Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Кәсіби қызметке тыйым салу: «Әділ сөз» қоры Жоғарғы Соттан ҚР ҚК 50-бабын қолдану практикасын қайта қарауды сұрайды

25 тамыз 2026

Соңғы уақытта Қазақстанда журналистерге қосымша жаза ретінде кәсіби қызметке тыйым салу тәжірибесі жиілеп кетті. Соңғы айларда сот шешімімен мұндай тыйым ҚазТАГ агенттігінің иесі Әсет Матаевқа, агенттіктің бас редакторы Әмір Қасеновке, журналист Александра Алеховаға және 18 тамызда Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға салынды.

Осындай жағдайлардың жиілеуіне байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының заңгері ҚР Қылмыстық кодексінің 50-бабының журналистерге қатысты қолданылуын талдады. Талдауға сот журналистік және қоғамдық қызметпен айналысуға бес жыл мерзімге тыйым салған ҚазТАГ агенттігінің жетекшілері -  Әсет Матаев пен Әмір Қасеновке қатысты шығарылған үкім негізге алынды.

Талдауда сот белгілеген шектеу журналист ретінде ғана жұмыс істеуге тыйым салу емес екенін көрсетіледі. «Әділ сөз» ұйымының бағалауынша, бұл тыйым сөз, шығармашылық және пікір білдіру бостандығына, сондай-ақ жеке тұлғаның қоғамдық өмірге қатысуына әсер етеді.

Сот нақты неге тыйым салды

Үкімге сәйкес ҚазТАГ журналистеріне бес жылға масс-медиа және онлайн-платформа құруға және оның қызметіне қатысуға, журналист, блогер болып жұмыс істеуге, материал жариялауға, эфирге шығуға және сұхбат беруге тыйым салынады.

Шектеу конференцияға, пікірталасқа, телекөпір мен телешоуға қатысуға, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тақырыптар бойынша пікір және басқа да контент жариялауға да қолданылады.

Сонымен қатар, журналистерге әлеуметтік-саяси немесе қоғамдық қызметке қатысы жоқ тақырыптарды талқылау үшін онлайн-платформаларға шығуға, сот мониторинг жүргізу немесе дөңгелек үстелге, семинарға және басқа да қоғамдық іс-шараларға қатысуға, құқық қорғау қызметімен айналысуға тыйым салады.

«Әділ сөз» қоры бұл шектеулер тізімі белгілі бір кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салғаннан әлдеқайда асып түсті деп санайды.

Қор заңгері Сергей Уткин: «Іс жүзінде сот журналистерге өз кәсібімен айналысуға тыйым салып қана қоймай, оларды сөз бостандығына, шығармашылық еркіндікке және жеке пікірге ие болу құқығына қатысты конституциялық құқықтары мен бостандықтарынан да айырды», - дейді.

Қор мұндай жазаны іс жүзінде «азаматтық өлім жазасының» бір түрі деп сипаттайды. Өйткені шектеулер журналистердің кәсіби қызметінен тысқары шығып, олардың өз пікірлерін ашық білдіру және қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін де шектейді.

 

Кәсіби қызметке тыйым салу цензураға айналып барады

«Әділ сөз» назар аударған мәселе - мұндай шектеулер Конституцияда бекітілген цензураға тыйым салуға сәйкестігі.

Қордың пікірінше, егер жарияланған материал заңнаманы бұзғаны заңда белгіленген тәртіппен дәлелденсе, контенттің мазмұны үшін жауапкершілік жарияланғаннан кейін туындауы мүмкін.

50-бапқа сәйкес енгізілген тыйымға қатысты жағдай өзгеше: журналист мазмұнына қарамастан, болашақта материал әзірлеу және тарату мүмкіндігінен алдын ала айырылады.

Демек, сот заңсыз деп танылған нақты бір материалды ғана емес, белгілі бір автор жасаған кез келген контентті шектейді.

«Әділ сөз» қорының талдауында: «Журналист балалар ертегісін жазып, жариялауға шешім қабылдаса цензор-судья бұл ертегіге де алдын ала тыйым салады», - делінген.

«Әділ сөз» бұл тәсіл пікір білдіру бостандығын алдын ала шектеу тетігін тиімді түрде қалыптастырады деп санайды. Оның үстіне, дайындалатын материалдың мазмұны маңызды емес; шектеу тікелей автордың өзіне бағытталады.

Осыған байланысты қор журналистерге қатысты Қылмыстық кодекстің 50-бабын қолдану тәжірибесін цензураға тыйым салатын конституциялық нормамен байланыстырады.

 

«Жаңа қылмыстың алдын алу» деген уәжді көрсету неге жеткіліксіз

Қор қосымша соттың жазаны қалай негіздеуі керектігіне де назар аударады.

ҚР ҚК-нің 50-бабының 3-бөлігі, егер жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін және құқық бұзушының жеке басын ескере отырып, сот бұл құқықты сақтау мүмкін емес деген қорытындыға келсе, адамды белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру мүмкіндігі көзделген.

«Әділ сөз» қорының пайымынша, мұндай шешім тереңірек әрі жеке негіздеуді қажет етеді.

Қордың талдауда ҚазТАГ журналистерінің үкімінде бес жылға тыйым салуға «бұдан әрі жаңа қылмыстың алдын алу» деген сөз негізге алынғанын атап көрсетеді.

«Әділ сөз» бұл тәжірибе қауіпті прецедент тудырады деп санайды: егер мұндай негіздеме жеткілікті деп танылса, нақты бір адамның кәсіби қызметіне неліктен тыйым салынуы тиіс екендігін егжей-тегжейлі түсіндірілместен-ақ, журналистік қызметпен айналысуға тыйым салу енгізілуі мүмкін.

Мұндай шешімнің салдары редакцияда жұмыс істеу мүмкіндігінен әлдеқайда асып түсуі мүмкін.

«Әділ сөз» Жоғарғы Сотқа бірыңғай ереже бекітуді ұсынады

Кәсіппен айналысуға тыйым салу мен адамның негізгі құқықтарын шектеуді ажырату үшін қор Жоғарғы Сотқа ҚК-нің 50-бабында көзделген қосымша жазаларды қолдану тәртібі туралы нормативтік қаулы әзірлеуді ұсынады.

«Әділ сөздің» пікірінше, мұндай құжатта белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салудың шегін нақты айқындап, оның азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қолданылуына жол бермеу қажет.

Сонымен қатар, қор журналистің кәсіппен айналысу құқығынан мүлде айырылуы мүмкін болатын айрықша негіздерді белгілеуді ұсынады.

ҚР ҚК-нің 50-бабын журналистің болашақтағы кез келген мақаласына, айтқан пікірі мен шығармашылық қызметіне алдын ала тыйым салу құралына айналдыруға болмайды. Қор Жоғарғы Соттан осы қосымша жазаны қолданудың бірыңғай әрі нақты шегін белгілейтін құқықтық түсіндірме алуды көздейді.

Өз сұрағыңызды қойыңыз