-ға жуық адам: «егер Ж.Мамайды кепілдікке немесе үйқамаққа босататын болса, ол тергуге және басқа да кез келген тергеу амалдарына келіп тұрады» деген мағынада кепілхат жазып берді. Сондай кепілдік бергендердің арасында саясаткер Әміржан Қосанов, «ДАТ» жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи, журналистер Рамазан Есіргепов, Розлана Таукина және т.б. болды. Соған қарамастан, сот олардың кепілхаттарын назарға алмады. Прокурордың сөзінше кепілдік берушілерді ол білмейді екен және олар ол үшін беделді азаматтар болып табылмайды.
Сот отырысы 23.00-ге дейін созылды. Бұлтарпас шара ретінде Ж.Мамайдың қамауда отыру мезімін тағы бір айға – 10 мамырға дейін созды.
«Бұлтарпас шараны тағы бір айға созған басты себебі – Нарымбаев қашып кетіпті, олай болса, Мамай да қашып кетеді» - деп хабарлады адвокат Жанар Балғабаева.
Тергеушінің процессуалдық заң бұзушылықтарға барған әрекеттеріне түсірген шағымды сот қараған жоқ. Ал Ж.Мамайдың әкесіне қоғамдық қорғаушы мәртебесін беру мәселесін судья жеке өзі қараймын деп мәлімдеді.
10 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакциясы мен бас редактор Жанболат Мамайдың үйінде тінтулер жүрген. Сол күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері «БТА» банктің қаржысын қымқырды деген Мұхтар Әбләзовтің ісі шеңберінде Ж.Мамайды ұстаған.
11 ақпанда Алматының Медеу аудандық соты Жанболат Мамайды екі айға қамауға алуға рұқсат берді.
Қамауға алынар алдында Жанболат көпшілікке арналған жария мәлімдеме жасады. Онда ол:
«Мен, Жанболат Мамай, тағылған айыптар бойынша өзімді кінәлі деп санамаймын. Өмірімде бизнеспен, қаржылық шаруалармен айналысқан емеспін. Бұл істі саяси астары бар деп, журналистік қызметіме қысым және "Трибуна" газетін жабу әрекеті деп есептеймін» - деп жазған.
20 ақпанда Алматы қалалық соты Ж. Мамайдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастап, бұлтартпау шарасы ретінде таңдалған «қамауда ұстауды» күшінде қалдырды.
21 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай №18 тергеу изоляторынан өзінің соққыға жығылғанын, бопсаланғанын және өз өмірі үшін қауіптенетінін хабарлады.
Құқық қорғау ұйымдарының осы іске белсенді түрде араласуының арқасында Ж.Мамайды басқа камераға ауыстырды. Оның айтуынша қазіргі кезде камерада бірге жатқандар тарапынан немесе тергеу изоляторы әкімдігі жағынан қысым жасалып жатқан жоқ.