Гузяль Байдалинова босатылды, бірақ ақталған жоқ
12 шілдеде Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы «Қазкоммерцбанк» туралы көрінеу жалған ақапарат таратты деген іс бойынша шығарған үкімді өзгертті.
Еске сала кетейік, 23 мамырда осы іс бойынша NAKANUNE.kz интернет-порталыныңжурналисі Гузяль Байдалинова бір жарым жылға, ал кәсіпкер Таир Қалдыбаев (ол «Қазкоммерцбанк» туралы мақалаларға тапсырыс беруші деп аталды) 4,5 жылға бас бостандығынан айырылып, жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шыққан болатын. Апелляциялық тыңдаулар белгіленген 5 шілде күні Таир Қалдыбаев түрмеде дарға асылған күйде табылған.
12 шілдеде өткен сот отырысында прокурордың өтініші бойынша сот Таир Қалдыбаевтың өліміне байланысты (ол банк туралы мақалаларға тапсырыс беруші деп аталған) оған қатысты қылмыстық өндірісті тоқтатты. 2015 жылдың желтоқсанында қамауға алынған «Накануне.kz» сайтының редакторы мен меншік иесі Гузяль Байдалиноваға сот – бас бостандығынан айыру жазасын – сол 1,5 жыл мерзімге шартты жазамен айырбастады (жазаның өтелген уақытын ескере отырып).
Еске сала кетейік, 2015 жылы «Қазкоммерцбанк» Алматы қаласының ІІД-ден ҚР ҚК-ның 274-бабы 3-тармағы бойынша (көрінеу жалған ақапарат тарату) қылмыстық іс қозғауды сұрап арызбен шыққан болатын. Іс материалдары бойынша,29.04.2014 жылдан бастап, 05.12.2014 жылға дейінRespublika-kaz.info порталы мен НАКАНУНЕ.kz мерзімді электронды басылымында «Қазкоммерцбанк» туралы 55 мақала жарияланып, көрінеу жалған ақапарат таратылған. Гузяль Байдалинованың айтуынша, өз сайтында «Қазком» туралы ары кетсе, екі-үш мақала ғана шыққан, оның өзінде ол мақалалар банк туралы емес, мемлекет қаражатын сол банк арқылы қаржыландырған құрылыс жобалары жайында болатын.
Апелляциялық сот «жартылай жабық» режимде өтті. Соттың кең мәжіліс залына процеске қатысушылардан тыс, тек сотталғандардың туыстарын ғана кіргізді. Бейнетүсірілім жасауға «Қазкоммерцбанктің» өкілдері қарсы болды. Соның нәтижесінде, барлық журналистерді – олардың негізделген қарсылықтарына қарамастан, судьяның жұмыс үстелі мен залдың бір бөлігін ғана көрсететін шығын мониторы бар тар бөлмеге кіргізді.