Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Судьяның цензура енгізуіне жол берілмейді. «Әділ сөзден» құқықтық сараптама

19 мамыр 2023

 «Әділ сөз» қоры осы құқықтық шолуды Болат Назарбаев пен «Алматы Стекло» ЖШС арасындағы сот ісін жариялау кезінде Orda.kz сайты тап болған жағдайға қатысты дайындады. Orda.kz бұл процестен хабар таратқан жалғыз баспасөз.  Бірақ сот басылымға бұл іс туралы жазуға тыйым салды. Соған қарамастан талапкерге БАҚ өкілдеріне сұхбат беруге рұқсат етілді. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес судья жеке наным-сенімін ғана емес, ең алдымен заң нормаларын басшылыққа алуы керек. Ал басты заң – Қазақстан Республикасының Конституциясы цензураға тікелей тыйым салады.

Кейс Orda.kz

Orda.kz редакциясына Болат Назарбаевтың «Алматы Стекло» ЖШС-не қарсы арызы бойынша талқылау барысында айтылған ақпаратты сот шешімі шыққанға дейін жариялауға тыйым салынды.
Сот процесі Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында өтуде. Болат Назарбаевтың өкілдері соттан қоғамда жалған пікір туғызбау үшін БАҚ-та ақпарат жариялауға тыйым салуды сұрады. 
Судья өтінішті ішінара қанағаттандырды: Orda.kz-ке жариялауға тыйым салынды, ал жауапкерге бұқаралық ақпарат құралдарында сұхбат беруге рұқсат етілді.

Жағдайды талдау

Конституцияның 20-бабына сәйкес әркімнің ақпаратты еркін алуға және таратуға құқығы бар. Цензураға тыйым салынады. «БАҚ туралы» Заңның 20-бабына сәйкес журналист ақпарат алуға және таратуға құқылы. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 25-бабына сәйкес судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады. АІЖК-нің 6-бабына сәйкес сот азаматтық істерді қарау және шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы конституциялық заңдарының, осы Кодекстің, өзге де заңдардың Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының қолданылуына жататын нормативтік құқықтық актілердің талаптарын мүлтіксіз сақтауға міндетті.

Сотқа азаматтық істерді ашық сот отырысында қарау кезінде қатысушы журналистерге ашық сот талқылауы кезінде өздеріне белгілі болған ақпаратты таратуға тыйым салу құқығы берілмеген. Лауазымды тұлғаның ашық ақпарат таратуға тыйым салуы цензура болып табылады. Айта кетерлік жайт, сот журналистке жария ақпаратты, сондай-ақ белгілі бір тұлғаның пікірін алуға тыйым салу арқылы қоғамдық пікірге ықпал ету мақсатында талапкердің (Болат Назарбаев) өтініші бойынша оның жеке мүддесі үшін ақпарат таратуға тыйым салды. 

Судья әдебі кодексінің 2-бабына сәйкес судья қабылдаған процестік шешімдердің заңдылығы мен негізділігі қоғамдық талқылауға немесе оның қызметіне қандай да бір баға беруге қарамастан қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл норма судьяның жұртшылықтың сот процесін ашық талқылауға және судьяның іс-әрекетіне баға беруіне тыйым салуға құқығы жоқ екенін, бірақ өз міндеттін орындауы керектігін білдіреді.
Осылайша, судья Конституцияның, заңдардың және Судьялық әдеп кодексінің нормаларын анық бұзған.
Сонымен қатар, судьяның әрекетінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158-бабының 2-бөлігінде (Қызмет бабын пайдалана отырып, журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері бар. Қылмыстық-процестік кодекстің 180-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға БАҚ-тағы ақпарат себеп болып отыр.

«Әділ сөздің» ұсынысы:

«Әділ сөз» қоры судьяның ашық сот процесін көрсетуге тыйым салуын заңсыз деп танып, оның күшін жою керек деп санайды. Судьяның іс-әрекетінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158-бабының 2-бөлігінде көзделген «қызмет бабын пайдалана отырып журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар екенін ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау қажет деп санайды.
 

Өз сұрағыңызды қойыңыз