«Әділ сөз» қоры: «Бажкеноваға шығарылған үкім негізсіз әрі өрескел біржақты»

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Гүлнәр Бажкеноваға шығарылған сот үкімінің мәтінін мұқият зерделеді. Үкімде пәтерлерді сату кезіндегі заңсыз кәсіпкерлікке қатысты бір эпизод, көрінеу жалған ақпарат таратудың сегіз эпизоды және «OrdaMedia.kz» ЖШС қаражатын иемдену мен ысырап етуге қатысты бір эпизод қарастырылған.
Қор шығарылған үкімді негізсіз әрі өрескел біржақты сипатқа ие деп бағалайды. Төменде қор заңгері Сергей Уткиннің үкімге жасаған талдауын ұсынамыз. «Әділ сөз» қорының неге мұндай қорытындыға келгенін түсіндіреміз.
№1 эпизод - 2025 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, 4 пәтер сату арқылы декларацияланбаған табыс табуы туралы
Бажкенова 2025 жылы 2023 жылы сатып алған 2 пәтерін сатқан. 2025 жылы қолданыста болған Салық кодексінің 331-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, жеке тұлғаның тұрғын үйді сату кезінде құн өсімінен түсетін табысы тұрғын үй бір жылдан аз уақыт меншігінде болған жағдайда ғана болады. Бажкенова аталған 2 пәтерді бір жылдан астам уақыт меншігінде ұстаған. Демек, бұл жағдайда салық салынатын табыс туындамаған. Сәйкесінше, алынған табысты декларациялау міндеті де болмаған.
Қазақстанда жыл сайын азаматтар бір жылдан астам уақыт иелігінде болған жүздеген мың пәтер мен тұрғын үйді сатады. Алайда олардың ешқайсысына сатылған тұрғын үйдің құн өсімінен түскен табысын декларацияламады деген талап қойылмайды.
Соған қарамастан, сот Бажкенованың бір жылдан астам уақыт меншігінде болған жоғарыда аталған екі пәтерінен түскен 35,5 млн теңге мөлшеріндегі табысын заңсыз кәсіпкерліктен алынған табыс деп есептеген.
Бұған қоса Бажкенова 2025 жылы осы жылы сатып алған тағы 2 пәтерін сатқан. Бажкенова бұл пәтерлерге бір жылдан аз уақыт иелік еткендіктен, екі пәтердің құн өсімінен түскен мүліктік табысы 4 млн теңгені құраған. Алайда сатып алушылар сатып алу-сату шартында көрсетілген пәтерлердің құнынан бөлек, Бажкеноваға күрделі жөндеуге жұмсалған шығынның өтемақысы ретінде 81,7 млн теңге төлеген. Сот бұл соманы да пәтерлердің құн өсімінен түскен табыс деп есептеген.
Осылайша, соттың пікірінше, Бажкенованың заңсыз кәсіпкерлікпен тапқан жалпы табысы 121,2 млн теңгені құраған. Оның ішінде: 35,5 млн теңге - бір жылдан астам уақыт Бажкенованың меншігінде болған 2 пәтердің құн өсімінен түскен табыс; 85,7 млн теңге - бір жылдан аз уақыт меншігінде болған 2 пәтердің құн өсімінен түскен табыс.
Алайда 2025 жылы қолданыста болған Салық кодексінің 330-бабы 3-тармағына сәйкес, тұрғын үйдің құн өсімінен түсетін табысты қамтитын мүліктік табыс жеке кәсіпкердің табысы болып саналмайды. Бұл дегеніміз - мүліктік табыс алатын жеке тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті емес.
Қазақстанда бір жылдан аз уақыт меншігінде болған тұрғын үйді сатудан түскен құн өсімінен алынған мүліктік табысын декларацияламаған мыңдаған салық төлеушіге жыл сайын салық органдары салық есептелгені туралы хабарлама жібереді. Алайда мұндай салық төлеушілердің ешқайсысына жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені үшін талап қойылмайды және тиісінше, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін қылмыстық іс те қозғалмайды.
Соған қарамастан, сот Бажкенованы ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы («Заңсыз кәсіпкерлік») бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартқан. Оған мүліктік табысты жеке кәсіпкер ретінде міндетті тіркеуден өтпей алды деген болжам негіз болған. Ал Салық кодексінің 330-бабы 3-тармағына сәйкес, мұндай жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талап етілмейді.
