Көкжәйләу туралы материалды жасырудан бас тартқаннан кейін Total.kz сайты қолжетімсіз болды

12 қыркүйекте Total.kz сайты Қазақстандағы бірқатар интернет-операторлардың пайдаланушылары үшін қолжетімсіз болып қалды. Бұл редакция мемлекеттік орган өкілінің Almaty SuperSki жобасы туралы мақаланы уақытша жасыру туралы өтінішін орындаудан бас тартқаннан кейін болды.
2026 жылдың 12 қыркүйегінде Total.kz сайтында «Превратим Кок-Жайлау в Луну?»: проект Almaty SuperSki противоречит УК РК» атты мақала жарияланды. Онда жобаның Көкжәйләу экожүйесіне, соның ішінде сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар түрлеріне тигізуі мүмкін әсеріне қатысты мамандардың талдауы ұсынылған.
Редакцияның мәліметінше, материал жарияланғаннан кейін Total.kz сайтына мемлекеттік органның өкілі хабарласып, мақаланы «уақытша жасыруды» сұраған. Редакция оны өшіруден де, оған қолжетімділікті шектеуден де бас тартқан.
Көп ұзамай сайт «Қазақтелеком» АҚ, Altel, Tele2, Activ және Kcell желілері арқылы ашылмай қалған. Ал Beeline желісі арқылы сайт қолжетімді. Хостинг-провайдерінің хабарлауынша, мәселе оның бұлтты инфрақұрылымына байланысты емес және компанияның бақылауынан тыс жерде туындаған.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры бұл алаңдатарлық жағдай деп санайды. Мемлекеттік органның редакцияға журналистік материалды жасыру туралы өтініш білдіруінің өзі ашық әрі нақты құқықтық негіздемені талап етеді. Бірқатар телекоммуникация провайдерлері арқылы веб-сайтқа кіру мүмкіндігінің шектелуі қоғамдық маңызы бар ақпаратты таратуға ықтимал араласуға қатысты сұрақтар тудырады.
Қор ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік орган өкілінің Total.kz редакциясынан материалды жасыруды қандай негізде сұрағанын ашық түсіндіріп, сондай-ақ сайтқа қатысты қандай да бір қолжетімділікті шектеу шаралары қолданылды ма анықтап, хабарлауы қажет деп санайды. БАҚ жұмысы мен журналистік материалдың таралуына кез келген араласу тек нақты заңды негізде жүзеге асырылуы тиіс. Редакцияға қысым көрсету құралы ретінде пайдаланылмауы керек.



