Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңанамы жетілдіру жөнінде
Ақпарат және коммуникация министрлігі «Қазақстан Республикасының ақпарат және коммуникация мәселелеріне қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасымен әзірлегенде – ол бұрынғыдай емес, бұқаралық ақпарат құралдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеді. Азаматтық сектордың барлық ұсыныстары салыстырмалы кестеге кірді, жұмыс тобында бірнеше рет талқыланды және ашық түрде жарияланды.
Жобаның сөзсіз жетістіктеріне – бір ауыздан қолдаған мына ұсыныстар жатады: шығу деректерінде жіберілген қателіктер үшін БАҚ-тың шығуын тоқтататын санкцияларды алып тастау, міндетті даналарды жіберіп тұру, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жариялағаны үшін жауапкершіліктен босатылатын негіздерді кеңейту және кәмілетке толмағандарды қорғауды күшейту.
Алайда дау тудыратын жаңа өзгерістер де бар, мысалы, журналистің – ақпараттың шындыққа сай келуін тексеретін құқығын – міндетке айналдырды. Сонымен бірге ар-намысты сотта қорғау мерзімі әлі күнге дейін шектелмеген, жаңа жоба бойынша, бұрын шығып кеткен мақаланы теріске шығаруға қатысты өз көзқарасыңды білдіру үшін қажетті құжаттар мен басқа да дәлелдерді жинауға үш күн беріліп отыр, бірақ бұл мүлдем жеткіліксіз. Керек десеңіз, мақала жариялау шарттары қаталданып, барлық мәліметтерді тексеру міндеттеліп отырған кезде, теріске шығару – өзін өзі цензуралауға және баспасөздің өткір де өзекті мәселелерді талқылаудан жалтаруына әкеп соғады.
Сондай-ақ, заңдағы: БАҚ қызметінің этикалық стандарттары мен мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерінің жұмысын бүге-шігесіне дейін регламенттеу де орынсыз сияқты. Заң жобасындағы тағы бірқатар қосымшалар жөнінде пікір таласты жалғастыруға болар еді. Алайда қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы оны жақсарту үшін қанша күш салғаныңызбен, оның бәрі – ауыл шаруашылығында ағаш соқаны пайдаланып, оны жетілдіруге тырысқан әрекетпен бірдей болып шығады.
БАҚ туралы қазіргі заңның кіріспесінде салтанатты түрде жарияланған: «бұқаралық ақпарат құралдары саласында қоғамдық қатынастарды реттейміз, Қазақстан Республикасы Конституциясына сай БАҚ-тардың бостандықтарына мемлекеттік кепілдіктер береміз» деген мақсаттары – қазіргі нормаларда өз көрінісін тауып отырған жоқ деуге болады. Сөз бостандығына берілетін кепілдіктер – мемлекеттік органдардың бөлу, қадағалау және жазалау міндеттерімен айырбасталды. Баспа БАҚ-тарын тіркеу – ескерту сипатынан, рұқсат беруге айналды және беделді халықаралық ұйымдардың бірде бір кеңесіне сай келмейді. Мәселен, шығу деректерін міндетті түрде соңғы бетте жариялау керек деген жаңа талап – қоғамдық қатынастар мен БАҚ бостандығына берілетін кепілдіктерге қандай қандай қатысы бар? Алғашында поссоветтік шенеуніктер өздеріне лайықтап жазған заң – әлі күнге дейін БАҚ-тарды демократиялық мемлекеттің ең маңызды қоғамдық институты ретінде емес, түрлі деңгейдегі билік құрылымдарының баспасөз органдары ретінде қабылданады.
Өркениетті елдердің көбісінде БАҚ-тарды мемлекеттік қолдау – пікірлер алуандығы мен қоғам мүддесі үшін түрлі ақпаратқа жол ашу ретінде білінсе, біздің БАҚ туралы заңда ол қолдау – мақсатына жете бермейтін насихат құралына айналып, отандық журналистиканың шығармашылық өсуіне іс жүзінде кедергі болып отыр.
Демократиялық мемлекеттерде бұқаралық ақпарат құралдарына қоғамның сенімін нығайту үшін – жекеменшікке қатысты мәселеде абсолютті ашықтыққа және сауатты экономикалық бәсекелестікке кепілдік беру керек екені мойындалған. Соңғы мәселеге БАҚ-тарды бір қолға шоғырландыру мен жосықсыз бәсекені шектеу сияқты құқық шаралар ғана кірмейді, шынайы бәсекелестікті дамыту үшін БАҚ нарығын орталықсыздандыру шараларын қолға алу қажет. Алайда қолданыстағы заң ол үшін ешқандай антимонополиялық шектеулер қойып отырған жоқ.
БАҚ туралы қазіргі заңға интернет-ресурстарды қосқысы келген кезекті үмітсіз әрекеті де нәтиже бермеді. Интернет – БАҚ емес, ол ақпарат тарататын айрықша құрал, сондықтан желілік басылымдарды тіркеу үшін оларға баспа БАҚ-тарына қойылатын талаптарды қоюға болмайды, атап айтқанда, желілік басылымның таралу ауқымы шексіз болғандықтан, редакцияға таралу территориясын көрсетуді міндеттеу орынсыз.
Өткен ғасырда кеңестік стандарттар негізінде дүниеге келген заңды ақпараттық-коммуникациялық жүйелердің бүгінгі шындығына сәйкес және оның болашақ дамуын ескере отырып, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстан теңқұқықты мүшесі болып табылатын халықаралық демократиялық қауымдастықтың заманға лайық талаптарын да ескеріп, БАҚ туралы заңды түбегейлі түрде қайта қарау қажет. Ақпарат және коммуникация министрлігі жоспарлаған жұмыстары жуық арада азаматтық қоғаммен тығыз және теңқұқықтық серіктестік жағдайында басталады деп үміттенеміз.