Журналист Александра Алёхованың ісі бойынша апелляцияны қарау кейінге қалды
17 қыркүйек 2026

15 қыркүйекте Алматы қалалық соты журналист Александра Алёхованың (Сенцова) қылмыстық ісі бойынша апелляциялық шағымды қарауды кейінге қалдырды. Жаңа сот отырысының күні белгіленген жоқ.
Еске сала кетейік, 3 тамызда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Алёхованы ҚР ҚК 147-бабының 5-бөлігі (жеке құпияны құрайтын дербес деректерді масс-медиада заңсыз тарату) бойынша кінәлі деп таныды. Оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаны орындау бес жылға кейінге қалдырылды. Үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Үкімге екі тарап та шағым түсірді. Бұған дейін «Әділ сөз» қоры журналистке шығарылған үкім тым қатал деп мәлімдеген болатын.
«Әділ сөз» қоры апелляциялық инстанцияда істің қаралуын бақылайды.