Демек, Бажкенованың әрекетінде Қылмыстық кодекстің 214-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы жоқ.
Сот Бажкенованы ҚР ҚК-нің 214-бабы - заңсыз кәсіпкерлік бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартқан. Бірақ ол алған қаражат мүліктік табыс болған, ал 2025 жылы қолданыста болған Салық кодексінің 330-бабының 3-тармағына сәйкес, мұндай табыс алған жеке тұлғаға ЖК ретінде міндетті түрде тіркелу талап етілмеген. Сондықтан Бажкенованың әрекетінде 214-бап бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы жоқ.
№2 эпизод – жәбірленуші пара алу кезінде ұсталды делінген Алматы қаласы прокурорының орынбасары Ауғанбаевқа қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату
30 мамыр 2024 жылы «Орда» басылымында «Взятки гладки: зам. прокурора Алматы Ауганбаева арестовали?» деген материал жарияланған. Мақалада редакция прокуратурадағы дереккөзіне сүйеніп, Ауғанбаевтың 600 мың доллар пара алған кезде ұсталғаны туралы ақпарат келтірген. Бірақ бұл ақпаратты прокуратура да, полиция да, Антикор да растамағаны, ал Бас прокуратура оны «фейк» деп атағаны, ал Ауғанбаевтың ресми түрде еңбек демалысында болғаны жазылған. Алайда біздің дереккөзіміз прокурор орынбасарына қатысты қиындық бірнеше ай бұрын басталғанын айтты. Алдымен Ауғанбаев тергеу жұмыстарынан шеттетілді (ол Алматы қаласы прокурорының тергеу ісі бойынша орынбасары болған), ал мамыр айының басынан прокуратура атынан айыптау актілерін бекіту міндеті Шәріповке жүктелген. 15 мамырдан бастап ол жұмысқа мүлдем келмеген. Біз қалалық прокуратураға хабарласқанымызда, оның «жоспардан тыс демалыста» екенін айтты. Ал кеше оның пара алуы және ұсталуы туралы ақпарат тарады...», делінген.
Сот үкімінде Бажкенованың жәбірленушінің пара алғаны үшін ұсталғаны туралы ақпаратты чат-бот арқылы алғанын көрсеткен. Ал материалда аталған ақпаратты мемлекеттік органдардың ешқайсысы растамағаны, ал Бас прокуратура оны «фейк» деп атағаны тікелей жазылған. Демек, Бажкенова өзіндегі ақпаратта ұсталғаны туралы және бұл ақпаратты ешкім растамағанын ашық көрсеткен. Нәтижесінде оқырман аты аталмаған дереккөзден (қоғамдық маңызына байланысты сілтеме жасалған) және ресми органдардан объективті ақпарат алады; бұл жерде мақалада аты аталмаған дереккөз бен мемлекеттік мекемелерден алынған ресми ақпараттың қайсысына көбірек сену керектігі туралы нақты қорытынды жасалмайды.
Сот Бажкенованың Ауғанбаевқа қатысты жалған ақпаратты қасақана таратуға не түрткі болғанын (материалдық пайда табу, кек алу және т.б.) анықтамаған. Мақала жарияланған кезде Бажкенованың прокуратурадағы аты аталмаған дереккөзден алған ақпараттың жалған екеніне сенімді болғанын растайтын дәлелдер де ұсынылмады.
Осылайша, Бажкенованың жалған ақпаратты жариялаудағы қасақана ниеті дәлелденбеді деп есептейміз. Сотта Бажкенованың түсіндіргеніндей, мемлекеттік органдардың қоғам үшін маңызды ақпаратты жасыруға мүдделілігін ескере отырып, ол ресми ақпаратқа күмәнмен қарайды. Қалай болғанда да, ҚР ҚПК-нің 19-бабы 3-бөлігіне сәйкес, күдіктінің, айыпталушының, сотталушының кінәлілігіне қатысты сейілмейтін күмән олардың пайдасына шешілуге тиіс. Бұл дегеніміз, егер жалған ақпаратты тарату ниеті 100% сенімділікпен дәлелденбесе, сотталушы мақала жариялаған сәтте таратқан ақпаратының шынайылығына сенімді болған деп есептеледі. Мақала мәтінінен Бажкенованың өзіндегі барлық ақпаратты оқырманға жеткізгені және қай дереккөзге көбірек сену керектігін тікелей айтпағаны көрінеді.
