Украиналық Златослава Близнюкті депортациялауға жол бермеу туралы
Қазақстанның құқық қорғау ұйымдары ашық мәлімдеме жасады:
«Қазақстанның құқық қорғаушылары Украина азаматы Златослава Блюзнюк тұтқындалып, елден депортацияланбауы тиіс деп санайды.
Златослава 2017 жылдан бері Қазақстанда тұрады. Ерікті болып жұмыс істейді.Тұруға рұқсаты бар. Ол қамауға алынып, елден қуылатындай мемлекетімізге қандай зиян келтірді?
Оның келтірген «ауыр зияны» - Instagram-да Украинаны қолдайтын митинг өткізу туралы ақпаратты репост жасаған. Биліктің митингке рұқсат бермегенін білгеннен кейін ол бұл хабарламаны дереу өшіріп, теріске шығарған.
Соған қарамастан елордалық полицияның қырағы қызметкері жедел түрде хаттама толтырған. 30 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Сәдуақасова әкімшілік құқық бұзушылықтың болмауына байланысты істі қысқартқан.
Бірақ жағдайды пайдалануға тырысқан полицей дереу жаңа әкімшілік хаттама толтырған. Ол шетелдіктердің жауапкершілігін арттыруға баса назар аударды. 1 мамырда дәл сол сотта, бірақ басқа судья Сүлейменова «бір құқық бұзушылық үшін ешкімді қайтадан әкімшілік жауапкершілікке тартуға болмайтынын» ұмытып, құқық бұзушылықтың біліктілігін өзгерту үшін заңды негіздерді елемей, заң нормаларын өз бетінше түсіндіре отырып, З. Близнюкті 10 тәулікке қамауға алу және артынша Қазақстаннан шығару туралы қаулы шығарған.
Адвокаттар Рена Керимова мен Елена Жигаленок Қазақстандағы Украина консулымен келісіп Златослава Блюзнюкті қорғауға кірісті. Жоғары сот органдары бейбіт адамды, әйелді соғыс жүріп жатқан елге шығару ісін дұрыс бағалайды деп үміттенеміз. Бірақ мынандай сұрақтардың басы ашық қалады:
- Полицей З. Близнюктің жабық аккаунтының мазмұнын қалай көрді? Оның жазбасын қандай да бір «заңды мониторинг» кезінде көре алмайды.
Қазақстан Республикасының әкімшілік кодексіндегі тыйымдар мен қуғын-сүргіндер бейбіт жиындар өткізу еркіндігіне қаншалықты сәйкес келеді?
- Атқарушы билік әлі де соғысқа қарсы бейбіт митингілерді өткізуге жол бермеу үшін қандай да бір сылтау тапса, митингілерге күші жойылған «рұқсаттың» қазіргі «мақұлдауынан» қандай айырмашылығы бар?
Үндеуге қол қойғандар:
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қоры
Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюросы
Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры
Ар.Рух.Хақ қоғамдық қоры
Қазақстан жастары Ақпарат қызметі