Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Ботагөз Омарованың жағдайына қатысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының мәлімдемесі

21 наурыз 2026

Журналист Ботагөз Омарованың жағдайына «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры алаңдайды.

Омарова алдыңғы күні кешке ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы («көрінеу жалған ақпарат тарату»)  бойынша қозғалған қылмыстық істе қорғану құқығы бар куәгер ретінде полицияға шақырылған. Сол түні сағат 01:30 шамасында Ботагөз екі айға үйқамаққа алынды.

Журналист «Айтпа, Ботагөз!» Telegram-арнасында жалақысын алмаған жұмысшылардың пікірлерін келтірген. Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңының 68-бабына сәйкес: «Бұқаралық ақпарат құралы, сондай-ақ оның бас редакторы (редакторы), журналисі егер олар: (...) өкілді орган депутаттарының, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды немесе уәкілетті тұлғаларының, жеке және заңды тұлғалардың ресми сөздерін сөзбе-сөз қайта жарияласа, Қазақстан Республикасының заңдарына немесе заңды күшіне енген сот актілеріне сәйкес таратуға тыйым салынған немесе өзгеше түрде шектелген ақпаратты таратуды қоспағанда шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін жауапкершілікке тартылмайды» делінген.

Осыған байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры құзырлы органдарды істің мән-жайын объективті және жан-жақты тексеруге, сондай-ақ Ботагөз Омарованың құқықтары мен процессуалдық нормалардың қатаң сақталуына кепілдік беруге шақырады.

Қор ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау үшін міндетті түрде төмендегідей үш белгі болуы қажет екенін атап көрсетеді: таратылған ақпарат жалған болуы тиіс;
осы ақпаратты таратқан тұлға оның жалған екенін нақты білуі және соған қарамастан әдейі таратуы тиіс (яғни, қасақана белгісі); жалған ақпаратты тарату нәтижесінде елеулі зиян келтірілуі тиіс.

Қалған барлық жағдайлар әкімшілік немесе азаматтық заңнама шеңберінде қаралуы тиіс.

Қор заңдылық, ашықтық және әділдік қағидаттарын сақтау Қазақстан Республикасында сөз бостандығын қорғау үшін аса маңызды екенін мәлімдейді.

«Әділ сөз» аталған істі бұдан әрі бақылайды.

Өз сұрағыңызды қойыңыз