Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Қазақстан: Құрылтай сайлауы қарсаңында билік тәуелсіз журналистерге қысым жасауды тоқтатуы керек

17 тамыз 2026

Қазақстандағы тәуелсіз журналистер 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы қарсаңында күшейген қысымға тап болуда. Құрылтай — 2026 жылғы наурызда өткен референдумда қабылданған Конституция негізінде құрылған жаңа бір палаталы парламент.

Төменде қол қойған құқық қорғау ұйымдары жақында журналистер Динара Егеубаева мен Лұқпан Ахмедьяровқа қозғалған қылмыстық іске, журналист Александра Алеховаға қатысты шығарылған сот үкіміне және саяси шолушы Азамат Омаровтың ұсталуына алаңдайды.

Бұл істер Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қысымның күшеюіне қатысты ауқымды әрі ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан үрдістің бір бөлігі. Саяси себептерге негізделген айыптаулар, интернеттегі ақпаратқа қолжетімділікті шектеу, сондай-ақ билікті сынайтындарды қудалау мен қорқытудың өзге де түрлері қолданылуда.

Қол қойған ұйымдар жергілікті азаматтық қоғам өкілдері мен БАҚ бостандығын бақылаушылардың алаңдаушылығын бөліседі. Олар халықаралық қауымдастықтың саяси қысымның бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткеніне назар аударуын сұрайды.

Төменде қол қойған ұйымдар Қазақстан билігін журналистер мен БАҚ-қа қатысты қысым мен қудалаудың барлық түрін дереу тоқтатуға, тәуелсіз журналистикаға кедергі келтіру немесе жазалау мақсатында қылмыстық және әкімшілік шараларды қолданбауға, журналистер мен БАҚ-тың алдағы сайлауды еркін жариялауына, қудалау немесе сыртқы араласу қаупінсіз қоғамдық маңызы бар мәселелер туралы хабарлауына кепілдік беруге шақырады.

Олар Қазақстанның халықаралық серіктестерін қазіргі қысымның күшеюін тоқтатуға ықпал ету үшін қолда бар барлық дипломатиялық және өзге де құралдарды пайдалануға, сондай-ақ пікір білдіру еркіндігі мен БАҚ бостандығына қатысты Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін сақтауға үндейді.

Динара Егеубаеваны қылмыстық қудалау

2026 жылғы 31 шілдеде болған жол-көлік оқиғасынан кейін тәуелсіз журналист Динара Егеубаеваға Алматы полициясы қылмыстық іс қозғады.

Оқиға орнынан түсірілген видеожазбада велосипедшінің тұрғын ауданда жол қозғалысына қарсы бағытта жоғары жылдамдықпен келе жатқанын көрінеді. Содан кейін ол көрші көшеден жолға баяу шығып бара жатқан көлікпен соқтығысады. Көлікті Егеубаева басқарған.

2026 жылдың 1 тамызында велосипедші полицияға денсаулығына зиян келтіру туралы арыз беріп, мүліктік залал үшін 3 миллион қазақстандық теңге (шамамен 6 400 АҚШ доллары) өтемақы талап етті.

Осыдан кейін полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 1-бөлігі бойынша орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейтін қылмыстық іс қозғады.

Бұл туралы үндеуге қол қойған құқық қорғау ұйымдарына адвокат Ғалым Нұрпейісов Егеубаеваның ісіне қатысты билік тарапынан бірқатар процессуалдық заң бұзушылықтарға жол берілгенін хабарлады.

Нұрпейісовтің айтуынша, материалдық шығынға қатысты мәселе азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешілуі тиіс, өйткені қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ. Полиция тараптардың жауапкершілігін анықтауда маңызды қадам саналатын оқиға орнының ресми сызбасын жасамаған.

Сонымен қатар, ол ұйымдарға велосипедші жарақатының сипаты мен ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама жүргізілмегенін хабарлады. Бұған қоса, заттай айғақ ретінде тек оның қорғауындағы адамның көлігі тәркіленіп, ал велосипед  тәркіленбеген.

Адвокаттың айтуынша, қылмыстық іс жүргізу кезеңінде Егеубаеваға Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салынғаны алаңдатады. Оқиғаның мән-жайын ескере отырып, оның жүріп-тұру еркіндігін шектеу шамадан тыс әрі жағдайға сай емес шара.

Үндеуге қол қойған ұйымдар қылмыстық іс пен елден шығуға салынған тыйым Егеубаеваның заңды кәсіби журналистік қызметін атқаруға кері әсер етіп, оның 23 тамызда өтетін алдағы сайлауды еркін әрі тиімді түрде жариялауына кедергі келтіруі мүмкін екеніне алаңдайды.