Демек, Бажкенованың осы эпизод бойынша әрекетінде ҚР ҚК-нің 274-бабында («Көрінеу жалған ақпарат тарату») көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы жоқ.
№3 эпизод - жәбірленуші «Авангард ЛТД» ЖШС-не қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату туралы. ЖШС бұған дейін жекешелендірілген Қарағандыдағы Ленин атындағы кинотеатрдың соңғы меншік иесі болған. Прокуратураның арызы бойынша кинотеатр мемлекетке қайтарылған
«Орда» 2024 жылдың аяғы мен 2025 жылдың басында Қарағандыдағы Ленин атындағы кинотеатрға қатысты прокуратураның арызы бойынша қаралған азаматтық іс туралы материал жариялаған. Кинотеатр жекешелендірілгеннен кейінгі 25 жыл ішінде жасалған барлық мәмілелер жарамсыз деп танылуына байланысты мемлекетке қайтарылған. Материалда кинотеатрды жекешелендіру кезінде Қарағанды облысының әкімі болған, кейін министр және Н.Назарбаевтың көмекшісі қызметтерін атқарған Мәжит Есенбаевтың ықтимал заңбұзушылықтарға қатысы болуы мүмкін екені айтылған. Ол кинотеатр ғимаратының тарихи-мәдени ескерткіш мәртебесінен айырылуына және символикалық сомаға жекешелендірілуіне ықпал етуі мүмкін деген болжам келтірілген. Кинотеатрды 2019 жылғы мәміле арқылы иеленген жәбірленуші тарап «Авангард ЛТД» ЖШС-нің Мәжит Есенбаевпен байланысы бар екені көрсетілген. Себебі аталған компанияның құрылтайшысы - Есенбаевтың туысы Алан Маликович Есенбаев болған.
Сараптама қорытындысымен жарияланған материалда жәбірленуші «Авангард ЛТД» ЖШС-не қатысты жағымсыз мәліметтер жоқ екені анықталған. Сот үкімінде де «Орда» басылымында жарияланған материалдың салдарынан жәбірленуші «Авангард ЛТД» ЖШС-не нақты қандай елеулі зиян (залал) келтірілгені көрсетілмеген. Ал бұл Бажкенованы ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болды. Нәтижесінде сот Бажкеновадан «Авангард ЛТД» ЖШС пайдасына тек заң көмегі үшін жұмсалған 3 млн теңге шығынды өндіріп алған.
Тағы бір маңызды жайт: сот «Авангард ЛТД» ЖШС-ні кинотеатр ғимаратын адал сатып алушы деп танымаған, осыған байланысты ғимаратты мемлекетке қайтарған. Бұл компанияға қатысты көрінеу жалған ақпарат таратылмағанын көрсетеді.
Осылайша, мақалада жәбірленуші «Авангард ЛТД» ЖШС-не қатысты жағымсыз мәліметтердің болмауына және оған елеулі зиян (залал) келтірілгені дәлелденбеуіне байланысты, Бажкенованың осы эпизод бойынша әрекетінде ҚР ҚК-нің 274-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы жоқ.
№4 эпизод - жәбірленуші ЖК Толғанбаева Г.А-ға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату туралы. Бизнес-орталықтағы кеңсені су басуына байланысты жалға алушы «BInTech» ЖШС-мен болған арбитраждық дауға қатысты
2024 жылғы 25 қарашада «Орда» журналисі М.А.Масальская «Убытки в 27 млн: как арендатора заставляют заплатить за то, что его офис затопили» деген тақырыппен материал жариялаған. Онда бизнес-орталықтың иесі, жалға беруші ЖК Толғанбаева Г.А. мен жалға алушы «BInTech» ЖШС арасындағы дау бойынша арбитраждық сот шешімін сынаған. «BInTech» ЖШС жалға алған кеңсеге жоғарғы қабаттан су аққан. Нәтижесінде бағалау компаниясы жалға алушыға 27 млн теңге көлемінде залал келгенін анықтаған. Алайда арбитраж шешімі бойынша жалға беруші ЖК Толғанбаева Г.А. келтірілген шығынды өтемек түгілі, керісінше, жалға алушыдан 7 млн теңге өндіріп алған.
