Матаевтар ісі бойынша алдын ала тыңдауда прокуратура мен судья заңдарды құрметтемейтінін немесе білмейтінін көрсетіп алды
Бүгін Астананың №2Есіл аудандық сотында Сейітқазы мен Әсет Матаевтар ісіне қатысты алдын ала өткен тыңдау барысын талдай келе, Сейітқазы Матаевты қолдау комитеті мемлекеттік айыптаушы Ержан Құрақбаевтың келтірген дәлелдері негізінде судья Ақболат Құрмантаевтың қорғаушы жақтың бірнеше өтінішін қанағаттандырмау туралы шығарған қаулысын – заңға негізделмеген деп есептейді.
«Қазіргі уақытта Матаев – залалдың орнын толтырған жоқ, тергеуге де көмектескен жоқ» - деді прокурор Е. Құрақбаев, 63 жастағы Қазақстан Журналистер одағының төрағасына қолданған бұлтартпау шарасын үйқамақтан кепілге өзгертуге болмайтынын түсіндіре келе. Алайда заңға сәйкес, айыпкер тергеуге көмектесуге міндетті емес. С. Матаевқа айып ретінде тағылып отырған залалдың орнын толтырмаған себебі, ол залалдың көлемімен келіспейді, ал оған оның толық құқы бар. Басқа сөзбен айтқанда, прокурордың айтқанын қарапайым тілмен жеткізетін болсақ, прокурор Матаевты кінәсін мойындамағаны үшін ғана қамауда ұстауды талап етті. Еске сала кетейік, заңға сәйкес, кінәні мойындамау – айыпталушыға кінә ретінде тағылмауы керек.
Бұл іс Астанада қаралуы тиіс деген шешім де – ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексіне (ҚПК) толық қайшы келеді. «Қылмыстық іс материалдарынан, сотталушылар Матаев С.Б. және Матаев Ә.С., айыптау жағының нұсқасы бойынша, ҚР ИДМ-нің (МИР) Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне, сондай-ақ "Қазақтелеком" АҚ-ға бөлінген қаржыны
алдау мен сенімді теріс пайдалану арқылы және бюджетке төленуі тиіс өте үлкен көлемдегі салықтан жалтару арқылы қылмыстық құқықбұзушылыққа барған және ақшалай қаражатты қымқырған болып шығады. Аталмыш заңды тұлғалар Астана қаласының Есіл ауданы аумағында орналасқандықтан, заңсыз коммерциялық іс-әрекет, ақпараттық материалдарды дайындау қызметі, баспасөз мәслихаттарын өткізу – осы жерде жүзеге асқан. Сондықтан аталған қылмыстардың орын алған жері – Астана қаласының Есіл ауданы болып табылады» - деп судья қаулыны оқып шықты.
Алайда ҚР ҚПК-ның (УПК) 314-бабы істің соттылығына басқа анықтама береді. Осы баптың 2-тармағы: «Егер қылмыстық құқық бұзушылық бiр соттың қызметі жерiнде басталып, басқа соттың қызметі жерiнде аяқталса, iс тергеп-тексеру аяқталған жердегi соттың соттылығына жатады» дейді.
Ал 314-баптың 3-тармағы бұрмалау болмау үшін оны былай түсіндіреді: «Айыптау актісі шығарылған жер – тергеп-тексеру аяқталған жер болып табылады».
Ал тергеу және айыптау актісі Алматыда шығарылғаны бәріне белгілі. Айтпақшы, «ақпараттық материалдарды дайындау қызметі» судья айтқандай Астанада емес, ҚазТАГ пен Ұлттық баспасөз клубтың бас офистері мен басшылары отыратын Алматыда жүргізілген, ал баспасөз мәслихаттарының Қазақтелеком мен Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің қаржысына еш қатысы жоқ (айтпақшы, баспасөз мәслихаттары да Алматыда өткен).
Бізді алаңдататыны: заңдарды еркін талқылау – сотталушылардың емес, айыптау жағының пайдасына жүргізіліп отырғаны.