Жоғарыда аталған видеожазбада велосипедші мен Егеубаеваның көлігі арасындағы соқтығысу анық көрінгенімен, журналисті қылмыстық жауапкершілікке тартуға күмән келтіреді. Видеожазбадан велосипедшінің көлік қозғалысына қарсы бағытта келе жатқаны және Егеубаева көлігімен жолға баяу шығып жатқан сәтте онымен соқтығысқаны байқалады.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау немесе соқтығысуға қатысты құқықтық жауапкершілікті белгілеу үшін бір ғана видеожазба жеткіліксіз. Егеубаеваға қатысты неге қылмыстық іс қозғалғаны  көптеген сұрақ тудырады.

Бұл жағдай Егеубаеваның журналист ретіндегі кәсіби қызметімен және билікті сынауымен, бұған дейін оған жасалған шабуылдар мен қысымдарды ескере отырып, оған қатысты қолданылған шаралардың, соның ішінде қылмыстық қудалау мен елден шығуға салынған тыйымның шамадан тыс екенін аңғартады. 23 тамыздағы сайлау қарсаңында оны қорқытуға бағытталғанын немесе іс жүзінде үнсіз қалуға мәжбүрлейтіні алаңдатады.

Журналист Лұқпан Ахмедьяровтың қылмыстық қудалануы

12 тамызда «Азат Еуропа/Азаттық радиосының» (RFE/RL) қазақ қызметі Астана полициясы тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедьяровқа қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлады. Бұл бап көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікті көздейді.

274-бапта көзделген қылмыс үшін, егер әрекет «бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып» жасалса, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

12 тамызда Ахмедьяров үндеуге қол қойған ұйымдарға тергеу туралы RFE/RL-ден білгенін және полицияның өзіне қатысты қандай да бір қылмыстық іс жүргізу басталғаны туралы хабарламағанын айтқан.

Қылмыстық іс Ахмедьяровтың биыл сәуір айында әлеуметтік желіде жариялаған жазбасына байланысты. Онда Ахмедьяров Ресей әскерилерінің өз еркімен тұтқынға берілуіне ықпал ететін Украина үкіметінің «Хочу жить» жобасы жариялаған тізіммен бөліскен. Тізімде Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысты деген болжаммен Қазақстан азаматтарының аты-жөні көрсетілген.

Тізімде аттары аталған азаматтардың бірі кейін билік органдарына шағым түсіріп, соғысқа қатыспағанын, Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істегенін мәлімдеген.

2026 жылғы шілде айының соңы – тамыз айының басында Қазақстанның екі азаматы Instagram желісінде видеолар жариялап, Ахмедьяровқа үндеу жасап, ол жариялаған тізімге өздерінің қателесіп енгізілгенін мәлімдеген.

Ахмедьяров тізімде көрсетілген 661 адамның барлығы соғысқа қатысты деп ешқашан жазбағанын және мәлімдемегенін айтады. Оның сөзінше, жазбаның мақсаты – Қазақстан азаматтарын Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысуға тарту туралы хабарламаларға Қазақстан билігінің назарын аудару болған.

Қылмыстық тергеу Ахмедьяровтың журналистік қызметіне байланысты оған жасалып отырған ауқымды қысым науқаны аясында жүргізіліп жатыр.

2026 жылғы маусымда ол туған қаласы Оралда полиция тарапынан ұсталып, бірнеше сағат қамауда болған. Полиция қызметкерлері босатар алдында оған Ресей Қылмыстық кодексінің 207.3-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша жүргізіліп жатқан қылмыстық тергеуге байланысты Ресей құқық қорғау органдары іздеу жариялағанын хабарлаған. Аталған бап Ресей Қарулы күштері туралы көрінеу жалған ақпаратты жария түрде таратқаны үшін жауапкершілікті көздейді.

Ресейде бұл норма айыппұлдан бастап жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді, ал мұндай әрекеттер Қазақстанда қылмыс болып саналмайды.

Биыл бұған дейін Ахмедьяров пен оның әріптестері Қазақстан азаматтарын Ресейдің Украинадағы заңсыз соғысына қатысуға тарту туралы деректі фильм түсірген. Сол кезде Ахмедьяров өзіне Ресейде қылмыстық іс қозғалуының себебі осы фильм  болуы мүмкін екенін айтқан.

Алайда 11 тамызда Facebook желісіндегі Шакир Сухабедрин есімді қолданушы Ахмедьяровтың жазбасының біріне пікір қалдырып, журналистің қылмыстық қудалануына дәл өзі себеп болып отырғанын мәлімдеген. Пікір жазушы Ахмедьяровқа қатысты қорқыту және кемсіту сипатындағы мәлімдемелер жасап, оны қудалауды жалғастыратынын жазған.

