Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Сөз бостандығын асыра шектеуге жол беруге болмайды

7 желтоқсан 2015

МӘЛІМДЕМЕ


Дүниежүзілік Адам құқы күні қарсаңында Қазақстан Журналистер одағы және сөз бостандығын қорғайтын Халықаралық «Әділ сөз» қоры адамның өз пікірі мен көзқарасын білдіруде шамадан тыс және жөнсіз шектеулер қойылып жатқан деректерге өз алаңдаушылығын білдіреді.

Қазақстанда 6 жылдан кейін, биыл қайтадан сөз бостандығының тұтқыны пайда болды. Ол – Сарыағаш «Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелды Батырбеков. Өзінің үлкен отбасында жалғыз асыраушы болғандықтан ол Бас прокуратураның назарын аударғысы келіп, екі сот отырысының объективті өткеніне газет арқылы күмән келтірген еді, бірақ сол үшін оны жала жабу бабы бойынша айыптап, бір жарым жылға бас бостандығынан айырды.

Риддер қаласында сепаратистік әрекетке барды деген айыппен 25 жастағы сайт әкімшісі Игорь Сычевты 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты; сот оны: ауыр қылмыс істеді, бірақ бірден өз қатесін түзетті деп бағалады.

Екібастұзда таксопарк әкімшісі Светлана Шепельді алдын ала жалған ақпарат таратты деп айыптады. Ол – жол-көлік оқиғасының куәгерлерін тауып, солардың айтқандарының негізінде сол апатта қаза тапқан таксистің қайғылы оқиғасына полицейлердің қатысы бар екені туралы хабарды әлеуметтік желілерде таратқан.

Қазақтардың ұлттық намысын қорлады деген айыппен Қазақстан Мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібековке қарсы іс қозғалып, азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев қамауға алынды.

Қостанай облысында Болат Сатқанқұлов 6 жылға бас бостандығынан айырылды; оған ИГИЛ идеяларын насихаттады деп таққан айыпты тәуелсіз сарапшылар діни тақырыпта өткен пікірталас деп бағалап отыр.

Тұтастай алғанда, сөз бостандығына қатысты қылмыстық қудалаулардың саны 2015 жылы өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп отыр – 38-ден 63-ке дейін. Экстремизмге, сепаратизмге, ұлттық және діни араздықтарды қоздыруға қарсы бағытталған өте маңызды күрес, іс жүзінде, көбінесе, басқаша ойлайтындарды, өз пікірі мен болжамдарын таратқандарды қудалауға айналып бара жатыр, тәжірибесіз блогерлер мен әлеуметтік желілерді жаңадан пайдалана бастағандардың қателіктері – саналы түрде істелінген қаскүнемдік әрекеттер деп қаралуда. Бұл, өз кезегінде, қоғамда үрей ахуалын тудырады. Өкінішке орай, мұның бәрі құқыққорғау органдары қызметкерлері мен сарапшылардың адам құқықтарын жеткілікті білмеуі мен түсінбеуінің қайғылы салдары болып табылады.

Еске салайық, Қазақстан Республикасы Конституциясы сөз бостандығына кепілдік береді және де БҰҰ Бас Ассамблеясының ұйғарымы бойынша бұл – адамның басты құқығы, сондай-ақ басқа бостандықтардың өлшемі болып табылады. Сөз арқылы мемлекетке, қоғамға және азаматтарға төндіретін қылмыстармен күрес – конституциялық құқықтар мен бостандықтарды толықтай сақтай отырып жүргізілуі тиіс.


Қазақстан Журналистер одағының төрағасы

Сейітқазы Матаев


Сөз бостандығын қорғайтын Халықаралық «Әділ сөз» қорының президенті

Тамара Калеева

 

7 желтоқсан 2015 жыл 


Өз сұрағыңызды қойыңыз