Сараптама қорытындысы жарияланған материалда Толғанбаева Г.А.-ға қатысты жағымсыз ақпараттың бар екені анықталған. Алайда бұл ақпарат болжам, бағалау сипатындағы пікірлер және үшінші тұлғаларға жасалған сілтемелер түрінде берілген. Жағымсыз ақпарат оқырмандарда арбитраж шешімі заң талаптарын бұза отырып шығарылған деген пікір қалыптастыруы, сондай-ақ арбитраждың және жалға беруші Толғанбаева Г.А.-ның әрекеттеріне қатысты теріс әрі сыни көзқарас туындатуы мүмкін болғанымен, Бажкенованы болжам, бағалау сипатындағы пікірлер және үшінші тұлғаларға сілтемелер түрінде берілген ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Себебі мұндай ақпарат нақты фактілер туралы мәлімдеме түрінде емес, болжамдар мен бағалау пікірлері түрінде берілген.
Бұдан бөлек, сот Бажкенованың ЖК Толғанбаева Г.А.-ға қатысты жалған ақпаратты қасақана таратудағы уәжін (пайдакүнемдік, кек алу және т.б.) анықтамаған. Сот Бажкенованың материал жарияланған кезде ондағы ақпараттың жалған екеніне сенімді болғанын дәлелдейтін ешқандай дәлел келтірмеген. Осыған байланысты ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша міндетті болып табылатын ақпараттың көрінеу жалған екенін білу белгісі («заведомость») дәлелденбеген.
Демек, Бажкенованың осы эпизод бойынша әрекетінде ҚР ҚК-нің 274-бабында («Көрінеу жалған ақпарат тарату») көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы жоқ.
№5 эпизод - жәбірленуші балық инспекторы Сыздықов А.Т-ға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату туралы. Мемлекеттің мәдениет үйінде зейнетке шығуына орай Мемлекеттік әнұранды қосып әкімнің қатысуымен той жасаған
2025 жылғы 8 шілдеде «Орда» басылымында журналист Сандуғаш Дүйсенованың аталған шара туралы «Билборд, книга и гимн. В области Жетысу частный праздник рыбинспектора превратили в государственный» деген материалы жарияланған.
Сот үкімінде Бажкенованың Сыздықов А.Т. туралы нақты қандай көрінеу жалған мәліметтерді фактілерді растайтын тұжырым түрінде таратқаны көрсетілмеген.
Сот үкімінің сипаттау бөлімінде: «Менмендік шектен асқанда, тіпті балық инспекторы да ұлттық қаһарман сияқты құрметпен зейнетке шыға ма? Жетісу облысы Сарқан ауданындағы Мұқан Төлебаев ауылында Солтүстік Кореядағыдай шоу ұйымдастырылды. Тек Ким жоқ. Бірақ әнұран, кітап және үлкен баннер бар», деген дәйексөз келтірілген. Келтірілген үзіндіде ешқандай жалған ақпарат жоқ.
Жергілікті мемлекеттік органның өткен жиынға қатысты жауабы редакцияға материал жарияланғаннан кейін келіп түскен. Сондықтан бұл жауап Бажкенованың көрінеу жалған ақпарат таратуға қасақана ниеті болғанын дәлелдей алмайды.
Мұнда тағы бір маңызды жайт: материалда Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заңының 9-бабы талаптарын бұза отырып, жеке шара кезінде Мемлекеттік Әнұранның орындалғаны түсірілген бейнежазба жарияланған. Өйткені бұл жиын ресми мемлекеттік мерекеге арналмаған.
Соған қарамастан, сот ҚПК-нің 405-бабының 1-бөлігін бұза отырып, заңдылықтың бұзылуына байланысты жеке қаулы шығармаған және тиісті шаралар қабылдау туралы мәселе көтермеген.
Сот Бажкенованың Сыздықов А.Т.-ға қатысты факті түрінде қандай жалған мәліметтер таратқанын анықтамаған, аталған мәліметтерді таратуға оның қасақана ниеті болғаны дәлелденбеген. Бажкенованың осы эпизод бойынша әрекетінде ҚР ҚК-нің 274-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы жоқ.
№6 эпизод - заң талаптарын бұза отырып, мұнай қалдықтарын орналастырған жәбірленуші «ECSAD» ЖШС-не қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату туралы
Материал 2025 жылғы 9 шілдеде «Орда» басылымында журналист Сандуғаш Дүйсенованың авторлығымен «Опасные нефтяные отходы под Тенгизом: что ответила компания ECSAD» деген тақырыппен жарияланған.
