Ташкентте Орталық Азияның әйел медиа мамандары бас қосты

14–15 қыркүйекте Ташкентте «Өңірлік ынтымақтастық, цифрлық қауіпсіздік және журналистиканың инклюзивті болашағы» тақырыбында Орталық Азия медиа саласындағы әйел мамандардың II халықаралық конференциясы өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан жүзден астам журналист, редактор, медиа менеджер, цифрлық контент жасаушы, сарапшы және құқық қорғаушы қатысты.
Қатысушылар бүгінде Орталық Азияның медиа қауымдастығына ортақ мәселелер - журналист пен редакцияға құқықтық қысым көрсету, цифрлық шабуылдар, доксинг және онлайн қудалау, жасанды интеллект пен дипфейктердің дамуы, кәсіби күйзеліс және БАҚ-тың қаржылық тұрақтылығы мәселелерін тақылады.
Конференцияның негізгі тақырыптарының бірі - журналист мен редакцияны құқықтық қорғау болды. «Редакция мен медиа-бизнесті құқықтық қорғау» тақырыбындағы пленарлық талқылауды қазақстандық медиазаңгер Гүлмира Біржанова жүргізді. Өңір елдерінің өкілдері журналистердің кәсіби қызметінде кездесетін заңнамалық шектеулер мен басқа да құқықтық қауіптер туралы айтып, заңнамаға енгізілуі мүмкін өзгерістерді талқылады.
Қазақстандық журналист Айнұр Коскина ҚР ҚК 274-бабы — «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабын қылмыстық сипаттан арылтуды ұсынды. Ол сондай-ақ Құрылтайдағы журналистер жұмысына енгізілген жаңа шектеулерге, атап айтқанда, ғимарат ішінде еркін жүріп-тұру және кулуарда депутаттармен сөйлесу мүмкіндігінің тарылуына назар аударды.
Орталық Азияның басқа елдерінен келген қатысушылардың ұсыныстары қатарында журналистік материалға қатысты шағымды қараудың міндетті сотқа дейінгі тәртібін енгізу және жекелеген шағымдар бойынша жауапкершілікті журналистен медиа ұйымға ауыстыру мәселелері айтылды.
Қазақстандық журналистер конференцияның басқа да сессияларына белсенді қатысты. Жания Уранкаева киберсталкинг, доксинг және онлайн шабуылдарға арналған талқылауға қатысса, Марина Низовкина медиадағы әйелдер көшбасшылығы мәселесін сөз етті. Ал The Steppe, The Village және Batyrzhamal жобаларының негізін қалаушылардың бірі Айсана Әшім дағдарыс жағдайында редакцияны тұрақты басқару және бизнес-модельдер тақырыбында воркшоп өткізді.
Конференция 2024 жылы Душанбе қаласында Орталық Азия әйел журналистер коалициясын құру туралы Меморандумға қол қойылған сәтте басталған өңірлік ынтымақтастықтың жалғасы болды. Ташкентте қатысушылар Коалицияның алдағы жұмысын, өзара кәсіби көмек тетіктерін және өңір елдерінің редакциялары мен журналистері арасындағы бірлескен жобаларды талқылады.
Кездесудің практикалық нәтижелерінің бірі - гендерлік мәселелерді ескеретін журналистика бойынша Бірыңғай өңірлік нұсқаулық әзірлеу жұмысы болды. Қатысушылар Орталық Азия редакциялары гендерлік мәселелерді жариялау кезінде қолдана алатын кәсіби және этикалық тәсілдерді талқылады.
Конференцияны Өзбекстан Республикасының қазіргі журналистиканы дамыту орталығы (MJDC) ұйымдастырды. Өңірдегі Тәжікстанның әйел журналистер ұлттық коалициясы негізгі серіктес болды. Іс-шараға ұлттық және халықаралық серіктестер, Еуропалық одақтың құрылымдары, ЕҚЫҰ мен ЮНЕСКО, Өзбекстандағы Швейцария елшілігі қатысты және қолдау көрсетті.













