Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Сот Вадим Борейконы құрылыс компаниясына 43 млн теңге төлеуге міндеттеді

13 қараша 2026

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Etude-Ybyrai» ЖШС-нің журналист, «Гиперборей» YouTube-арнасының авторы әрі жүргізушісі Вадим Борейкоға қарсы арызы бойынша шешім шығарды. Сот журналисті құрылыс компаниясына 43 миллион теңге төлеуге және жариялаған ақпаратын теріске шығаруға міндеттеді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Борейконың адвокаты Фархад Цай қорғау тарапы шешімге шағым түсіреді, деді.

Еске салайық, «Etude-Ybyrai» компаниясы Борейкодан 70 миллион теңгеден астам қаржы өндіріп беруді талап еткен болатын. Сот талқылауына журналистің «Гиперборей» YouTube-арнасында жарыққа шыққан Алматыдағы Premier тұрғын үй кешенінің құрылысы туралы жеті материалы себеп болған.

Тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты дау 2024 жылы басталған. Көршілес үйлердің тұрғындары құрылысқа қарсылық білдіріп, заңбұзушылықтар барын және айналадағы ғимараттардың қауіпсіздігіне алаңдайтындықтарын айтқан. «Гиперборей» арнасындағы материалда тұрғындар, бұрынғы депутаттар, мемлекеттік органдар мен құрылыс компаниясының өкілдері өз ұстанымдарын білдірген. Құрылыстағы заңбұзушылықтар туралы мәселені Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев та көтерген.

Дауға әр тараптың өкілдері қатысқанына қарамастан, құрылыс компаниясы тек журналистің үстінен арызданған. Сот процесі жарты жылдан астам уақытқа созылды.

2026 жылғы сәуірде арыз түскеннен кейін Борейконың банк шоттарына, зейнетақы картасына да тыйым салынды. Кейін зейнетақы шотындағы шектеу алынды.

Айта кетейік, сот шешімі жарияланар алдында Telegram-да журналистің қайтыс болғаны және 13 қарашаға белгіленген жерлеу рәсімі туралы жалған хабарламалар тарады. Ал 13 қараша Борейконың туған күні.

Осы сот дауына дейін де журналист бірқатар қысымға тап болған. 2023 жылғы қаңтарда белгісіз біреулер Борейконың пәтерінің есігін монтаж көбігімен бітеп кеткен. Бір айдан кейін оның операторының көлігі өртеліп, соның салдарынан арна жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған еді. Күдікті анықталғанымен, сот оны есі дұрыс емес деп танып, мәжбүрлеп емдеуге жіберді.

Кейінгі жылдары журналистің әлеуметтік желідегі парақшалары мен YouTube-арнасындағы видеоматериалдары авторлық құқықты бұзды деген жалған шағымдар негізінде бірнеше рет бұғатталды. 2026 жылғы қыркүйекте Борейко арнасының жұмысын белгісіз мерзімге тоқтатқанын мәлімдеген.

Өз сұрағыңызды қойыңыз