Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

«Ахуал сегодня» YouTube арнасының авторы Азамат Омаров 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді

16 қыркүйек 2026

15 қыркүйекте Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Ахуал сегодня» YouTube арнасының авторы, журналист Азамат Омаровты ҚР ҚК 174-бабының 1-бөлігі — әлеуметтік араздықты қоздыру бойынша кінәлі деп таныды. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Азамат Омаровқа 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, жазаның бүкіл мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді. Сот үкімі жарияланғаннан кейін Омаров қамаудан босатылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сонымен қатар сот Омаровты бес жылға қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және публицистикалық қызметпен айналысу құқығынан айырды.

Еске салайық, Азамат Омаров 18 шілдеде тінту жүргізілгеннен кейін ұсталған. Тінту барысында құқық қорғау органдары оның телефонын, компьютері мен дискілерін тәркілеген. Содан бері журналист қамауда болды.

Омаров ұсталғаннан кейін «Ахуал сегодня» YouTube арнасынан бірқатар материалдар өшірілді. Өшірілген материалдардың ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік өкілеттік мерзімін қайта есептеу мүмкіндігі тақырыбына арналған сатиралық шығарылым бар.

Бұған дейін «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры құқық қорғау органдарына қайырылып, журналистің қылмыстық қудалануына не түрткі болғанын көпшілік алдында түсіндіруді талап еткен еді. «Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық ұйымы да Омаровты қорғап, Қазақстан билігін оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған.

«Әділ сөз» қоры осыған дейін де журналистерге кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салу түріндегі қосымша жаза қолдану тәжірибесіне назар аударған. Қор мұндай шектеулер журналистің еңбек ету құқығын ғана емес, кепілдендірілген сөз бостандығын да бұзады деп санайды.

Өз сұрағыңызды қойыңыз