Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Журналистерді қорғау комитеті Диана Сапарқызына жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме жасады

23 тамыз 2023

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қарағандыдағы «АрселорМиттал Теміртау» кенішіндегі оқиғаны жазған журналист Диана Сапарқызына жасалған шабуылды тергеуді талап етті. Төменде мәлімдеменің толық мәтіні берілген.

«Қазақстан билігі жақында журналист Диана Сапарқызына қатысты орын алған күш қолдану фактісін дереу тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартып, баспасөз өкілдеріне қоғамдық маңызы бар оқиғаларды кедергісіз жариялауға мүмкіндік беруі тиіс. Бұл туралы сейсенбі күні Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) хабарлады.

Жұма, 18 тамызда Қарағанды облысындағы «Казахстанская» кенішінде болған оқиғадан хабар тарату кезінде ҚазТАГ тәуелсіз ақпараттық агенттігінің тілшісі Сапарқызын белгісіз бес ер адам кеніш аумағынан сүйреп алып шығып, телефонын тартып алған. Бұл туралы мессенджер арқылы байланысқан CPJ мен БАҚ-қа журналистің өзі хабарлады.

17 тамызда шахтада өрт шығып, бес кенші қаза тапты. Кенішке иелік ететін «АрселорМиттал Темиртау» компаниясы «АрселорМиттал» тобына кіреді және өзін Қазақстандағы ең ірі тау-кен және металлургиялық компания деп атайды. Компания аймақтағы шахталарындағы өлім санының көптігімен танымал, бірақ Сапарқызы CPJ-ке журналистер жылдар бойы «АрселорМиттал» нысандарына кіре алмай жүргенін айтты. Оның пайымынша, компания қызметкерлері қайғылы оқиғаны жариялатпау үшін оны компания аумағынан күштеп сүйреп алып шыққан.

CPJ «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына электрондық пошта арқылы түсініктеме сұрап сұрау жіберді, бірақ жауап ала алмады.

Нью-Йоркте CPJ бағдарламасының директоры Карлос Мартинес де ла Серна: «Журналист Диана Сапарқызының кеніште орын алған трагедия туралы хабар тарату кезінде дөрекі түрде қуылуы, оның маңызды қоғамдық оқиғаларды көрсетуіне қасақана кедергі жасау болып табылады», - деп мәлімдеді. «Қазақстан билігі журналистерге қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермейтінін және баспасөздің қоғамдық маңызы бар қайғылы оқиғаларды жариялау құқығын қорғауды нақты көрсету үшін жауаптыларды тексеріп, жауапқа тартуы керек» делінген.

Сапарқызы CPJ-ке «АрселоМиттал Теміртау» компаниясы өрт туралы қысқаша баспасөз хабарламасын жариялаған соң және журналистерді алдын ала ұйымдастырылған баспасөз конференциясына ғана жібергеннен кейін «Казахстанская» кенішіндегі оқиғадан хабар таратпақ болған.

Ол өзінің журналист екенін айтпастан «Казахстанская» кенішіндегі компания кеңсесіне кіріп, қаза тапқан кеншілердің туыстарымен бірнеше сұхбатты жазып алған. Компанияның баспасөз қызметкерлері Диананы таныған соң, күзетшілерге «оны қуып шығуды» бұйырған.

Сапарқызының айтуынша, оқиға орнында форма киген күзетшілер болған, бірақ оған қарапайым киімдегі бес адам шабуыл жасаған. Олар өздерін таныстырмай, қолынан қатты ұстап, ғимараттан сүйреп шығарған. Ер адамдар оның заттары салынған рюкзагін тартып алып, заттары мен жабдықтарын, соның ішінде көзілдірік пен штативті лақтырып, Диананы кеніш қақпасына сүйреп апарған.

Журналист Сапарқызы ер адамдарды ұялы телефонына түсіре бастағанда, бірі оның артынан екі қолымен сүйреп, ал екіншісі телефонды тартып алған. Журналистің сөздері CPJ-ге берген оқиғаның кадрларымен расталады. Ер адам Сапарқызы түсірген видеожазбаларды өшіріп тастаған. Есікке қарай сүйреп жүргенде шабуылдаушылар телефонды түсіріп алған алған, бірақ журналист өшірілген видеоны қалпына келтіре алды.

Журналистің қолы көгеріп қалды, ол полицияға арыз жазып, сот-медициналық сараптамадан өткен. Сапарқызының айтуынша, 22 тамызға дейін полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғамаған.

21 тамызда қазақстандық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры мәлімдеме жасап, журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргендерді жауапқа тартуды талап етті. Шабуылдаушылардың соншалықты батыл әрекет еткенін, өйткені Қазақстанда мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікке сирек тартылатынын атап өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында осындай екі жағдай ғана сотқа жетті, деп мәлімдеді құқық қорғау ұйымы.

CPJ Қарағанды облысының полиция департаменті және облыс прокуратурасымен телефон, электронды пошта, мессенджерлер арқылы байланысуға тырысты, бірақ ешкім жауап бермеді.
 

Өз сұрағыңызды қойыңыз