Сот Бажкенованың «ECSAD» ЖШС-не қатысты жалған ақпаратты қасақана таратудағы уәжін (пайдакүнемдік, кек алу және т.б.) анықтамаған. Сондай-ақ сот Бажкенованың материал жарияланған кезде қалдықтардың заң талаптарын бұза отырып орналастырылғаны туралы ақпараттың жалған екенін білгенін немесе соған сенімді болғанын дәлелдейтін ешқандай айғақ келтірмеген.
Жәбірленуші «ECSAD» ЖШС Бажкеноваға қарсы 10 млн теңге моральдық шығын өндіріп алу туралы азаматтық талап қойған. Алайда заңды тұлғаға моральдық зиян келтірілуі мүмкін емес, өйткені мұндай зиян тек жеке тұлғаларға келтірілуі мүмкін. Сонымен қатар сот үкімінде бұдан өзге қандай да бір елеулі зиянның (залалдың) келтірілгені көрсетілмеген. Ал елеулі зиян келтіру фактісі ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тартудың міндетті белгісі болып табылады.
Осылайша, Бажкенованың көрінеу жалған мәліметтерді тарату ниетінің дәлелденбеуі, жәбірленуші «ECSAD» ЖШС-не даулы мақаламен елеулі зиян (залал) келтіруінің анықталмауы салдарынан осы эпизод бойынша Бажкенованың әрекетінде ҚК-нің 274-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ.
№7 эпизод - алаяқтық бойынша қылмыстық іс тергелген жәбірленуші Омарханов А.О-ға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату туралы
2025 жылғы 15 тамызда «Орда» басылымында журналист Д.М. Бекболаеваның авторлығымен «Почему сына экс-секретаря Совбеза Оксикбаева обвинили в мошенничестве на сотни миллионов тенге?» деген материал жарияланған. Мақалада Омархановқа қатысты тергеліп жатқан қылмыстық іс туралы айтылып, бірнеше жәбірленушіге қатысты эпизодтар келтірілген. Бұл жерде Омархановтың кінәсі дәлелденді деген тұжырым жасалмаған, өйткені ол кезде тергеу әлі жүріп жатқан. Материал соңында редакция Омархановқа келтірілген күдікке қатысты өз ұстанымын білдіруді ұсынған. Сот үкімінде де Омархановқа қатысты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны расталған.
Кейіннен қылмыстық іс Омархановтың әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты тоқтатылған. Алайда бұл процессуалдық шешім материал жарияланғаннан кейін қабылданған. Демек, жарияланған кезде іс жүзінде жалған ақпарат таратылған жоқ. Бажкенова материал жарияланған сәтте Омархановқа қатысты қылмыстық істің болашақта тоқтатылатынын объективті түрде біле алмаған. Тиісінше, үкімде оның көрінеу жалған мәлімет таратқанын дәлелдейтін ешқандай айғақ келтірілмеген.
Осылайша, Бажкенованың осы эпизод бойынша әрекетінде ҚР ҚК-нің 274-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы жоқ.
№8 эпизод - жәбірленуші «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның топ-менеджерлерінің жеке бизнес-джетпен ұшқаны туралы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты
2025 жылғы 19 қыркүйекте «Орда» басылымында Бажкенованың авторлығымен «Топ-менеджмент КМГ летает частными бизнес-джетами стоимостью 100 тысяч долларов?» деген материал жарияланған. Мақаланың алғашқы жолдарында редакцияның қолында бар материалдары ұлттық компанияның топ-менеджменті ауқатты өмір сүріп жатыр деген болжам жасауға мүмкіндік беретіні айтылған.
Материалда ұшақтың маркасы мен жасалған рейстер туралы мәліметтер келтірілгеніне қарамастан, тергеу де, сот та құзыретті органдардан жолаушылар құрамына қатысты толық мәліметтерді, ұшу ақысын кім төлегенін анықтайтын деректерді сұратпаған. Жарияланған материалда аты аталған жәбірленуші тараптың лауазымды тұлғаларынан куә ретінде жауап алынбаған.
Сот тек жәбірленуші тараптың өкілінің түсініктемесімен шектелген. Ол материалда аталған сегіз рейстің тек біреуінің болғанын растаған.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот іс үшін маңызды мән-жайлардың толық, жан-жақты және бейтарап қарастырылуын қамтамасыз ете алмады.
