Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Orda.kz сайтына жасалған кибершабуылға байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының МӘЛІМДЕМЕСІ

11 мамыр 2025

Orda.kz редакциясы мен оның қызметкерлеріне қарсы кезекті цифрлық шабуылға байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры алаңдаушылық білдіреді.

Редакцияға бірнеше күннен бері Orda.kz сайтының Қазақстан аумағында бұғатталуы (қазақ және ағылшын тілдеріндегі нұсқалары қолжетімді); бас редактор мен басылым иесінің нөмірлеріне тәулік бойы техника мен үй жануарларын сату туралы жалған хабарландырулар негізінде қоңыраулар мен хабарламалардың түсуі; редакция қызметкерлерінің ар-намысына нұқсан келтіретін дипфейктердің таралуы сияқты жүйелі қысымдар жасалуда. Атап айтқанда, Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенованың атынан әлеуметтік желілерде «Өлмес полк» («Бессмертный полк») акциясына қатысуға шақырған хабарлама таратылған. Бұл жағдайда зардап шеккен жалғыз адам ол емес. Осындай дипфейктер ел премьер-министрі Олжас Бектеновтың, СҚО әкімі Гауез Нұрмұхамбетовтың, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың, медиа-менеджер Сырым Иткұловтың, журналистер Вадим Борейко мен Әсем Жапишеваның атынан да таратылған. Ал бұл акцияны ҚР ҰҚК атынан қолдамауға шақырған.

Мұндай әрекеттер кибербуллинг белгілеріне жатады және қоғамда тұрақсыздық туғызуға, жекелеген журналистерге психологиялық қысым көрсетуге бағытталған.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіретін жағдайлар жасау арқылы олардың қызметіне тосқауыл қоюға бағытталған жоғарыда аталған әрекеттер Қылмыстық кодекстің 158-бабы бойынша (Журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру), тіпті 255-бабы бойынша (Терроризм актісі – қоғамда қауіпті салдарға әкелетін қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға бағытталған әрекеттер жасау) қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін қамтуы мүмкін.

2022–2023 жылдары Қазақстанда тәуелсіз журналистер мен редакцияларға бірқатар шабуылдар жасалғанын еске саламыз. Олардың қатарына қауіп-қатер төндіру, автокөліктерді өртеу, монтаж көбігімен есіктерді бітеу, DDoS-шабуылдары, телефон буллинг және жеке деректерді тарату секілді әрекеттер кіреді. Бұл шабуылдардың ұйымдастырушысы Алексей Токарев пен тапсырыс беруші Аркадий Клебанов (Маневич) жауапкершілікке тартылды. Журналистер мен БАҚ-қа жасалған шабуылдары үшін Токарев 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, ал Клебанов психиатриялық ауруханада мәжбүрлі емдеуге жіберілді.

Бүгінгі Orda.kz сайтына жасалған шабуыл сол кезде қабылданған шаралар тәуелсіз редакцияларға қысым жасау мәселесін түбегейлі шешпегенін көрсетіп отыр. Қазіргі қауіп-қатерлер барған сайын күрделі сипат алуда — дипфейк технологияларын қолдану мен жеке деректерді тарату кең ауқымды манипуляцияларды қамтиды.

Осыған байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры:

- Құқық қорғау органдарын Orda.kz сайтына жасалған цифрлық шабуыл фактілері бойынша жан-жақты тергеу жүргізіп, қысым көрсетуді ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды анықтауға шақырады;

 - Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға кибербуллинг жағдайларына жедел әрекет ету және журналистерді қаралауға бағытталған дипфейктердің таралуына тосқауыл қою механизмдерін енгізу туралы ұсыныс білдіреді;

- Цифрлық қудалау – кибербуллинг соның ішінде жасанды интеллект технологиялары мен жеке деректерді пайдалану арқылы жасалған әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті көздейтін жеке норманы заңнамалық түрде бекіту қажеттігін маңызды деп санайды.

 2024 жылы Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске (ӘҚБтК) кәмелетке толмағандарға қатысты буллингке, соның ішінде онлайн нысандарға жауапкершілік белгілейтін 73-6-бап енгізілді. Алайда ересектерге (оның ішінде БАҚ қызметкерлеріне) қатысты кибербуллинг үшін арнайы бап жоқ. Әйелдерге, саясаткерлерге, журналистер мен белсенділерге қатысты онлайн шабуыл, қудалау, доксинг, слатшейминг және басқа да қысым түрлерінен қорғауды кеңейту қажет деп есептейміз.

Қор жағдайды бақылауды ұстап және цифрлық қысымға ұшыраған журналистерге заңгерлік кеңес беруге дайын.

Өз сұрағыңызды қойыңыз