Журналист Кирилл Павловтың ұсталуына байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының мәлімдемесі

Бүгін, 2025 жылғы 14 қарашада, сағат 11:00 шамасында Қостанайда іссапарда жүрген журналист Кирилл Павлов ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Сағат 14.00-дегі жағдай бойынша (үш сағат өткеннен кейін) полиция ұстау туралы ешқандай іс жүргізу құжаттарын толтырған жоқ, бұл заңнама талаптарына қайшы келеді.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ұстау Астанада ӘҚБтК-нің 456-2-бабы («жалған ақпарат тарату») бойынша № 7120-25-00-3/44101 болып бүгін тіркелген әкімшілік іспен байланысты, ал полиция ұстау туралы Астанадан келген жазбаша тапсырмамен Павловты таныстырмаған. Бұл Конституцияның 18-бабы 3-тармағын бұзу болып табылады.
Істе негізге алынған 13.10.2025 жылғы хаттамаға бұрын шағым жасалған. Сот шағымды 07.11.2025 жылы қанағаттандырудан бас тартқан. Осы қаулы бүгін апелляциялық тәртіппен дауланды. Сонымен қатар, судья Н.О.Сағидолдинаға апелляциялық шағым аяқталғанша істі қарауды кейінге қалдыру туралы өтініш берілді.
Шамамен төрт сағаттан кейін Павловқа таңғы сағат 10.30-да толтырылды деген ұстау туралы хаттама берілді, оған қол қойылғаннан кейін Павлов босатылды.
К.И.Павловты ұстаудың мақсаты мен негізін хаттаманың мазмұнынан анықтау мүмкін емес.
Павловтың ісі бойынша сот отырысын бүгін, 2025 жылғы 14 қарашада сағат 16:30-ға өткізу туралы Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан хабарлама келіп түсті.
«Әділ сөз» қоры журналист Кирилл Павловтың конституциялық және процессуалдық құқықтарын қатаң сақтауды және құқық қорғау мен сот органдарынан ашықтықты, объективтілікті және бейтараптық кепілдіктерін талап етеді.