Сот Бажкенованың «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға қатысты жалған ақпаратты қасақана таратудағы уәжін (пайдакүнемдік, кек алу және т.б.) анықтамаған. Сондай-ақ сот Бажкенованың материал жарияланған кезде жәбірленуші компанияның лауазымды тұлғаларының бизнес-джеттермен ұшқаны туралы ақпараттың жалған екенін білгенін немесе соған сенімді болғанын дәлелдейтін ешқандай айғақ келтірмеген.
Сот үкімінде жарияланған мақала нәтижесінде жәбірленушіге келтірілген елеулі зиян (залал) да анықталмаған. Жәбірленуші тараптың өкілі өз жауабында материал жарияланғаннан кейінгі үш күн ішінде компания акцияларының құны 296 теңгеге төмендегенін айтқан. Алайда сотқа бұл мәлімдемені растайтын ешқандай дәлел ұсынылмаған.
Сондай-ақ компания акциялары құнының басқа кезеңдермен салыстырғанда не себепті төмендегені, материал жарияланғаннан кейінгі үш күн ішінде қор биржасында акциялармен жасалған мәмілелердің саны мен көлемі зерттелмеген. Бұдан бөлек, 296 теңгенің бір акция құнының қанша пайызын құрайтыны да көрсетілмеген. Шын мәнінде, бұл шамамен 1 пайызды ғана құрайды.
Осылайша, Бажкенованың көрінеу жалған мәліметті таратуға қасақана ниеті болғаны және жәбірленушіге елеулі зиян (залал) келтірілгенінің дәлелденбеуіне байланысты, осы эпизод бойынша Бажкенованың әрекетінде ҚК-нің 274-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ.
№9 эпизод - жәбірленуші «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға қатысты Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші жолындағы кемшіліктер туралы көрінеу жалған ақпарат тарату туралы
Материал 2025 жылғы 6 қазанда «Орда» басылымында журналист Сандуғаш Дүйсенованың авторлығымен «Дорога Достык - Мойынты оказалась декорацией. Что скрыли от президента Токаева?» деген тақырыппен жарияланған. Келесі күні, 2025 жылғы 7 қазанда, «Ордада» жәбірленуші тараптан келіп түскен, барлық кемшіліктердің жойылғаны туралы пресс-релиз жарияланған.
Сот Бажкенованың жоғарыда аталған материалды автор Дүйсенованың өзі түсіріп, ұсынған бейнематериалдарға сүйене отырып жариялағанын анықтаған. Сотта Дүйсенова түсірілімнің нақты қай жерде жасалғанына сенімді емес екенін айтқан. Нәтижесінде сот жарияланған материалға негіз болған барлық фотосуреттер мен бейнежазбаларды жарамсыз деп таныды.
Соттың іс үшін аса маңызды дәлелдерді зерттеуден және теміржолдың даулы учаскесінің түсірілген жеріне қатысты барлық мән-жайды анықтаудан жалтарғаны көрінеді. Аталған видео-дәлелдерді алып тастамай теміржолдың нақты қай учаскелері түсірілгенін анықтау қажет еді.
Қалай болғанда да, Бажкенова мақаланы жариялау туралы шешімді өзіне ұсынылған видео материалдың негізінде қабылдаған. Бұл оның көрінеу жалған ақпаратты жариялауға қасақана ниеті болмағанын көрсетеді, өйткені Бажкенова мақалада жарияланған мәліметтердің шындыққа сәйкес келетініне сенімді болған.
Осылайша, Бажкенованың көрінеу жалған мәліметті таратуға қасақана ниеті болғаны дәлелденбегендіктен, осы эпизод бойынша оның әрекетінде ҚК-нің 274-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ.
№ 10 эпизод - жәбірленуші «OrdaMedia.kz» ЖШС-не тиесілі 88 144 127 теңгені иемдену және талан-таражға салуға қатысты
2025 жылы жәбірленуші «OrdaMedia.kz» ЖШС-нің шотынан Бажкенова ұлының оқу ақысын төлеу үшін «Haileybury Almaty» КЕАҚ-ның шотына 4 644 127 теңге аударған. Сотта «OrdaMedia.kz» ЖШС бухгалтері А.К. Ботагарованың берген жауабына сәйкес, бұл ақша жеке банк есеп-шотына шектеу қойылғандықтан Бажкеноваға берешек (қайтарылатын ақша) қаражат ретінде рәсімделген. «OrdaMedia.kz» ЖШС-нің бухгалтерлік есебінде Бажкенованың атына (қайтарылатын ақша) қаражат бойынша ресми түрде түбіртек тіркелген. Бажкенова бұл берешекті мойындайды және алғашқы мүмкіндік туған кезде оны қайтаруға міндеттенеді.
