Әлеумет – Бигелді Ғабдуллиннің ісінде заңдылықтың сақталуын қалайды
Көрнекті қоғам қайраткері Мұрат Әуэзов, Сөз бостандығын қорғайтын халықаралық «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева және журналист Кенже Татиля «Central Asia Monitor» газеті редакциясы ұжымының тапсырысымен «Central Asia Monitor» басылымы мен «Radiotochka.kz» интернет-порталының шығарушысы Бигелді Ғабдуллиннің тұтқындалуына орай Ашық хат жазды. Онда былай делінген:
«Қазақстан Журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубтың президенті Сейітқазы Матаев пен ҚазТАГ-тың бас директоры Әсет Матаевты соттай салысымен «Central Asia Monitor» газеті мен «Radiotochka.kz» интернет-порталының жетекшісі Бигелді Ғабдуллинді ауыр қылмыстар істеді деген күдікпен қамауға алуы – журналистік ортада нағыз дүрбелең тудырды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Қайрат Қожамжаров: «Мен сіздерді тергеу ашық жүреді деп сендіргім келеді. Біз тергеу барысында анықталған барлық дәлелдердің куәсі боламыз» деген уәде берді. Бірақ әзірге тұтқындауға қатысты ресми түсініктемелер көптеген сұрақтар тудыруда.
Мәселен, «мемлекеттік органдардың жетекшілеріне қатысты жағымсыз материалдар жариялап, олардың іскерлік беделіне нұқсан келтіру арқылы ақпараттық шабуыл жасады» деген нені білдіреді? Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының «Жеке және заңды тұлғалардың ар-намыс пен іскерлік беделін қорғау заңнамасын сот тәжірибесінде қолдану туралы» нормативтік қаулысында оны былай түсіндірген: «Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер азаматтың немесе ұйымның ар-намысы мен қадір-қасиетін қоғамдық пікірдің я болмаса жекелеген азаматтардың алдында кемсітетін болса, міне, солар жаманатқа қалдыратын мәліметтер болып саналады». Алайда «Central Asia Monitor» мен «Radiotochka.kz-де» жарияланған бірде бір сыни материал сотпен дәйексіз деп танылған жоқ. Олай болса, жемқорлыққа қарсы күрес мекемесінің позициясын: кез келген сыни мақала – ақпараттық шабуыл болып табылады деп түсіну керек пе?
«Одан кейін Ғабдуллин сыни мақалаларды тоқтату үшін лауазымды тұлғалардан өзінің медиа-ресурстарына мемлекеттік тапсырыс беруді бопсалаған. Олар, өз кезегінде, Ғабдуллиннің компанияларына лобби болып, онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасаған. Тек содан кейін ғана оның БАҚ-тарында лауазымды тұлғалардың қызметі туралы кілең жағымды материалдар жарияланып жүрген», - деп хабарлайды жұртшылыққа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы.
Біздер, әлеумет - «Central Asia Monitor» және «Radiotochka.kz» материалдарының тек жағымды немесе сыни жағы басым болғанын кімдер талдағанын білгіміз келеді? Жалпы, бюроның тұжырымын дәлелдейтін қандайда бір талдау бар ма, әлде ондай дәлелдер кейін «табыла ма»? Мүмкін олар қазір – тергеу мен тінту барысында «табылып» жатқан шығар? Адвокаттар қазірдің өзінде тергеу мен тінту барысында Бигелді Ғабдуллиннің көптеген құқықтары бұзылғанын анықтап отыр және оның бәрі күдіктінің денсаулығына теріс әсерін тигізуде. Бұл өте көңілсіз жай, өйткені осы басылымдардың әрбір тұрақты оқырманы аталмыш БАҚ-тарда сынның үнемі көп болатынын біледі, бірақ бұл сын «бопсалау» емес, мемлекет мүддесі үшін қажет, соның ішінде жемқорлықпен күрес үшін керек.
Жемқорлықпен күрес қызметі қылмыстық істі қалай ашып отыр? Бопсалауға қатысты қылмыстық істер – ішкі істер органдарының құзырында емес пе?! Бұдан қандай қорытынды жасауға болады?
Неге жағымды материалдар топтамасын «бопсалаудың» нәтижесі деп қарау керек? Мұны білу өте маңызды. Қожамжаров мырза «Жамбыл облысы әкімдігі өкілдерінің» арызына сілтеме жасаған соң, осы шенеуніктердің өздері БАҚ арқылы жағдайды түсіндірер немесе баспасөз мәслихатын өткізіп, сол жерде танымал басылымдардың бас редакторы оларға қысым жасаған соң, олар «Ғабдуллиннің компанияларына лобби болып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасағанын» дәлелді түрде айтып берер деп үміттенеміз. Тағы бір маңызды мәселе, біздің мәлімет бойынша «Radiotochka.kz» порталы Жамбыл облысынан мемлекеттік тапсырыс алған жоқ және тендерлерге қатыспаған. Бұдан да маңыздысы: Б.Ғабдуллин шенеуніктердің арызы бойынша тұтқындап отыр, бірақ олар өздерінің ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келді деп санаса, алдымен ҚР заңдарына сәйкес, сотқа шағымдануы тиіс еді. Әйтпесе, мемлекетіміздің негізін қалайтын институттардың бірі саналатын сот – қоғамдық-саяси тәжірибеден шығарылып тасталған, ал күш құрылымдары заңды қол шоқпар ретінде пайдалануда. Шенеуніктер – мемлекет негіздерінің бірі болып саналатын сот билігіне іс жүзінде қаншалықты қауіп төндіретін қадамға барғанын түсінеді деп үміттенеміз.
Бигелді Ғабдуллин – күрделі және жарқын кәсіби өмірбаяны бар журналист, ол тәуелсіз Қазақстанның тарихына кірген газеттердің құрушысы және редакторы, сондай-ақ ол мемлекеттік жоғары марапаттарға да ие. Өмір – күрделі дүние, осыған орай мынаны еске сала кеткіміз келеді, Бигелді Ғабдуллин эмиграциядан оралған соң, ол өзінің бар қызметін Қазақстан президенті Н.Ә. Назарбаевтың саясатын қолдауға арнады. Оның тағы бір шағын ерекшелігін де айта кетейік: осыдан бір ай бұрын ол Қазақстанның тұңғыш президентінің сан қырлы тұлға екеніне арнап «Восемь граней Нурсултана Назарбаева» атты кітап шығарды.
Ғабдуллинге тағылған айыптарды тергеу барысында – Матаевтардың ісі сияқты қайғылы оқиға қайталамайды деп үміттенеміз, себебі Матаевтардың ісінде мемлекеттік тапсырыстарды бақылайтын шенеуніктер «жігерлі өкініш білдірудің» арқасында жауапкершіліктен құтылып, бар кінәні журналистерге артты. Олай болмаған жағдайда, Қазақстанның әділ журналистикасына крест қоюға болады».
Бұл хат мүмкіндігінше кең таралады, ал оның мазмұнымен келісетін әрбір адам қолдау білдіру үшін өз қолын қоя алады.