Құқық қорғаушылар прокуратураның «Жанболат Мамайға қысым көрсетілген жоқ» деген ақпаратын жоққа шығарып отыр
26 ақпанда журналист және қоғам қайраткері Жанболат Мамайды қорғау Комитеті «Ж.Мамай ешқандай қысым көрген жоқ, соққыға да жығылған емес және бопсалауға да ұшырағын жоқ» деген Алматы қаласы прокуратурасы мен ҚР ІІМ ҚАЖК (КУИС) таратқан баспасөз хабарламасын теріске шығарды. Прокуратура мен ҚАЖК-нің ақпараты бойынша, тергеу изоляторының (СИЗО) медицина қызметкері Ж.Мамайдың денесінен ешқандай зақым таппаған, ал Жанболаттың өзі ауызша және жазбаша түрде «СИЗО әкімшілігіне және жанымда қамауда отырғандарға ешқандай шағымым жоқ» деп түсініктеме берген, бірақ, соған қарамастан, оны басқа камераға ауыстырған.
Одан бетер, баспасөз хабарламада: Ж.Мамайға қысым көрсетіліп жатыр деген ақпарат таратқаны үшін – ҚР Қылмыстық кодекстің 242-1-бабы бойынша «жалған ақарат таратты» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартуы да мүмкін екенін қатаң ескерткен.
Алайда Ж.Мамайды қорғау Комитетінің мәлімдемесіне сенсек, фактілер жағдайдың керісінше екенін көрсетіп отыр. «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы» ҚР заңының 32-бабын бұза отырып, бұрын сотталмаған Ж.Мамайды бұған дейін бірнеше рет сотталғандар отырған камераға аударған. Бұрын ол қылмыстық жауапкершілікке тартылғанымен, бас бостандығын айыру жазасына кесілмегендіктен, оны сотталғандар отырған камераға көшіруге негіз жоқ.
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюроның (АҚмЗСҚХБ) директоры Евгений Жовтис және журналист Сергей Дуванов – Ж. Мамайдың жұбайы Инга Иманбайдың телефонына 200 мың теңге аударуды талап еткен қоңыраудың түскеніне куәгер болған. Осындай қоңыраулар түсіп жатқанда И.Иманбай АҚмЗСҚХБ-ның офисінде болған.
21 ақпанда Ж.Мамайдан «соққыға жығылдым және бопсалауға ұшырадым» деген арыз түседі. ҚР ІІМ-нің жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова сол күні-ақ Ж.Мамайдың жағдайын сұрап ҚР КУИС төрағасы А.Базылбековке шығады және ол Тұрмағамбетоваға Жанболаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде береді. Алайда келесі күні адвокат Жанар Балгабаева Ж.Мамайды басқа камераға көшіргенін анықтайды. Және сол күні Ж.Мамай «менің жанымда адвокатым жоқ кезде жасаған кез келген мәлімдемемді шындыққа сәйкес келмейді деп санаңдар» деген жазбаша мәлімдеме жасайды.
Сонымен бірге СИЗО-ның медицина қызметкері мен арнайы прокурор Ж.Мамайды қараған кезде оның денесінен анық көрініп тұрған көгерген және ісіген жерлерді табады, бірақ прокуратура мен мекеме әкімшілігі оны белгіленген тәріппен тіркемейді.
Жанболат Мамайды қорғау Комитеті осы фактілердің негізінде Ж.Мамайға қатысты қылмыс орын алған белгілер бар деп есептейді және осы жағдайда Алматы қалалық прокуратурасы Ж.Мамайды азаптау мен қатыгездіктен қорғап, сондай-ақ дербес құқығының сақталуын қамтамасыз етудің орнына, іс жүзінде тергеу изоляторы мен ҚР КУИС басшылығына жағдайды бұрмалап көрсетуге көмектесіп отырғанына өкініш білдіреді.