Соған қарамастан, сот аталған 4 644 127 теңгені Бажкенова ұрлаған ақша деп таныған.
2025 жылдың ішінде Бажкенованың тапсырмасымен «OrdaMedia.kz» ЖШС-нің шотынан «ИП Абдукапаров И.Е.» шотына 83,5 млн теңге аударылған. Бұл қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, «ИП Абдукапаров И.Е.» төлеген салық сомасы шегеріліп, Бажкеноваға берілген. Бажкенованың, «OrdaMedia.kz» ЖШС бухгалтері А.К. Ботагарованың және ЖК Абдукапаров И.Е.-нің сотта берген жауаптарына сәйкес, бұл қолма-қол ақша Бажкенованың нұсқауы бойынша «Орда» журналистеріне жалақының бір бөлігі ретінде «конвертпен» берілген. Мұндағы мақсат - салық төлеуден жалтару болған. Журналистер қолма-қол алған әрбір сома бойынша қолхат берген. Бұл қолхаттар «OrdaMedia.kz» ЖШС бухгалтериясында сақталған, себебі аталған ЖШС-де «қосарлы» бухгалтерлік есеп жүргізілген. Сотта куә ретінде жауап берген «Орда» журналистері де жалақыларын екі бөлікке бөліп алғандарын растаған: бір бөлігі банк шотына аударылған, ал екінші бөлігі қолма-қол, «конвертпен» берілген.
Сот Бажкенованың «OrdaMedia.kz» ЖШС-нен жоғарыда аталған қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражаттың журналистерге жалақының бір бөлігін төлеуге жұмсалғанын растайтын құжатты (журналистердің қолхаттарын) сұрату туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Нәтижесінде сот іс үшін маңызы бар: қолма-қол ақша кімге, не үшін және қандай мөлшерде берілгенін, сондай-ақ ЖК Абдукапаров И.Е.-нің салығын төлеу үшін оның шотында қанша қаражат қалғанын анықтамаған.
Жоғарыда аталған мән-жайды анықтаудың орнына, сот ЖК Абдукапаров И.Е.-нің шотына аударылған 83,5 млн теңгенің барлығын Бажкенова ұрлаған ақша деп таныған.
Бажкенова мен куәлардың «OrdaMedia.kz» ЖШС-де «қосарлы» бухгалтерлік есеп жүргізілгені және журналистерге жалақының бір бөлігінің заңнамада белгіленген салықтар мен басқа да міндетті төлемдер төленбестен қолма-қол берілгені туралы ресми берген жауаптарына қарамастан, сот ҚПК-нің 405-бабы 1-бөлігінің талаптарын бұза отырып, анықталған заң бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларды тексеру және жауапкершілікке тарту үшін жеке қаулы шығармаған.
Жалпы алғанда, сот Бажкеноваға 88 144 127 теңге (4 644 127 + 83 500 000) жымқырды деген айып таққан. Осыған байланысты оны ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартқан.
Ресми түрде қайтарылуға берілген ақша, сондай-ақ жәбірленуші «OrdaMedia.kz» ЖШС қызметкерлеріне жалақы ретінде қолма-қол төленген ақша (тіпті бұл ретте салық заңнамасы бұзылған болса да) Бажкенова ұрлаған, иемденген немесе ысырап еткен ақша болып саналмайды.
Сондықтан Бажкенованың әрекетінде ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ.
ҚОРЫТЫНДЫ:
1.Бажкенова пәтер сату кезінде заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналыспаған және ЖК ретінде тіркелуге міндетті болмаған, өйткені алған мүліктік табысы ЖК табысы болып саналмайды. Осыған байланысты оны ҚР ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтары бойынша заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартқан.
2. Бас редактор ретінде Бажкенова өзіне тағылған 8 эпизодтың ешқайсысы бойынша көрінеу жалған ақпаратты қасақана таратпаған, өйткені ақпаратты жариялаған кезде оның шынайылығына сенімді болған. Осыған байланысты оны ҚР ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтары бойынша заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартқан.
3. Бажкенова «OrdaMedia.kz» ЖШС-ден 88 144 127 теңгені жымқырған жоқ; тиісінше, ол Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылған.