Осы айдың басында Ахмедьяровқа да Қазақстаннан шығуға рұқсат берілмегені де алаңдатады.

2026 жылғы 3 тамызда шекарашылар Ахмедьяровты Қазақстаннан шығармай, оған елден шығуына тыйым салынғанын хабарлаған. Ахмедьяров үндеуге қол қойған ұйымдарға отбасымен Черногорияға жоспарлаған демалысқа бармақ болғанда Астанадағы Н.Назарбаев халықаралық әуежайында шекара қызметінің қызметкерлері тоқтатқанын айтты.

Ахмедьяров шекарашылар елден шығуға Астана қаласының полициясы тыйым салғанын хабарлады, дейді. Алайда бұл шектеудің қандай құқықтық негізде салынғаны түсіндірілмеген.

Александра Алёховаға қарсы қылмыстық іс

2026 жылғы 3 тамызда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты жабық сот отырысында «Сенцова» бүркеншік атымен танымал журналист Александра Алёхованы кінәлі деп таныды.

Төрт баланың анасы, олардың үшеуі кәмелетке толмаған Алёхова бес жыл сынақ мерзімімен үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Сот отырысына БАҚ өкілдері қатыстырылмады.

Алёхова Қазақстан Қылмыстық кодексінің 147-бабының 5-бөлігі бойынша сотталды. Бұл бап адамның жеке өміріне қатысты құпия ақпаратты қамтитын дербес деректерді БАҚ арқылы заңсыз таратқаны және соның салдарынан адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіргені үшін жауапкершілікті көздейді. Аталған бап бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Алёхова Алматыдағы Кенжехан базарында болған деп хабарланған жанжалға қатысы бар адамның жеке ақпаратын жариялағаны үшін сотталды.

Алайда дәл осы ақпаратты Алёхова жариялағанға дейін танымал Telegram-арна ашық түрде жариялап қойған. Бұл журналистің мақаласы жарияланған уақытта  аталған ақпаратты қаншалықты құпия немесе көпшілікке жария етілмеген ақпарат деп санауға болатындығына қатысты сұрақтар туындатады.

Бұдан бөлек, журналист Олег Гусевке қатысты осыған ұқсас іске байланысты сот шешіміне сәйкес, полиция жүргізген ішкі тексеру ақпаратты алғаш жария еткен адамның құқық қорғау органының қызметкері болғанын анықтаған. Бұл қызметкер тәртіптік жазаға тартылған. Алайда ақпаратты жария еткені немесе таратқаны үшін ол да, Telegram-арнаның иесі де қылмыстық қудалауға ұшырамаған.

Мұндай әркелкі ұстаным заңның таңдаулы түрде қолданылған болуы мүмкін деген күдік туғызады.

Үндеуге қол қойған ұйымдар мұндай жағдайда қылмыстық қудалау мен журналистік қызметпен айналысуға тыйым салу қауіпті прецедент қалыптастыратынына алаңдайды. Бұл журналистердің бұған дейін көпшілікке қолжетімді болған ақпаратты жариялағаны үшін қатаң қылмыстық жазаға тартылуына әкелуі мүмкін.

Бұл іс журналистерге қатысты жеке өмірді қорғау және қылмыстық заңнаманың таңдамалы әрі бірізді емес қолданылуына байланысты да алаңдаушылық туғызады.

Ұйымдар сондай-ақ Қазақстан билігін пікір білдіру еркіндігі мен БАҚ бостандығын қорғауға қатысты халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, Алёховаға қатысты айыптау үкімін қайта қарауға шақырды.

Азамат Омаровтың ұсталып, қылмыстық қудалануы

18 шілдеде Астана полициясы журналист, саяси шолушы және блогер, «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровты ұстады.

Оның ұсталғаны туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.

Ұсталғаннан кейін Астана соты Омаровты Қылмыстық кодекстің 174-бабында көзделген қылмысқа күдікті ретінде екі айға қамауға алу туралы қаулы шығарды. Бұл бап әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздырғаны үшін жауапкершілікті көздейді.

Омаровтың адвокаты Төлеген Шаиковтың айтуынша, қылмыстық іс Омаровтың билік пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты сатиралық және сыни пікірлер айтқан видеороликтеріне байланысты қозғалған.

RFE/RL қазақ қызметіне берген сұхбатында адвокат Омаровтың тағылған айыпты мойындамайтынын және жарияланымдарын сатира мен әзіл деп санайтынын айтқан.

22 шілдеде Премьер-министрдің орынбасары әрі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook желісінде Омаровтың сатирасы үшін қудаланып жатқаны туралы мәлімдемесін жоққа шығаруға тырысқан жазба жариялады.

