Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Ұлттық баспасөз-клубы мен халықаралық ҚазТАГ ақпарат агенттігі төңірегіндегі жағдайға қатысты МӘЛІМДЕМЕ

23 ақпан 2016

2016 жылы 12 қаңтарда кештің соңына таман Ұлттық баспасөз-клубы мен ҚазТАГ агенттігі басшылығына Алматы қаласы мемлекеттік кіріс департаментінің аудит басқармасынан қоңырау соқты. Салық жинаушылар Ұлттық баспасөз-клубы мен ҚазТАГ-та кешенді тексерісті қатар бастайтынын хабарлады. «Тексерісті кімнің арыз-шағымы бойынша бастайсыздар?» деген сұраққа, «Бұл – Алматы қаласының жемқорлыққа қарсы қызметінің бастамасы» деп жауап берді.

2016 жылы 13 қаңтарда Ұлттық баспасөз-клубы – Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан (МСҚББ) сотқа шақырту талабын алады, онда: отандық және шетелдік журналистер Фурманов көшесі 122-үйде орналасқан баспасөз-клубы мен ақпарат агенттігі ретінде білетін ғимарат сейсмоқауіпті, сондықтан оның 3-4-ші қабаттары бұзуға жатады делінген. Бұл жерде мына жайды атап өту керек: «Сақтар»ПКСК төрайымы Ж.М.Тұтқышбаеваның 2016 жылы 12 қаңтарда Ұлттық баспасөз-клубы ғимаратының үстіне қосымша қабат салудың заңдылығын тексеруді сұраған өтініші – бізді сотқа шақыруға негіз болған екен.

Ұлттық баспасөз-клубының ғимараты 2005 жылы реконструкциядан өтіп, 2006 жылы оны МСҚББ (ГАСК) және басқа да мемлекеттік органдар «Мүлікті заңдастырудың» бірінші науқанында комиссиялық қабылдаудан өткізген. 2007 жылы Алматы әкімдігінің реконструкцияланған ғимаратты қабылдау туралы қаулысы шықты. Ғимараттың 2016 жылғы, яғни қазіргі жағдайы өте жақсы. Алайда МСҚББ жеделдік пен Заңға құрмет көрсетпеудің керемет үлгісін көрсете білді. Белгілі болғандай, МСҚББ мұрағаттан 2007 жылғы қалалық заңдастыру комиссиясының құпия құжатын тауып алыпты, бірақ заң бойынша, оның шешімі қайта қарауға жатпайды және Қазақстан президентінің жарлығына қарамастан МСҚББ сотқа талап-арыз түсіріп отыр.

2016 жылы 14 қаңтарда Алматы қаласының жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсынысын қалалық прокуратура қолдап, Медеу аудандық соты Ұлттық баспасөз-клубы мен ҚазТАГ-тың қаржы құжаттарын алу туралы қаулы шығарады. Сол күні бізге қызмет көрсететін банктен клубтың есеп-кассалық құжаттарын алу туралы сот қаулысы да шығып үлгереді. Алматы қаласының жемқорлыққа қарсы қызметі бізді: «2011-2015 жылдары мемлекеттің ақпараттық саясатын түсіндіру аясында бюджеттік қаржыны ұрладыңдар» деп айыптай бастады.

Біз заңды бұзбағанымызды және бюджет қаржысын қымқырған жоқпыз деп ашық мәлімдейміз. Ұлттық баспасөз-клубы мемлекеттік саясатты БАҚ арқылы түсіндіру тендерлеріне қатысқан жоқ және ҚР Қаржы министрлігінің Қазнашылық комитеті арқылы біздің есеп-шотымызға бюджет қаржысы түскен емес. Рас, ҚазТАГ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетімен шартқа отырған және қанша қаржы алып, оны қандай мақсатқа пайдаланғаны жөнінде толық есебін берген.18 қаңтарда біз Алматы қаласының жемқорлыққа қарсы қызметіне барлық құжаттарды бердік (шарттар, шот-фактуралар, атқарылған жұмыстардың актілері).

2016 жылдың 20 қаңтарынан қаржы полициясы қызметкерлері бізді күндіз-түні сыртымыздан аңди бастады, тіпті балабақшаға барып-қайтқан кезімізде де артымыздан еріп жүрді. Сыртымыздан аңдып жүрген оперативтік қызметкерлерді біз бейнекамераға түсіріп алып, олардың аты-жөндерін және автокөліктері мен мемлекеттік нөмірлерін де анықтадық. Сонымен бірге қаржы полициясы қызметкерлері біздің телефондарымызды тыңдайтынын және компьютеріміздегі жеке жазбаларымызды да ашып оқығанын білдік. Мысалы, біздің Өскеменнен және Қостанайдан келген поштамызды бұзғанын анықтадық. Бұл туралы Google-дың сервистік қауіпсіздік қызметі бізге хабарлады.

2016 жылы 10 ақпанда Алматы қаласының жемқорлыққа қарсы қызметі «Ұлттық баспасөз-клубы мен «Қазақтелеком» АҚ 2011 – 2013 жылдары мемлекет қаржысын қымқырды» деген жаңа қылмыстық іс ашты. Оның үстіне Алматы қаласының жемқорлыққа қарсы қызметі бірнеше рет: кінәні толық өз мойнымызға алуға және залалдың орнын толтыруға бізді «жұмсақ түрде» көндірмек болды, сондай-ақ қоқан-лоқы көрсете отырып, сонда ғана қылмыстық жауапкершіліктен құтылатынымызды ескертті. Бірақ біз ешқашан мемлекет қаржысын ұрлаған жоқпыз, ешкімге пара берген емеспіз және ел арасында «откат» деп жүрген нәрсені ұсынған жоқпыз деп мәлімдейміз.

Осындай іс-әрекеттердің кесірінен қазір Қазақстан журналистер Одағының, Ұлттық баспасөз-клубы менҚазТАГ-тың жұмыстары тоқтап тұр. Аталмыш қоғамдық бірлестіктердің және халықаралық ақпарат агенттіктің іскерлік беделіне елеулі нұқсан келтірілді.

Біздің дереккөздеріміздің айтуынша, қаржы полициясының бұл операциясы 2015 жылдың қазан айында басталған. Біздің қарсыластарымыз жоғары мемлекеттік шенеуніктерге «Қазақстан журналистер Одағы, Ұлттық баспасөз-клубы менҚазТАГ ақпарат агенттігі деструктивті қызметпен айналысуда-мыс» деген жалған ақпарат беріп үлгерген. Жемқорлыққа қарсы қызметтің мұндай құқыққа қайшы әрекеттерін біз мемлекеттік органның үкіметтік емес бірлестіктер мен БАҚ-қа қысым көрсетуге тырысуы, кәсіби журналистік қызметпен айналысуға кедергі келтіруі және сөз бостандығы мен ақпаратты еркін алуға, таратуға шектеу қоюы деп бағалаймыз.


Сейітқазы Матаев,

ТМД және Балтық жағалауы елдерінің журналистер одақтары Конфедерациясының вице-президенті, Қазақстан журналистер Одағы басқарма төрағасы, «Ұлттық баспасөз-клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті.


ӘсетМатаев,

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры


22 ақпан 2016 ж.

 

Өз сұрағыңызды қойыңыз