CPJ Құрылтайды журналистерге қойылған жаңа шектеулерді алып тастауға шақырды

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстанның Құрылтайын парламент ғимаратында журналистердің еркін жүріп-тұруына және депутаттарға тікелей сұрақ қоюына шектеу қоятын жаңа ережені алып тастауға шақырды.
Халықаралық ұйым жаңа шектеулер Қазақстанда тәуелсіз БАҚ-қа қысым күшейген уақытта енгізіліп жатқанына назар аударды.
CPJ-дің Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Фиона О’Брайен: «Журналистер саясаткерлерге қалаған сұрақтарын сұрақ қойып, олардан есеп талап ете алуы керек. Қоғамдық бақылаудың бұл қызметі демократия үшін аса маңызды. Қазақстанның жаңа парламенті мұны құрметтеп, осы қызметті шектейтін кез келген ереженің күшін жоюы тиіс», - деп мәлімдеді.
CPJ Құрылтай аппаратына БАҚ өкілдерінің жұмысына қатысты жаңа ережені түсіндіруді сұрап сауал жолдағанын, алайда материал жарияланғанға дейін жауап алмағанын хабарлады.
Еске салайық, 31 тамызда журналистер енді Құрылтай кулуарында депутаттардан сұхбат ала алмайтыны белгілі болған еді. Жаңа ережеге сәйкес, сұрақты арнайы белгіленген баспасөз орталығында қою ұсынылды.
Бұған дейін «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры жаңа регламент журналистердің қоғамдық маңызы бар ақпаратты алу мүмкіндігін шектейтінін және «Масс-медиа туралы» заңға қайшы екенін айтқан еді.



