Белсенді Құрал Сейітханұлы үш жылға бас бостандығынан айырылды

8 қыркүйекте Түркістан соты белсенді әрі «С-ИНФОРМ» газетінің өкілі Құрал Сейітханұлы Исмановты үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұл туралы журналист Амангелді Батырбеков хабарлады.
Сейітханұлы биыл мамыр айында блогер Ләззат Асанованың арызынан кейін ұсталған. Ол белсендіні өзінің жеке деректеріне қатысты мәліметтерді таратты деп айыптаған.
Амангелді Батырбеков белсенді жариялаған ақпараттың құпия болмағанын және бұған дейін де әлеуметтік желілерде жарияланған, дейді.
Ләззат Асанова сот үкімі жарияланғаннан кейін істің адамның жеке өмірі мен дербес деректерін қорғау құқығына қатысты екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай ақпаратты адамның келісімінсіз тарату жай ғана әлеуметтік желідегі жазба ретінде қарастырылмауы керек.
Құрал Сейітханұлы көптеген жылдар бойы қоғамдық-саяси мәселелер бойынша пікірін ашық білдіріп жүрген. 2024 жылы АЭС салуға қатысты референдумда ол Түркістанда байқаушы болды. Дауыс беруден кейін белсенді учаскелердің бірінде заң бұзушылықтар болуы мүмкін екенін айтып, прокуратураға арызданған. Ал сайлау комиссиясының өкілдері ол сипаттаған бір адамның бірнеше рет дауыс беру оқиғасы ресми түрде тіркелмегенін мәлімдеген.



