Журналист Александра Алехованың ісі бойынша апелляциялық шағым 15 қыркүйекте қаралады

15 қыркүйекте Алматы қалалық сотында журналист Александра Алёхованың (Сенцова) қылмыстық ісі бойынша берілген апелляциялық шағым қаралады. Сот отырысы жабық режимде сағат 11:30-ға белгіленді.
Еске салайық, 3 тамызда Алматының Алмалы аудандық соты Алёхованы ҚР ҚК 147-бабының 5-бөлігі — масс-медиада жеке құпияны құрайтын дербес деректерді заңсыз тарату бойынша кінәлі деп таныған. Оған бес жыл (2031 жылға дейін) кейінге шегеру арқылы үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, үш жылға журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Үкімге екі тарап та шағымданды. Алматы прокуратурасы жазаны жеңілдетуді сұрап отыр. Ал Алёхованың қорғау тарапы ол кінәсіз, дейді. Адвокаттың айтуынша, журналист жариялаған кезде даулы мәліметтер ашық қолжетімді болған және сот құжаттарында да қамтылған.
Бұған дейін «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Алёховаға шығарылған үкімді тым қатаң жаза деп бағалаған болатын. Қор даулы ақпараттың бірінші дереккөзінің қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанына, ал деректердің сыртқа таралуына жол берген құқық қорғау органының қызметкеріне тәртіптік жаза қолданылғанына назар аударған еді.
«Әділ сөз» қорының президенті Назира Дәрімбет: «Жарияланған кезде интернетте кең таралған және ашық сот құжаттарында қамтылған ақпаратпен жұмыс істегені үшін кәсіби қызметіне тыйым салу және бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау құқықтық логикаға және баршаның заң алдында тең болуы қағидатына сай келмейді», — деп мәлімдеген.
«Әділ сөз» апелляциялық инстанцияда істің қаралу барысын бақылайды.



