Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Қазақстан СІМ шетелдік БАҚ-қа аккредитация бермеу негіздерін көңейтті

25 қазан 2026

Қазақстанда шетелдік БАҚ пен журналистерді аккредиттеу ережесі өзгерді. Енді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі «ұлттық қауіпсіздік мүддесін» негізге алып, аккредиттеуден бас тарта алады немесе оның қолданылуын тоқтатып, күшін жояды. Жаңа ережеде бұл негіздерді қолданудың нақты өлшемі белгіленбеген. Бұл туралы Exclusive.kz хабарлайды.

Өзгеріс Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің 2026 жылғы 15 қазандағы № 11-1-4/573 бұйрығымен бекітілді. Құжат Әділет министрлігінде 19 қазанда тіркеліп, 22 қазанда ресми жарияланды. Жаңа ереже 2 қарашадан бастап күшіне енеді.

Бұйрыққа сәйкес, шетелдік БАҚ өкілдіктерін аккредиттеуден бас тарту және оның күшін жою негіздерінің тізбесіне «ұлттық қауіпсіздік мүддесі» енгізілген. Бұл негіз шетелдік редакциялардың журналистеріне қатысты. Аккредиттеуден бас тарту, оның қолданылуын тоқтату және күшін жою көзделген.

Алайда құжатта аккредиттеу туралы шешім қабылдау кезінде қандай жағдайлар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіру ретінде бағалануы мүмкін екені нақтыланбаған.

Шетелдік БАҚ жұмысының басқа да шарттары өзгерді. Олардың өкілдіктерін аккредиттеу мерзімі бес жылдан екі жылға дейін қысқарды. Сонымен қатар СІМ-не жыл сайын есеп беру міндеті енгізілді.

Әр жылдың 30 қаңтарына дейін өкілдіктер өткен жылғы қызметі туралы ақпарат ұсынуға тиіс. Есепте дайындалған материалдардың саны мен форматы, негізгі тақырыптары көрсетіліп, ең маңыздыларының көшірмелері, теле- және радиоматериалдардың жазбалары қоса берілуі керек.

Тағы бір өзгеріс аккредиттеуге қайта өтініш беруге қатысты. Шетелдік БАҚ өкілдігіне, журналистке аккредитация берілмесе немесе оның күші жойылған жағдайда, құжаттарды қайта тапсыруға тек бір жылдан кейін ғана рұқсат етіледі. Осы мерзім аяқталмай тұрып өтініш беру өз алдына жаңа аккредитация берілмеуге негіз болады.

Тұрақты аккредиттеуден өткен журналистерге де шектеулер енгізілген. Егер алты ай бойы олардың Қазақстандағы кәсіби қызметін растайтын материалдары болмаса, бұл аккредитациясын қайтарып алуға немесе оның күшін жоюға, ал белгілі бір жағдайларда аккредиттеумеуге негіз болуы мүмкін.

Сондай-ақ ережеден шетелдік БАҚ өкілдігіне аккредитация берілмеу себебін айту туралы бұрынғы тұжырым алынып тасталды. Дегенмен қабылданған шешім туралы өтініш берушіні жазбаша хабардар ету міндеті сақталады.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры аккредитация беруді шектеу негіздерінің нақты өлшемін белгілемей кеңейту негізсіз шешімдер қабылдау қаупін туғызатынына назар аударады. Әсіресе мұндай шешімге себеп болатын нақты жағдай көрсетілместен, ұлттық қауіпсіздік мүддесіне сілтеме жасап аккредиттеуден бас тарту немесе оның күшін жою мүмкіндігі алаңдаушылық туғызады, дейді.

«Әділ сөз» ұйымы БАҚ жұмысына қойылатын кез келген шектеудің заңдық тұрғыдан негізі, оның шегі болуға тиіс. Ал мемлекеттік органдардың шешімі ашық әрі оған шағымдануға мүмкіндік болуы керек, деп санайды.

Өз сұрағыңызды қойыңыз