Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Журналистерді аккредиттеу ережесі сөз бостандығын шектемеуі керек

25 шілде 2024

Кеше Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ашық НҚА» порталында журналистерді аккредиттеудің үлгілік қағидаларын және аккредиттеу картасын беру тәртібі жобасын жариялады.  


Жұмыс тобының мүшелері «Масс-медиа туралы» Заң жобасынан заңға тәуелді актілердің тармақтарын алып тастауға қол жеткізген еді. Ешбір ереже немесе заңға тәуелді актілер заңға қайшы келмеуі және журналистке шектеу қоймауы керек.
1.    Аккредиттеу қағидалары жобасында журналистерді толғандыратын негізгі сұраққа жауап жоқ: аккредитациядан өтпеген журналист аккредиттеуші ұйымнан ақпарат алуға құқылы ма?


Журналистің жалпы құқықтары «Масс-медиа туралы» Заңның 26-бабының 3-тармағында көрсетілген: ақпарат алуға; мемлекеттік органдарға, барлық меншік нысанындағы ұйымдарға баруға және олардың лауазымды адамдарының қабылдауына кіруге; жазбалар жүргізуге оның ішінде аудиовизуалды жабдықты пайдалана отырып жазуға; мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, құжаттар мен материалдарға қол жеткізуге және т.б құқылы.


«Масс-медиа туралы» Заңда аккредиттеу туралы басқа да нормалар бар, бірақ ол еш жерде аккредитациясы жоқ журналистің ақпарат алуға, құжаттарға қол жеткізуіне, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға баруына, лауазымды тұлғалардың қабылдауына кіруіне және т.б. тікелей тыйым салынбаған.


«Масс-медиа туралы» Заңның 28-бабының 2-тармағына сәйкес журналистке аккредитация берген мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдар оны жиналыс, кездесу, өзге де іс-шаралар туралы алдын ала хабардар етуге және оған стенограмманы, хаттаманы және басқа да құжаттарды беруге міндетті. Аккредиттелмеген журналист мемлекеттік органдар мен ұйымдарға баруға, аккредиттеуші ұйымдардың құжаттарына қол жеткізуге және т.б. жалпы негізде құқылы. Демек, аккредитациясы жоқ журналист өз құқығынан айырылмауы керек, ал аккредиттелген журналист іс-шаралар туралы алдын-ала хабарламалар және құжаттардың дайындалған көшірмелері түрінде қосымша «бонустарды» ғана алады. Бұл ретте аккредиттелмеген журналист үшін мемлекеттік орган немесе ұйым «Масс-медиа туралы» Заңның 35-бабының 2-тармағына сәйкес ресми хабарламаларды (алдағы іс-шаралар туралы хабарламалар және т.б.) өздерінің интернет-ресурстарында жариялау арқылы тең шартта ұсынады.


Конституцияның 20-бабының 2-тармағына сәйкес әркiмнiң заңда тыйым салынбаған кез-келген тәсiлмен ақпаратты еркiн алуға және таратуға құқығы бар. Демек, егер заң аккредиттелмеген журналистің аккредиттеуші ұйымның іс-шараларына қатысуына тыйым салмаса, аккредиттелмеген журналист кез-келген ашық іс-шараларға қатысуға құқылы, ал ұйымдар сәйкесінше аккредиттелмеген журналисті осы іс-шараларға жалпы тәртіпте жіберуге міндетті. 


2.    Аккредиттеу ережесінің жобасында мемлекеттік органдардан алынған ақпарат жалпыға ортақ игілікке жатпайтынын білдіретін нормалар қамтылған. Журналистке таратылатын ақпарат авторлық құқықпен қорғалған меншік болып табылмайды және сәйкесінше оны үшінші тұлғаларға таратуға шектеу қоюға болмайды.
Журналистi аккредиттеудiң үлгiлік қағида жобасының 10-тармағының 1) тармақшасында аккредиттелген журналист өзiн аккредиттеген мемлекеттік орган мен ұйымнан алынған ақпаратты, оның атынан аккредиттеуге тиісті өтініш келіп түскен БАҚ-тан басқа, өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында таратуға құқығы жоқ деп айтылған, бұл Конституцияның жоғарыда аталған 20-бабына қайшы келеді, өйткені тыйым салуды заңмен емес, заңға тәуелді актілермен енгізу жоспарлануда.
Журналистің барлық міндеттері заңда көрсетілген. Қосымша міндеттер, әсіресе аккредиттеу ұйымынан алынған ақпаратты тек аккредиттеуді сұраған БАҚ-та жариялау, заңнамаға қайшы келеді және іс жүзінде мүмкін емес.


3.    Қағида жобасының қолданыстағы ережеден ерекшелігі - аккредиттеуші ұйымның міндеттерімен бірге (бұл тармақтар алынып тасталды) аккредиттелген журналистер үшін жаңа міндеттер пайда болды.
Журналисті аккредиттеудің типтік ережесінің мәні аккредиттелген журналист үшін ақпаратқа қарапайым және жедел қол жеткізудің минималды базалық стандартын қамтамасыз ету болып табылады. Аккредиттеудің үлгілік ережесінің жаңа жобасы аккредиттеуші ұйым «өз қызметінің ерекшелігін ескере отырып» өтінішті қабылдау және қарау тәртібін, мерзімін белгілеуді өзі ұсынады. Ереже жобасынан аккредиттеуші ұйымның аккредиттелген журналистке қатысты іс-шаралар туралы жедел хабарлау, іс-шараларға қол жеткізуді қамтамасыз ету, стенограмма, құжаттар ұсыну және т. б. міндеттері туралы ереже жоғалып кетті.


«Әділ сөз» қоры журналист пен БАҚ жұмысын реттейтін ережелер ақпаратқа қол жеткізуді қиындатпауы керек деп санайды. Ал ережені әзірлеу кезінде Қазақстан Республикасы қабылдаған сөз бостандығы саласындағы халықаралық міндеттемелердің, Конституцияның және қолданыстағы заңнаманың нормалары қатаң сақталуы тиіс.

4.    Үлгілік қағида жобасы заңда көзделмеген, демек қайшы келетін аккредиттеуден айырудың жаңа негіздерін белгілейді.
Үлгілік қағида аккредиттеуден айырудың заңда көзделмеген жаңа негіздерін белгілей алмайды. Ереже заң бұзушылықтарды, аккредиттеуден өте алмағанда дауласудың әдістері мен формасын тіркеу, аккредитацияны алу мерзімін белгілеу және басқа да заңда егжей-тегжейлі көрсетілмеген сұрақтарға жауап беруі керек.
Бұл тұрғыда үлгілік қағида жобасы заңға қарсы болып табылады және қабылданған жағдайда Қазақстандағы сөз бостандығын заңсыз шектейтін құжат ретінде Конституциялық сот арқылы шағымдануға болады.

ҰСЫНЫС 
«Әділ сөз» уәкілетті органға қағиданың мәтінін жетілдіру және оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтіру үшін үлгілік қағиданы сарапшылармен талқылауды ұсынады. Біздің қордан ереженің тармақтары бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданады.
 

Өз сұрағыңызды қойыңыз