Журналистерге жасалған шабуылдың бастамашысы қамауға алынды
Бүгін Ішкі істер министрлігі журналистерге жасалған шабуылдардың бастамашысы және ұйымдастырушысы Аркадий Клебановтың (Маневич) ұсталғанын хабарлады. Полицияның мәліметінше, оның бірқатар танымал журналистерге айтар жеке уәжі мен талаптары болған және шабуылдарды өз бетінше ұйымдастырған.
«Өзінің заңсыз жоспарларын жүзеге асыру үшін Клебанов-Маневич хакерлер мен орындаушыларды жалдаған. Ол арандатушылыққа өз бетінше барған. Ал орындаушыларға ақыны криптовалютамен операциялардан түскен пайдадан төлеген», - деп хабарлайды ІІМ.
Клебановқа (Маневичке) ҚР Қылмыстық кодекстің 115 «Қорқыту», 147 «Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу», 158 «Журналистік қызметке кедергі жасау», 202 «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» және 293 «Бұзақылық» баптары бойынша қылмыс жасады деген айып тағылды.
Ұсталған азамат өз әрекетін мойындап, соттың санкциясымен қамауға алынды.