Қазақстанда пікір білдіру еркіндігіне кепілдік берілгенін және сатира мен әзілдің өздігінен құқық бұзушылық болып саналмайтынын жазды. Ол материал сатиралық түрде ұсынылған болса да, «өшпенділікті қоздыру белгілері» бар ақпарат немесе контент таратылған жағдайда 174-бап бойынша жауапкершілік туындауы мүмкін екенін мәлімдеді.

Алайда билік Омаровтың нақты қай сөздері араздықты қоздыру деп бағаланатынын көпшілік алдында нақтыламады.

Мұндай ақпараттың болмауы Омаровтың 174-бап бойынша қамауда ұсталуы нақты тұжырымдалмаған қылмыстық-құқықтық нормалардың сатираны, мемлекеттік қызметшілерді сынауды және саяси пікір білдіруді шектеу әрі қудалау үшін пайдаланылуы мүмкін деген елеулі алаңдаушылық туғызады.

Бұл алаңдаушылық биліктің осыған дейін де осы бапты өз пікірін заңды әрі бейбіт түрде білдірген белсенділерді қамауға алу үшін қолданғанын ескергенде күшейе түседі. Олардың қатарында бұған дейін «Атажұрт» қозғалысының бірқатар белсенділері де болған.

Құрылтай сайлауына дайындық

Қазақстанда 2026 жылғы 23 тамызда өтетін жаңа Құрылтайдың алғашқы сайлауына дайындық кезеңінде Динара Егеубаева, Лукпан Ахмедьяров, Александра Алёхова және Азамат Омаров істі болып жатыр.

2026 жылғы шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай елдің жаңа бір палаталы заң шығарушы органы болады.

Үндеуге қол қойған ұйымдар қудалау, қысым, қорқыту, мемлекет тарапынан заңсыз араласу және өзге де кедергілерсіз жұмыс істейтін еркін әрі тәуелсіз БАҚ сайлаушылардың алуан түрлі ақпарат алуына және ресми репрессиядан қорықпай, қоғамдық өмірге саналы түрде қатысуына мүмкіндік беруде шешуші маңызға ие екенін атап көрсетеді.

Үндеуге қол қойған ұйымдар Қазақстан билігін:

– Тәуелсіз журналистиканы: тәуелсіз журналистердің сайлауға дейін, сайлау кезінде және одан кейін қоғамдық маңызы бар мәселелерді қылмыстық қудалаудан, негізсіз шектеулерден немесе қудалаудың өзге де түрлерінен қорықпай, еркін жария етуіне кепілдік беруге;

– Қудалау мен қорқытуды тоқтатуға: тәуелсіз журналистер мен БАҚ-қа қатысты қудалаудың, қорқытудың және заңсыз қысым көрсетудің кез келген түрін дереу тоқтатуға;

– Құқықтық шараларды асыра пайдалануды тоқтатуға: қылмыстық тергеулер мен өзге де құқықтық шаралардың журналистік қызметке кедергі келтіру, журналистерді жазалау немесе кәсіби қызметі үшін қудалау мақсатында қолданылмауын қамтамасыз етуге;

– Жүріп-тұру еркіндігіне кепілдік беруге: журналистердің еркін сапар шегуіне мүмкіндік беруге және олардың жүріп-тұру еркіндігіне негізсіз немесе шамадан тыс шектеулер қоймауға;

– Халықаралық міндеттемелерді сақтауға: Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелеріне сәйкес пікір білдіру еркіндігін, БАҚ бостандығын және қоғамның ақпаратқа қол жеткізу құқығын қорғауға шақырады.

 

Үндеуге қол қойған ұйымдар Қазақстанның халықаралық серіктестерін де:

– Жағдайды мұқият бақылауға: сайлауға дейін, сайлау кезінде және одан кейінгі оқиғаларды бақылап, тәуелсіз журналистер мен БАҚ-қа қойылатын шектеулер мен оларға қатысты репрессияларға ерекше назар аударуға;

– Алаңдаушылықтарын ашық білдіруге: тәуелсіз журналистикаға бағытталған қудалауға, қорқытуға, қылмыстық қудалауға және өзге де шектеулерге қарсы ашық түрде пікір білдіруге;

– Қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етуге: Қазақстандағы тәуелсіз журналистика үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдайды қамтамасыз ету мақсатында қолда бар барлық дипломатиялық және өзге де құралдарды пайдалануға шақырады.

 

Үндеуге қол қойған ұйымдар:

«Әділ сөз» халықаралық қоры

Araminta

Civil Rights Defenders

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ)

Crude Accountability

Freedom For Eurasia

International Partnership for Human Rights

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро

Норвегияның Хельсинки комитеті

Өз сұрағыңызды қойыңыз